Ел тәуелсіздігін жариялаған тұста тұралап қалған салаларды қалыпқа келтіруге басымдық берілді. Оның ішінде жас мемлекет үшін әлеуметтік- экономикалық саланың орны айрықша. Өйткені экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болсын шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін қуатты, экономика құрылмаса, ең биік құндылықтардың жойылып кету қаупі басым еді. Мұны ескерген Мемлекет басшысы бірнеше реформадан кейін жаңа қаржылық жүйені қалыпқа келтіре бастады. Қысқа мерзім ішінде еліміз тарихи үш міндетті жүзеге асырды: тәуелсіз мемлекет құрды, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті және тоталитаризм құрсауындағы елден тең құқықты демократиялық елге айналды. Мұның барлығы жас мемлекеттің баянды болашаққа деген ұмтылысы еді.
Экономика саласындағы алғашқы реформа 1990 жылдың 7 желтоқсанында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі – жоғарғы деңгейде, ал төменгісінде коммерциялық банктер мен басқа да несие мекемелерінің негізін қалаған «Банктер мен банк қызметі туралы» заң қабылдады. Ал 1991 жылдың 20 маусымында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі мемлекет меншігіне өтіп, Ұлттық мемлекеттік банк атанды. Осыдан-ақ жаңа қабылданған заң елдегі банк санының өсуіне септігін тигізді. Мысалы, 1991 жылы олардың саны 70 болса, келесі жылы 150-ден асты, ал 1993 жылы 230-ға жуықтады. Дегенмен олардың көпшілігі тұтыну мен ипотекалық несиелеу немесе қаржы лизингі сияқты толыққанды қаржы жұмысымен айналыса алмады. Оған сұраныстың аздығы да әсер етті. Себебі, халық арасында несие, ипотека ұғымы таныс емес еді. Одан қалды бастапқыда несие 55-60 пайыздық үстемеақымен берілді. Банк жүйесіндегі осындай олқылықтар мен реформалардың жүйесіздігінен ел экономикасы алға жылжи алмады. Осы тұста еліміздің қаржы жағдайын бағалаған ресейлік «Независимая газета» мынандай болжам жасады: «Қазіргі экономикалық саясат сақталған жағдайда… Қазақстанды таяудағы болашақта гиперинфляция, ұлттық валютаның күйреуі және жалпы қаржылық-экономикалық апат күтіп тұр» деп сынап жатты. Шетелдік сарапшылар да бұл пікірді қостады. Мұндай болжамдарға қарамастан ел экономикасын алға тарту, озық тәжірибелерді қолдануда біліктілік пен білім қажет еді. Мұны ескерген Елбасы ең алдымен Ұлттық банктің мәртебесін көтеріп, ұлттық валюта – теңгені тұрақтандыруға күш салып, қатаң реформаларды жүзеге асырды. Нәтижесінде жаңа банктермен қатар кеңестік дәуірде құрылған банктердің көпшілігі нарықтан ығыса бастады. Оның ішінде сол тұста атағы жер жарған ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын қаржыландыратын «Крамдс-банк» банкротқа ұшырады.
Міне, осылайша елдегі экономика саласы Тәуелсіздік алған тұста дамитынына өзге түгіл өзінің сенуі қиын кезеңді бастан өткерді. Бұл туралы қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел: «Қазақстан Тәуелсіздігіне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл кезең еліміздің нарық экономикасына көшу мерзіміне сәйкес келді. Яғни тоқсаныншы жылдардың басында нарық қатынастарына көшу басталғанда Қазақстанның еншісіндегі экономика «жан тапсыру» алдындағы экономика еді» деп баға берген еді. Осындай қиындықтарға қарамастан ел экономикасы араға жыл салып, түрлі қиындықты еңсерді. Ел билігі халыққа тиімді несиелік бағдарламалар ұсынуға кірісті. Сыртқы саясаттың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде 2002 жылы еуро айналымға енгізілді. Дәл осы жылы қаңтарда «Қазкоммерцбанк», «БанкТұранАлем» және «Халық банк» 30 млн еуро алып келді. Бұл кезде еуро құны Ұлттық банк есебіне сәйкес 150,97 теңгеге, ал доллар 154,10 теңгеге тең болды. Ал екінші деңгейлі банктер ел экономикасын несиелеуді ұлғайтуға күш салды. Пайыздық мөлшерлемелер жылдан-жылға төмендеді. Бүгінде 60 пайыздан басталған үстемақы 7 пайызға дейін төмендеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықты баспанамен қамтуда екінші деңгейлі банктер доллармен несие бере бастады. Банктың мұндай саясатты жүзеге асыруына теңгенің жылдан-жылға құнсыздануы әсер етті. Ал мұндай несие банкке деген сенімі енді қалыптасқан халықтың қалтасына ауыр тиді. Экономика саласы біршама орыныққан кейін Үкімет 2003 жылы шілдеде халықты баспанамен қамтитын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» құрды. Банк атауы айтып тұрғандай, алдын ала жинақтау жүйесіне басымдық берді. Бастапқыда әр тұрғын алатын баспанасының 50 пайызын бастапқы жарна ретінде жинақтап, 8 пайызбен ипотека рәсімдеуге жол ашылды. Баспанамен түрлі сала мамандарын қамту мақсатында жылдан-жылға жаңа бағдарламалар іске қосылды. Мәселен, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» 2 пайызбен несие беріледі. Әскери қызметтегілерге «Әскери баспана», тұрғын үй кезегінде тұрғандарға «Шаңырақ», әйелдерге арналған «Ұмай», «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Жас отбасы» сынды мемлкеттік бағдарламалар қаншама үйсіз жүрген халықты баспанамен қамтылды. «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» 2020 жылы халықты баспанамен қамтитын жалғыз оператор банк ретінде танылып, «Отбасы» банкі болып атауы өзгерді. Атауы өзгерген банктың мақсаты өзгерген жоқ. Себебі, мемлекет басшысы Жолдауында 2030 жылға қарай бір адамға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырған болатын. Мәселен, Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1,1 млн пәтер салынды, яғни жыл сайын 40 мың пәтерден салынған. Қызылорда облысының өзінде соңғы бес жылда тұрғын үй салу қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 815 пәтерлі 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, 755 пәтерлі 68 үй кредиттік тұрғын үй және 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргізілуде. Жыл соңына дейін аймағымызда шамамен 645 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарланған. Осылайша азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табуда.
Егеменді елдің ендігі мақсаты – инфляция деңгейін төмендету. Осы мақсатты жуырда инфлияциялық таргеттеу жүйесі жүзеге асуда. Жаңа жүйе алдағы 2-3 жыл көлемінде жемісін береді деп күтілуде. Сол саясат сәтті жүзеге асатын болса, елімізде Ұлттық банк бекіткен 9 пайыздық базалық мөлшерме де түседі. Базалық мөлшерлеме түскен жағдайда, екінші деңгейлі банктердің де пайыздық мөлшерлемесі азаяды. Сол кезде ғана ел тұрғындары жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Мысалы, базалық мөлшерлеме 5 пайызға түскен жағдайда халық 6-7 пайыздық несие ала алады. Міне, бұл біздің экономика саласын алға жылжыту мақсатындағы игі шаралардың бірі ғана.
Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы қатерлі үш дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Расымен, экономикалық жетістіктерді айтқанда, ондай жетістіктердің де оңай жолмен келмегенін естен шығармау қажет. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды, экономикалық дербестігіміз мәңгілікке айналары сөзсіз.
Банк саласындағы реформалар
24.06.2021
387 0
