KAZINFORM – Жақында киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесін Зоология институты дайындағаны мәлім болды. Осы орайда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы мәселеге қатысты түсінік берді.
Қазір киіктердің популяциясын реттеу мәселесі Қазақстан үшін маңызды саналады. Осыған байланысты Зоология институтының ғалымдары жан-жақты зерттеп, биологиялық негіздеме әзірледі. Бұл негіздеме киіктердің экожүйедегі рөлін, олардың популяциялық динамикасын және мекендеу ортасының сыйымдылығын ескере отырып жасалған. Жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелеріне сәйкес, Бетпақдала және Орал киіктер таралымдарындағы популяция тығыздығын оңтайландыру мақсатында реттеу шараларын қолдану қажеттілігі туындады. Атап айтқанда, аталған таралымдардағы киіктердің жалпы санының 20 пайызын алуға (аулауға) ұсыныс берілді, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Мамандардың пайыманша, бұл ұсыныс киіктердің генетикалық әртүрлілігін сақтауға, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.
Бұл тұрғыда киіктердің саны ату немесе торға түсіру арқылы реттеледі. .
Киіктердің санын реттеу мақсатында жүргізілетін шаралар «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ға жүктеледі. Бұл мемлекеттік мекеме киіктерді аулау жұмыстарын ұйымдастыруға және жүзеге асыруға жауапты болады. Аталған жұмыстарды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өздігінен жүргізумен қатар, ынталы жеке немесе заңды тұлғалар өкілдерін тарта отырып орындайды, – деп аталып өткен ведомство ақпаратында. https://kaz.inform.kz/news/kik-aulau-kmderge-ruksat-etlmek-285c2b/
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!