Сырдың суы сирақтан… Сырдың суы тобықтан… Сырдың суы… Танымал тәмсілдің бұрынғыдан біршама өзгергеніне қарап, сирақтан да, тобықтан да түскен су деңгейінің халін ұғынамыз. Дарияның жағасын жайлаған жұрт еккен егінінің нәтижесі мен мал басының амандығы үшін жаз сайын төмендеп кететін су деңгейіне алаңдайды. Себебі өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсе, құрғақшылық жайлап, бақша сусыз, мал жем-шөпсіз қаларын біледі.

Биыл да былтырғы судың жағдайы қайталана ма? Сырдың суы неге азайып кетті? Экологиялық жағынан қандай қорқынышты тұстары бар? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.
Жалпы ұзындығы 2212 шақырым Сырдария трансшекаралық өзені Орталық Азияның төрт мемлекеті – Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан арқылы өтеді. Алайда өзеннің негізгі бөлігі, дәлірек айтқанда, 1627 шақырымы Қазақстан аумағында орналасқан.
Соңғы үш жылда қызылордалықтар Сырдарияның саязданып бара жатқанына алаңдаулы. Жалпы 2020 жылдан бері Арал-Сырдария бассейнінде су деңгейі азаюда. Ал Нарын-Сырдария тізбесінде жиналған судың жалпы көлемі 50 пайыздан аспайды. Облыс өзен суына тәуелді, себебі аймақтың символына айналған басты өнім – күріш егістігі 80 мың гектардан астам аумақты алып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Экологиялық аумаққа жататынымыз рас. Арал теңізі, Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Енді міне, дария да осы қатарға енді. Соңғы екі жылда су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты су тапшылығы орын алып, қаншама шаруашылықтың еккен егіні шығынға ұшырады. Малға жем-суы жетпеді. Осылайша нағыз жұт келгендей күй кештік. Ірі қаралардың қырылғанын әлеуметтік желілерден көрген боларсыз. Сол жылы малынан айырылған аралдықтар топтасып көшуге де шешім қабылдап жатты. Әрине, тек бізде ғана емес, Батыс өңірде, Маңғыстау облысында да мал қырылды. Дегенмен соңғы екі жылдағы дария суының жағдайы осы жылы да не болады, алдымызда не күтіп тұр деп уайымдауға себеп. Малмен, егін өнімдерімен күн көріп отырғандар қаншама», – дейді Мәделхан Сүндетов есімді қазалылық тұрғын.

Ресми деректерге сүйенсек, қуаңшылық республика бойынша қарқын алған 2021 жылы Арал ауданына қарасты сегіз ауылдық мекенде 553 бас, оның ішінде 176 бас ірі қара, 376 жылқы мен бір түйе өлгені тіркелген екен. Әрине, сандарды сөйлетсек, жаға ұстатар жаңалық көп. Дегенмен бір ғана өзен суының бүкіл аумақтың экологиялық, экономикалық әл-ауқатына, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсері барын мойындаған жөн.
Осыдан екі жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған мәселеге қатысты пікір білдірген еді. «Трансшекаралық өзендер, әсіресе, Сырдария, Жайық пен Іле өзендерінің тайыздануы мен экологиялық жағдайының нашарлауы байқалады. Мұның бәрі көбіне көрші елдерден келетін су көлемінің азаюына байланысты, себебі ол елдердің өзінде су тұтыну көлемі артқан», – деді президент. Нәтижесінде 120 каналды қайта жаңғыртуды және 9 жаңа су қоймасының құрылысын жалғастыруды тапсырған. Ал дарияның қазіргі жағдайы қалай?
Бүгінгі күні«Шардара» су қоймасында 5 млрд текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне қарағанда 2023 жылдың вегетация­лық кезеңіне 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгілен­ген, бұл былтырғы жылмен салыстыр­ғанда 200 млн текше метрге артық. Ал Душанбе қаласында өтетін Мемлекет­аралық су шаруашы­лығын үйлестіру комиссия­сының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері кіреді) кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің деңгейіне жасалатын болжамға сәйкес «Шардара» су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді. Биылғы қыс-көктем айларында «Нарын-Сырдария» каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен көлдер жүйелері, шабындықтар суландырылды, Арал теңізінің суы 18,5 млрд текше метрден 20 млрд текше метр астам көбейді. Дегенмен судың қалпын қанша бақылауда ұстағанмен, бір ай не бір аптадан соң құрғақшылықтың қайталанбасына кім кепіл? Мемлекеттер арасындағы мәмілеге, шекаралар арасындағы шектеулерге байланысты Сыр суы тағы да тапшылық етсе, өзен-көлдердің құрғап, ауыл шаруашылығы дақылдары, басты өнім – күріштің өнімділігі азаймақ…

Аралым қайта келсе екен…

Арал теңізінің тартылуы Арал мен Қазалының, жалпы Сыр аймағының немесе тек Қазақстанның ғана емес, адамзаттың мәселесіне айналғалы осы бағытта түрлі жоспарлы шаралар қолға алынып келеді. Аралда 15-17 мамыр аралығында «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі, Халықаралық «Аралды құтқару қоры» дирекциясы және Арал ауданы әкімдігінің қолдауы нәтижесінде «Арал – Еркін экономикалық аймақ» атты халықаралық экономикалық форум ұйымдастырылды. Теңізді өлкенің өткенін ой өрнегінен өткізіп, болашағын бағдарлауға негізделген халықаралық форумда үш күн бойына көптеген өзекті мәселе қозғалды.
Жиынның алғашқы күнінде Арал ауданына қарасты «Аралтұз» өндіріс орнын мемлекет меншігіне қайтару, балық шаруашылы­ғын­дағы күрделі мәселелер, «Қазақстан теміржолы» және денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер әңгіме өзегіне айналды. «Аталған экономикалық форумды өткізудегі басты мақсат – Арал өңірінде еркін экономикалық аймақ құру, экологиялық апат аймағын жасыл экономикалық аймаққа айналдыру. Бұған дейін қоғамдық бірлестік тарапынан 2021 жылы Арал құрылтайын өткізіп, қытайлық химиялық сода зауытын салуға тұрандықтар атынан қарсылық жеткізген болатынбыз. Бұл талабымыз бір жыл бұрынғы «Аралға су келе ме?» және «Экома­рафон-2022» қарарында көрсетілді. Биылғы басқосудың ерекшелігі – Халықаралық Аралды құтқару қорымен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу, толтыру, еркін экономикалық аймаққа айналдырудың тиімді жолдарын қарастыру мен стратегиялық жобаларды іске қосу. Сондықтан биыл ұйымдастырған экономикалық шара Арал өңірін жетекші жасыл экономикалық аймаққа айналдыруға бағытталады», – дейді «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің президенті Нұртуған Тұржанов.
Иә, Аралдың жағдайы айтпаса да түсінікті. Ал экологиялық мәселе ретінде әлем тарапынан назарға алынғанынан қандай пайда бар? Аралдықтардың мәселесі оңынан шешіліп жүр ме? «Негізінен Арал өңірі экологиялық ахуалы ушыққан қасіретті аймаққа айналғаны­на 50-60 жыл болды. Осы уақыт аралығында өңірде жұмыссыз­дық ғана емес, адам тағдырына төнген қауіп артып отыр. Сондықтан да Аралға еркін экономикалық аймақ мәртебесі қажет.
Форумды өткізу арқылы Арал тағдырына биліктің назарын аударып, парламенттік отырыс өткізсек дейміз. Өткен жылы өткізген экомарафонда «Арал-Сырдария» бассейні мәселесін көтерсек, бұл жолы Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қаузап отырмыз. Мәселен, Арал өңірін сақтандыру бағдарламасы жұмыс істеп жатқанымен, әлі күнге нақты нәтиже болмай келеді. Егер Аралға еркін экономикалық аймақ мәртебесін берсе, салықтық жеңілдіктерге қол жеткізіп, кәсіпкерлердің жобаларын жүзеге асыруға жол ашылар еді», – дейді қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Айжарық Ералиев.
Теңізбен бірге бейқам тіршілік кешкен аралдықтардың берекесі де қашқандай. Кәсіпкерге қолдау керек. Экологиясына да, басқасына да қарамай осында қалам, туған жерді түлетем деген тұрғындардың талабы да ескерілу қажет. Сұрақ көп, шешім белгісіз. Тек қана Сырдария мен Арал тағдыры ұқсап кетпесін деген тілек бар…


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!