Осы саланың мамандары жайлы сөз қозғағанда, «қоршаған орта», «таза табиғат» сынды жалпы ұғым ойға оралады. Анығында олардың негізгі міндеті қандай? Экологтардың кәсіби мерекесі қарсаңында осы және өзге де сауалдардың жауабын білу үшін Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Әлішер Әмірбекұлы және экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы Оразғали Нұрғалиұлымен тілдестік.
‒ Әлішер, Оразғали әңгімемізді экология саласына келген сәттеріңізден бастайықшы.. Бұл саланы таңдауға не әсер етті? Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстаудың эколог үшін жауапкершілігі қандай?
Әлішер ШАМЕНОВ:
‒ Адам баласының өмір жолындағы биік мақсаттың бірі жанына жақын мамандықты таңдап, білікті маман атану екені белгілі. Сондықтан “мамандық таңдауда қателеспеу керек” деген қағида жиі айтылады. Ал экология саласы басқа мамандықтарға қарағанда өзгерек. Жалпы жұрт түсіне бермейтін, беймәлім қыр-сыры мол, ерекше ғажап мамандық десем де артық айтқаным емес.
Өткен жылдың маусым айында мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы болып қабылдандым. Биыл департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөліміне бас маман болып ауыстым. Осы уақыт аралығында экологияның ауқымды ғылым екенін түсіндім.
Оразғали МҮТӘЛІПОВ:
‒ Ал мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығында білім алдым. Университет қабырғасында басқа облыс тұрғындарының көзқарасы намысыма тиетін. Әсіресе «Қызылорда ‒ экологиялық жағдайы нашар аймақ» деген пікір жиі айтылатын. Шынымды айтсам, бұл саланы таңдауыма аймақтың экологиялық жағдайы әсер етті. Өзге өңірлерде саяхаттап, пойыз немесе көлікпен келе жатқанда облыстың экологиялық жағдайы мәз емесін аңғару қиын емес. Бұл бағытта жылдар бойы жұмыс атқарылуда, дегенмен оны әрі қарай жақсартуға өзім де үлес қосқым келді.
‒ Қазір эколог ретінде қандай жұмыс атқарып жүрсіздер? Жұмыс барысы жөнінде толығырақ айтып беріңіздерші…
Әлішер ШАМЕНОВ:
‒ Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі қоршаған орта сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және қоғамның тұрақты экологиялық дамуының қолайлы деңгейіне жеткізуді назарда ұстайды. Бұл бөлімде мамандар су көздеріне, атмосфералық ауаға, өнеркәсіптік шығарындыларға, топырақтың құрамына, радиациялық қауіпсіздік және автокөліктен шығатын газдардың шығарындыларына бақылау жүргізеді.
Бөлім ережесіне сәйкес әрбір маман өзіне жүктелген міндетті атқарады. Мысалы, мен атмосфералық ауаға, өнеркәсіптік және автокөліктен шығатын газ шығарындыларына өлшеу жұмыстарын жүргізіп, сынама аламын. Сонымен қатар, табиғат пайдаланушылардың тоқсан сайын тапсыратын өндірістік экологиялық бақылау (ӨЭБ) есептеріне талдау жасау, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерге қатысу – біздің негізгі жұмысымыз.
Оразғали МҮТӘЛІПОВ:
‒ Қазіргі таңда экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы қызметін атқарамын. Жұмыс барысында табиғат пайдаланушылардың ҚР заңнама талаптарын орындалуын қадағалаймыз. Заң негізінде табиғатты қорғау, тал егу, ауа атмосферасындағы ластаушы заттардың деңгейін төмендету мақсатында жұмыстар жүргіземіз.
‒ Жас маман ретінде аймақтың экологиялық ахуалын қалай бағалар едіңіздер? Арал экологиясымен қоса біз қандай мәселеге ден қоюымыз керек?
Әлішер ШАМЕНОВ:
‒ 10 баллдық шкаламен салыстырар болсақ, 8 баллмен бағалар едім. Себебі, осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда экологиялық ахуалдың әлдеқайда оңалғанын байқауға болады. Айталық, Байқоңыр ғарыш айлағында зымырандардың ұшуы азайғанын, өнеркәсіп орындарынан шығатын ластаушы заттар мөлшерінің төмендегенін және қазіргі жас жеткіншектерде экомәдениеттің қалыптасқанын байқауға болады.
Ал, Арал экологиясымен қоса жүретін мәселенің бірі ‒ Қызылорда қаласы және облыс бойынша тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу және қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесі жетілмеген. Республика бойынша күріштің негізгі бөлігі Қызылорда облысында өсіріледі. Облыста күріш өңдейтін 50-ден астам ірі және шағын зауыттар жұмыс істейді, сәйкесінше жыл сайын күріш қабығының біраз көлемі жиналады. Күріш қабығы целлюлоза, кремний және микроэлементтерден тұрады. Күріш қауызы шірімейді және мал азығы үшін жарамсыз. Соның салдарынан қоршаған орта ластануда.
Оразғали МҮТӘЛІПОВ:
‒ Жас маман ретінде аймақтың экологиялық ахуалы бірқалыпты деп ойлаймын. Әрине атқарылған жұмыстың нәтижесінде оң өзгерістерді байқап жүрміз. Жалпы экологиялық жағдайды тұрақтандыруға әрбір тұрғын атсалысу керек деген көзқарастамын. Облыстың жасыл желекке айналуы үшін үлкен еңбек қажет.
Қазір Байқоңыр ғарыш айлағында экологиялық жағдайды жақсартуға арналған жұмыстар жүргізілуде. Бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін тұрғындар әлеуметтік желіде жиі қозғауда. Сондай-ақ аймақта лас суларды тазартатын биологиялық станция жұмысының талапқа сай келмеуі алаңдатады.
‒ Маман ретінде тәжірибені жетілдіру үшін қалай ізденесіздер? Жалпы аймақта жас экологтарға арналған ұйым немесе орта бар ма? Болса қандай шаралар атқаруда?
Әлішер ШАМЕНОВ:
‒ Мамандық бойынша алған біліміңді маман ретінде жұмыс барысында пайдалана білу ‒ үлкен жауапкершілік. Қай салада болсын, жауапкершілікті сезіну, ізденіс, білім талап етіледі. Сондықтан “білгенімнен білерім көп” деген ұстанымдамын.
Осы ретте департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Венера Сабыржанқызының еңбегі ерекше. Ол кісі әрдайым жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ете отырып, жас мамандарды жұмысқа қызықтырып, ақыл-кеңесін үйретуде.
Өңірімізде жас эколог мамандардың қатысуымен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылып келеді. Атап айтсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған “Бірге Таза Қазақстан” акциясының нәтижесінде өңіріміздің экологиялық жағдайы жақсарып, жастардың қоршаған ортаға деген жаңашырлығы арта түсті. Бұл жұмысқа еріктілер де атсалысты. Мұның өзі өңірдегі экологиялық мәдениеттің қалыптасқанын көрсетеді.
Оразғали МҮТӘЛІПОВ:
‒ Осы саладағы әріптестерімнің кеңесін барынша жұмыс барысында қолдануға тырысамын. Қазір әлеуметтік желі көмегімен дамыған мемлекеттердегі зерттеу жұмыстарын бақылауды әдетке айналдырдым. Себебі шетелдегі экологиялық бастамалардың еліміз үшін оң әсері болуы мүмкін.
Облыс аумағында экологиялық бағытта жұмыс істейтін «Эко қамқор Болашақ», «Сыр экологиясы» қоғамдық ұйымдары бар. Осы ұйымдардағы ерікті жастар көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөледі.
‒ Қай саланы алып қарасақ та, әрбір маман өз ісінің шебері болуға талпынады. Ал сіздер мақсат еткен меже қандай?
Әлішер ШАМЕНОВ:
‒ Бүгінде мем­ле­кет­тік саладағы маман­дардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілігі, тәрбиелілігі талап етіледі. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральды жауапкершілікпен қарағанда ғана елдің ертеңі нұрлы болады деп есептеймін.
Менің эколог маман ретіндегі мақсатым ‒ энергияны жаңадан іске қосылған қуат көздері арқылы өндіру, климаттың өзгеруі салдарынан болған зардаптарды жеңілдету, отындарды пайдалану тиімділігі мен ғимараттарға жарық беруші құралдардың энергиялық тиімділігін арттыру.
Оразғали МҮТӘЛІПОВ:
‒ Мен жылдар бойы қалыптасқан экологтар тәжірибесіне сүйене отырып, экологиялық ахуалға салыстырмалы түрде зерттеу жүргізгім келеді. Сонымен қатар дамыған мемлекеттердің тәжірбиесін алып, жалпы жүйеге өзгеріс енгізсем деген жоспарым бар. Әрине жаңалық ашу оңай емес, бірақ мен сол жолда еңбектене беремін. ‒ Сұхбаттасқандарыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!