Sputnik. Каспий теңізі тартылып барады. Бұл Қазақстанның биоалуантүрлілігі мен өнеркәсібіне қауіп төндіреді. Табиғи апатқа әкеп соғуы мүмкін проблема туралы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты хабарлады.
Каспий теңізі климаттың өзгеруіне байланысты қауіпті қарқынмен тартылып барады, бұл елеулі экологиялық және экономикалық проблемаларды тудырады.
Лидс университеті доктор Миргалий Баймұқанов, доктор Алтынай Қайдарова және эколог Әсел Тасмағамбетова бірлесіп зерттеу жүргізген. Олардың айтуынша, тіпті су деңгейінің қалыпты төмендеуі Қазақстанның Солтүстік Каспий жағалауына күрт әсер етіп, тіршілік ету ортасының жойылып кетуіне әкеп соғады. Мысалы балық шаруашылығы төмендеп, кеме қатынасы тоқтайды, сондай-ақ халықтың денсаулығына қатер төндіреді.
«Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі өте таяз. 2001 жылдан бастап солтүстік-шығыс жағалау сызығы 50 км-ден астам шегініп, су кеңістігінің мыңдаған шаршы шақырымы құрлыққа айналды. Каспий теңізі деңгейі 5 метр төмендесе, қазақстандық бөлігіндегі экологиялық және биологиялық маңызы бар аумақтар 60%-ке дейін жоғалуы мүмкін. Егер су деңгейі 10 метрге төмендесе, шығын 80%-тен асуы мүмкін. Бұл ең маңызды мекендерге қауіп төндіріп, табиғатты қорғау әрекеттеріне нұқсан келтіреді», – деп жазды зерттеу институты.
Қазақстанның негізгі Каспий порттары және олармен байланысты өнеркәсіп салалары, мысалы Солтүстік бассейндегі Мұнай-Газ объектілері жаңа жағалау сызығынан ондаған, тіпті жүздеген шақырым жерде қалып қою қаупі бар. Бұл инфрақұрылымды ауқымды қайта құруды талап етіп, ел үшін айтарлықтай экономикалық шығынға әкеледі.
Бұл теңіз жануарларының жойылып кетуіне де әкеп соғады. Ал жергілікті халықтың өмір сүру деңгейіне қауіп төндіреді.
«Ақтау порты сияқты ірі тораптардың теңізден алыстап кетуі Қазақстанның экспорттық, импорттық және мұнай тасымалдау қуаты елеулі түрде бұзылуы мүмкін. Теңіз түбі құрғағанда тұзды және өндірістік шаң шығып, басқа құрғақ теңіздердегі сияқты экологиялық апаттарды болдырады», – дейді ғалымдар.
Болашақта биоәртүрлілік пен адамның өркендеуі мен әл-ауқаты арасындағы тепе-теңдікті табу керек. Зерттеушілердің ұсыныстары:
- биоалуантүрлілікті мониторингілеу, сақтауды жоспарлау және орнықты даму үшін өңірлік әлеуетті нығайтуға қаражат инвестициялау;
- су деңгейінің төмендеуіне қарсы тұру және бейімделу үшін экономиканы әртараптандыру (мысалы, экотуризм, жаңартылатын энергия көздері) және инфрақұрылымды жаңарту (мысалы, тұщыландыру қондырғылары) арқылы жағалаудағы қауымдастықтарды қолдау.
Парниктік газдар шығарындысын азайту және одан әрі жылыну салдарын азайту Каспий теңізін тартылудан сақтайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!