Каспий теңізінің деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп, тарихи минимумға жетті. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен отырыста Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік деректеріне сүйенсек, Каспий теңізінің деңгейі 1900 жылғы -25,7 метрден 2023 жылы -29,21 метрге дейін түскен. Бұл – соңғы жүзжылдықтағы ең төменгі көрсеткіш. Теңіз деңгейінің мұндай ауытқуы солтүстік-шығыс бөліктегі су айдынының айтарлықтай тартылуына алып келді.

Климаттың жылынуы мен ағын судың азаюы – негізгі себептер

Вице-министрдің айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен:

  • Өзен ағынының азаюы – климаттық және антропогендік ықпалдан;
  • Ауаның жылынуы – соңғы 50 жылда орташа температура әр 10 жылда +0,51°С-қа артқан;
  • Жауын-шашын көлемінің кемуі – 2006 жылдан бері 65 мм-ге азайған;
  • Булану көлемінің көбеюі – булану жылына шамамен 334 текше км құрайды, ал жауын-шашын көлемі 55 текше км ғана.

Осы жағдай Каспий теңізіне құятын су мөлшерінің азаюына әкеліп отыр. Теңізге шамамен 130 өзен құяды, алайда олардың 80%-дан астамы тек Волга арқылы келеді. Жайық өзенінің үлесі бар болғаны 3%.

2023 жылы Волгадан теңізге құйылған су көлемі 207 текше км болды, бұл қажетті деңгейден 60–65 текше км-ке кем.

Қазақстан мен Ресей арасындағы су ынтымақтастығы

Су саясаты мәселесінде Қазақстан мен Ресей 2010 жылғы 7 қыркүйекте қол қойған трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім аясында жұмыс жүргізуде. Бұл келісім бойынша екі елдің бірлескен комиссиясы және өзен бассейндері бойынша 6 жұмыс тобы өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.

Ғылыми бағалау: жағдай нашарлауы мүмкін

Сарапшылар егер қазіргі климаттық үрдістер мен су басқару тәртібі өзгермесе, Каспий деңгейі одан әрі төмендеуі мүмкін деп болжайды. Мұндай жағдайда су мен булану арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты міндетке айналмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!