Осыдан төрт жыл бұрын Сырдария ауданындағы Бесарық ауылына жақын «Сасықкөл» көлін облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жалға алдық. Аумағы 77 гектарды құрайды. Бүгінде оның тыныс-тіршілігін дамытуға шама-шарқымыз келгенше атсалысып келеміз.
Су айдынын таза ұстау, көлді тереңдету, маңайындағы қатты өсімдіктерді шабу, тағысын тағы жұмыстары бар. Қыс мезгілінде мұзды ойып, балықтың қырылмауына жол бермеу де біздің міндетке кіреді. Сондай-ақ жыл сайын күріш егістігінде қалған шабақтарды құтқарып, көлге әкелеміз. Мәселен, биыл 13500-ге жуық шабақ түрі біздің көлге жіберілді. Жалпы, мұнда сазан, дөңмаңдай, ақ амур, қызылқанат, шортан, табан, жыланбас, күміс түстес мөңке, торта, ақмарқа, қылыш балық пен көксерке секілді тұқымдары тіршілік етеді. Жылына көлден негізгі шартпен 886 келі балық аулануы тиіс.
Осы тұста бір мәселенің шеті көрінеді. Көл маңында арнайы қорғау белгісі бар ақпараттық тақтайшалар орнатылады. Десе де, Қытайдың зиянды ау-торын жайып, тоқпен соғып, қап-қап балықты бірден қармап қалуды құп көретіндер азаймай тұр. Табиғат қорғаушылары болса, заңға бағынбағандардың құрал-сайманын тәркілеп, тәртіпке шақыруға тырысып жатыр. Қолға түсіп, айыппұл арқалағандардың да аз еместігін естиміз. Биылдың өзінде облыста 20 қылмыстық іс қозғалған екен.
Айтпағым, бұлай жалғаса берсе, балықтың қарасын көруге зар болып қалар түріміз бар. Бақсақ, балыққа қамқорлық маңызды көрінбеуі мүмкін, алайда ол да табиғат байлығы. Әрі табыс көзі. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, құнарлы өнім. Сондықтан табиғат жанашыры ретінде әрбір адам заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе деймін…
Бақытгүл ПАЗЫЛОВА,
«Жолдасбек» шаруа
қожалығының төрайымы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!