Елді мекендерді көгілдір отынмен толық қамту – өзекті мәселелердің бірі саналады. Осыған сәйкес, биыл өңірдегі 12 елді мекеннің тұрғындары табиғи газдың игілігін көрмек. Осылайша облыстағы газдандыру деңгейі 78 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин хабарлады.

– Бүгінде 4 қала және 35 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған. Былтыр облыс бойынша 26 газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде аймақтағы 11 елді мекен көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың табиғи газбен қамту үлесі 75 пайызды құрады. Ал осы жылы 12 елді мекен газдандырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, Сексеуіл, Шижаға, Абай, Төретам, Ақсу, М.Шәменов, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Алматы, Ақтоған, Бестам, Төменарық ауылдары табиғи газбен қамтылады, – деді Медет Усаин.

Брифинг барысында басқарма басшысы өңірдегі жылу беру маусымының тұрақты өту барысына да тоқталып өтті.

– Қазіргі таңда тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындарда 4 мың тонна мазут пен 193 тонна дизель отыны бар. Жалпы облыстағы жылу желілерінің ұзындағы 208 шақырымды құрайды. Өткен жылы республикалық бюджеттен 8 жобаға қаржы бөлініп, 8,7 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Осының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 2,9 пайызға төмендеді. Ал биыл 9,5 шақырым жылу желісін қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 8 жобаның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді Медет Усаин.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!