ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ғалымдармен бірлесіп, қырылған итбалықтардың азу тістерін қарап, зерттеу арқылы бірнеше қорытынды жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрліктің хабарлауынша, олардың неден қырылғанын нақты анықтау мүмкін болмады, өйткені табылған итбалықтардың денесі ыдырап кеткен. «Итбалықтардың жаңа туған ақкүшіктері мұзбен бірге ашық теңізге шыққан немесе олар тікелей теңіздегі суға түсіп, әлсіреп қалған. Өздеріңіз білетіндей, бұл аймақта 2021-2022 жылдың қысы өте жылы болды, бұл мұз құрамына және оның қатты жабынына теріс әсер етті, сәйкесінше тіршілік ету кезінде немесе қатты жел салдарынан мұз бөлінген. Итбалықтар күшіктермен бірге ашық теңізде қалған және бір-бірімен байланыс үзіліп, жаңа туған күшіктер әлсіреп өлген»,- деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бақытжан Исақаев.
Оның айтуынша, итбалық қаңқаларынан механикалық зақымдар, оның ішінде заңсыз аулау құралдарына, торға түскені анықталды. Негізінен бұл торлар бекіре тұқымдас балықтарды аулау үшін қойылады. Кемелердің бұрандаларынан да зақым алуы мүмкін.
«Ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік органдар Қашаған ауданында жүргізіліп жатқан тереңдетілген жұмыстар итбалықтардың тіршілігіне және олардың қырылуына себеп бола алмайды деген қорытындыға келді», – деді ол. Еске сала кетсек, биыл сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінен 94 өлі итбалық табылды. Араға аз уақыт салып, тағы да итбалықтардың өлексесі табылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!