Каспий теңізінде су деңгейінің тұрақты төмендеу үрдісі байқалуда. Бұл жағдай экологтарды, ғалымдарды және теңіз жағалауындағы елдердің үкіметтерін алаңдатып отыр. Көпжылдық гидрологиялық бақылау деректері бойынша, 2006 жылдан бері теңіз деңгейі 1,83 метрге төмендеп, акватория аумағы 34 мың шаршы шақырымға қысқарған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров жауап берді.
Каспий деңгейінің болжамы мен динамикасы
«Каспий теңізінің деңгейі мен оның алдағы жылдардағы өзгеру мүмкіндігіне қатысты айтар болсақ, бұл су айдыны үлкен ауытқуларға бейім. Бұл көпжылдық гидрологиялық бақылау арқылы дәлелденіп отыр. 2006 жылдан бері теңіз деңгейі 1,83 метрге төмендеп, оның аумағы 34 мың шаршы шақырымға қысқарған. Бұл құбылыстар жаһандық климаттың өзгеруі мен өңірдегі су шаруашылығы қызметінің ерекшеліктері әсерінен күшейіп отыр», – деді Нұрлан Алдамжаров.
Мониторинг пен ғылыми зерттеулерге кім жауапты
Оның айтуынша, Каспий теңізінің теңіз ортасының жай-күйін, оның ішінде биологиялық әртүрлілікті, ластануды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды зерттеу, мониторинг жүргізу мен экологиялық бағалау жұмысын үйлестіру ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жүктелген.
Атап айтқанда, аталған министрлікке қарасты «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің қазақстандық секторында тұрақты гидрологиялық және экологиялық мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстарға су сапасын, шөгінділер мен атмосфералық ауаны бақылау кіреді.
2024 жылы Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылып, сол жылдың желтоқсанында Экология министрлігінің қарамағына берілді. Институт келесі бағыттар бойынша қолданбалы және іргелі зерттеулермен айналысады:
- гидрологиялық процестер;
- климаттық әсерлер;
- экожүйелердің тозуы;
- каспий итбалығы популяциясын сақтау;
- биологиялық әртүрлілікті қорғау;
- теңіз деңгейін тұрақтандыру.
Каспий маңындағы елдердің бірлескен әрекеті қажет
Ғылыми бағалауларға сүйенсек, Каспий теңізінің деңгейі ары қарай да төмендемеуі үшін су балансының сақталуы қажет, деп атап өтті Нұрлан Алдамжаров. Бұл үшін бүкіл Каспий бассейнін кешенді ғылыми талдау арқылы зерттеу және болжау маңызды.
«Қазақстан Тегеран конвенциясы аясында өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды дәйекті түрде қолдайды және Каспийдің бірегей экожүйесін сақтау мақсатында барлық маңайлас мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажет деп санайды», – деді вице-министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!