Фото: pexels.com
Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізіндегі Қызыл кітапқа енген итбалықтардың жаппай қырылуына су астындағы жер сілкінісі себеп болды деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 1034 итбалықтың өлексесін тапты.
“Балық шаруашылығы комитеті табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкінісі салдарынан табиғи газдар шығарындылары себеп болуы мүмкін деп болжайды. Итбалықтардың өлу себептері туралы түпкілікті тұжырымдар ғылыми ұйымдардың мәліметтері бойынша 3-4 айға созылатын зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін анықталады”, – делінген хабарламада.
Балық инспекциясының мамандары итбалықтардың не себепті қырылғанын анықтау үшін аумақтық сулардың акваториясына тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр. Әзірге ауру туралы ешқандай ақпарат жоқ.
“Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері Астанадағы ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта жұқпалы аурулардың бар-жоғына зерттеу жүргізіліп жатқан патологиялық материалдың сынамаларын іріктеп алды. 2024 жылдың 13 қарашасында пастереллез, құс тұмауы, жыртқыш оба, сальмонеллез және листериозға арналған ПТР әдісімен зерттелген барлық сынамалар теріс нәтиже көрсетті”, – деп мәлімдеді министрлік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!