Арал ауданы­ның, Ақбасты елді­ме­кенінде дертке шипа емдік су бар. ‘”Бурабай” аталатын бұл суды  халық арасында “ыс­тық су” деп те атайды. Жердің ас­тынан шығатын су жылдың төрт мез­гілінде де  40 С температураны бір­қа­лыпты ұстап тұрады.

Бүгінде “Бурабайдың” емдік қасиеті бүкіл аймаққа таныс. Сол үшін адамдар жаз мезгілінде ағылып келеді. Қандыағаш қаласының тұрғыны Жанар Демеуова емдік су жайлы келесідей пікірін айтты:

− Ең бірінші Аллаға сансыз шүкір айтамын. Балам Дәулет екі айынан бастап басына, бетіне жара қаптап ауырды. Қышығанда балапаным жылап, мазасы кететін. Қандыағаш, Ақтөбе қалаларындағы дәрігерлерге апта сайын қаралып, мазь, дәрі жазып береді. Бірақ уақытша нәрсе еді. Кетпей, үсті-үстіне қаптап кететін. Содан қайынжұртыма баламды апарып, емдік суға он күндей қайта-қайта шомылдырып көрдім. Сенесіз бе, сізге өтірік, маған шын баламның жарасы кете бастады. Қуанғанымды көрсеңіз!… Қайта-қайта шомылдырған соң  жарасының ізі де қалмады. Ұлымның осы дертіне Ақбасты елдімекеніндегі “Бурабай” суы көп септігін тигізді. Бұл емдік су жайлы  үлкендерден сұрағанымда тоғыз  дертке  шипасы бар екенін естідім, − дейді үш  баланың анасы.

Расында, жер астынан шыққан ыстық су ем іздеген талай науқасты, әуре-сарсаңға түскен біраз адамды аяққа тұрғызды. Тіпті бұл судың  пайдасын   дәрігерлер де, шипагерлер де мойындап отыр. Буын, асқазан, тері, қан қысымы, аллергия сынды  өзге де ауруларға көмегі тиюде. Үлкендердің   айтуынша судың ағып тұрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған. Аядай ғана  ауылда емдік судың болуы табиғаттың керемет құбылысы тәрізді.

Аружан МИРАМҚЫЗЫ, ҚМУ-дың  студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!