Фото: egemen.kz
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің киік санын реттеумен байланысты бұйрық жобасы жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл құжат арқылы санын реттеуге жататын жануарлардың түрлерін алып қоюға рұқсат беру қағидаларына өзгеріс енгізу көзделген.
Бұйрық жобасы саны реттелетін жануар түрін алып қоюға мемлекеттен рұқсат алу үшін жазылатын өтінім үлгісіне және сол өтінім негізінде рұқсат беру құжатының үлгісіне өзгеріс енгізуге арналған.
«Жануарлар санын реттеу учаскесінің ауданы және шекарасы» деген тармақтың аяғына «(ақбөкеннің санын реттеуді қоспағанда)» дейтін қосымша тіркес енгізілмек.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары бұл өзгеріс киік санын реттеу саясатындағы соңғы өзгерістермен байланысты ұсынылып отырғанын айтады.
Бұйрықтағы өзгеріс киік атуға рұқсатты шектегенімен тыйым салу болып есептелмейді.
«Ақбөкендер саны реттеуге жататын жануарлардың түріне жатқызылғанын білесіздер. Бірақ соңғы кезде осы мәселенің айналасындағы ұстанымдар қайта қаралып жатыр. Осыған байланысты саны реттелетін жануарлардың ішінде киік атуға рұқсат берілмейді. Бірақ бұл толықтай тыйым салу деген сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты шешім шыққаннан кейін барып киік атуға толық тыйым салынуы да мүмкін», – дейді комитеттің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық басқармасының бас сарапшысы Олжабек Холов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!