Арал мен балық ұғымын бөле қарау мүмкін емес. Теңізді өлкенің халқы тағдырын балық шаруашылығымен байланыстырып, табысын да осы бағыттан тапқан. Оған тарихи оқиға мен сала қызметкерлерінің ұзақ жылғы ерен еңбегі себеп болса керек. Арал балықшылары қиын-қыстау заманда аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған адамды ажал аузынан құтқарған ерлігі де ескерусіз қалмағаны анық. Сондықтан соңғы жылдары сала мамандарына құрмет қарқын алып, шаруашылыққа қолдау көбейген. Дегенмен, бүгінгі ахуал көңіл көншіте ме? Аймақтағы балық шаруашылығынң жайы қалай? Аталған сауал – әлі де басы ашық тақырып.

Алдымен деректерге мән берейік. Бүгінде Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді екен. Өткен жылы мұнда 7,7 мың тонна балық ауланып, 4534 тонна өнім өңделген. Қазір аймақта жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Олар балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жұмыстармен айналысады.
Мұндай нәтижеге мемлекет тарапынан жасалған қолдау да дем бергендей. Теңізге дем берген Көкарал бөгетінен бөлек, «Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңiрлiк бағдарламасы» да салаға серпін сыйлады. Онда 2030 жылға дейiн 16 шабақ шарyашылығы, 12 тоған шарyашылығы, 3 тұйық жүйелi сyмен қамтамасыз етy құрылғылары iске қосылуы және көлде таyарлы балық өсiрy шарyашылықтарының саны 55-ке жеткiзy жоспарланған. Өткен жылы 3575,7 тонна балық Ресей, Германия, Грузия, Лита, Польше, Нидерланды, Әзірбайжан, Венгрия, Австрия, Чехия, Франция және Қытай мемлекеттеріне экспортталған. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын 2 есеге арттыру жоспарланып отыр.
Салаға қолдау бары байқалады. Ал жастардың бұл бағытта жұмыс істеуге құлшынысы қалай? Олар балық шаруашылығын болашағы бар сала деп қарай ма? Бұл сұрақтың жауабын «Қамыстыбас балық питомнигі» кәсіпорнының балық өсіруші Адай Ералиұлынан білген едік.
– Салаға жастардың аз келуіне бірнеше себеп бар. Алдымен, балық шаруашылығы саласын ешкім жастарға насихаттамайды. Көп жастар бұл мамандықтың бар екенін де білмейді. Көрмеген, білмеген мамандықты қалай таңдайды? Екіншіден, осы саланы оқытатын колледж жоқ десе де болады. Ал ЖОО көп нәрсе талап ететіндіктен, жастар бара бермейді. Сондықтан қазір жас маман өте аз, – дейді ол.
Расында, жастарсыз балық шаруашылығын өрістету жүзеге аспайтыны анық. Сондықтан саланы тартымды табыс көзіне айналдыру, арнайы бағдарламаны көбейту, білім беру саласындағы жобаларды насихаттау – нәтижеге бастар қадам. Сонда ғана сұранысты қамтамасыз етуге жол ашылып, жастардың балық шаруалылығына бет бұруына мүмкіндік туары белгілі. Бүгінгі міндет пен мақсаттың жүйелі жоспарын құруда осы мәселе қалыс қалмаса игі.
Б.ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!