«Табиғат – тал бесігіміз» деп тамсанып жүргенде, аялаудың орнына аяушылықпен қарап жүрген жайымыз бар. Табиғаттың тамырына балта шапқаннан кейін, ойға батудың қажеті бар ма өзі?! Жасыл-желектің аздығын айтып, жазда жағалайтын көлеңке таппайтынымызды былай қойғанда, сайын далада жүрген жан-жануарларды жүгенсіздікпен жою дұрыс емес. Жайылымдық жерді жайратып кетті деп киіктің көзін құрту құптайтын іс емес. Егіс алқабын кезгендігін меңзеп, оқпен ойсырату орынсыз. Сонда киіктің киесі қайда қалды? Әлде шаруаға кедергінің бәрін таптап өту қалыпты болғаны ма?

Бұрыннан ел арасында «киікті атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды» деген сөз жиі айтылған. Бірақ, бүгінгінің ісіне қарап тыйымға тыйылып жүрген адам бірен-саран ғана деген ойға келесің. Мейлі шаруашылықтың ілгері жылжуына ақбөкендер бөгет болды дейік. Дей тұрғанмен, обал мен сауапты арқалайтын кім бар? Елестетіп көріңізші. Жазық даладағы жазықсыз жануарды қаруын асынып асыға жеткендер шекеден шертіп атқандағы көрініс қандай ауыр. Жанайқайын жан дауысымен шығармаса да, киіктер мұңы көзінен байқалады. Тіпті киелі киікті пайданың икеміне келтіріп жатқандар аз емес. Аң аулаудың айла-амалын меңгергендер киікті атып түсіріп, мүйізін қақшып алуға да қымсынбайтын көрінеді. Өйткені құнды дүние қымбатқа түсіп, көл-көсір байлыққа кенелтетін көрінеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, ақшаға құнығудың соңы киіктің мүйізімен қоса тұяғын таласа алып, жарамсызын лақтырып кете барады. Қысқасы, табиғатқа тат түсірмейтіндей жанашырлықтың жоқтығы қынжылтады. Әйтпесе, сайын даладағы жануарлар табиғаттың сәнін келтіріп, тіршіліктің барынан хабар беретін жаратылыс бөлігі ғой.
Толғантқан түйткіл бүгін ғана емес, бұрыннан қозғалып-ақ жатыр. Жануарды жөнсіз аулағанға айыппұл салу туралы да талай талқыланған болатын. Бірақ, қылмысын жасырып, ізін суытып үлгеретін айласын артылмайтынды қолға түсіру қиын. Тіпті құқық қорғаушылармен біріге ауыз жаласып, қылмыстың қарқынын үдетіп, мүйізді майшелпекке айналдырғандар да табылған. Әйтеуір, киіктің көбейгеніне шаруалар шағым айтады. Келесі тарап аулау мен атудың амалынсыз қордаланған мәселенің жүйелі жолын іздеп әлек. Сондықтан болар, әзірге атып-атпау туралы нақты шешім шыққан жоқ. Дегенмен, аталған жануарды асырап, етін консервілеу туралы жаңалық желдей ескен болатын.
Өткен жылы эколог Сәкен Ділдахмет киік санын реттеу жоспарын қолдайтынын айтқан. Маманның ойынша, киік атуға мораторийді 2025 жылға дейін созған жөн. Киік саны 2-3 миллионнан асқанда реттеу жайын қозғай беруге болады-мыс.
– Экология министрлігі киік атудың себебін шаруалардың шағымымен байланыстырды. Бірақ бұл салдары. 2015 жылы киік жаппай қырылған кезде популяция күрт төмендеді. Бөкендерді қорғаудың арқасында жыл сайынғы өсімді 40-50 пайызға жеткіздік. Сол кезден бері киік саны өсіп жатқанда Үкімет «егер 1 миллионнан асатын болса не істейміз?» деп сұрақ қоюы керек еді. Осындай мәселелер туындауы мүмкін деген болжам болуы қажет еді. Алдын ала еш жоспар болмады. Әкімдіктер ауыл шаруашылық жерлерін бейберекет тарата берді. Ақыры киіктердің жайылымы тарылды, – дейді ол. Маманның сөзінше, биыл 80 мың киік ататын болса, шаруалардың мәселесі шешілмейді. Ақыры билік келер жылы бұдан да көбін қыруға мәжбүр болмақ. Төртіншіден, эколог біраз өңірді аралағанда егіндіктің көбі сонша, киік түгілі мал жайылатын жер жоғын көрген. Содан кейін киіктер амалсыз шаруалардың жеріне түсетінін айтады.
– 80 мың киікті атқан күннің өзінде ет комбинаттарының өңдеуге күш-қуаты жете ме? Етті халықаралық нарыққа шығаратын болсақ, СИТЕС конвенциясы барын ұмытпайық. Сирек және құрып кету қаупі бар жануарлардың тасымалын реттейтін жүйе. Ол жерде арнайы нөлдік лимит бекітілген, олар рұқсат бермесе, біз киік етін жайдан жай сата алмаймыз. Сол үшін сыртқа тасымалдар алдында осы мәселені реттеп, лимит бекіту қажет. Тағы бір сауал – киік мүйізінен не дәрі жасалады, қандай ауруларға ем? Соны зерттеп, фармацевти­калық нарықты дамытуға болады. Сонымен, мораторий біткенде киік аңшылық түрге ауысып кетеді. Оған да лимит бекітілу керек. Бәрі арнайы мекемемен реттелуі тиіс. Мұның бәріне әзірлік жоқ. Сондықтан мораторийді 2025 жылға ұзарту қажет. Егер барлық мәселені реттеп қойсақ, киік санын реттеуге қарсы болмас едім, – деді эколог. Оның айтуынша, негізі процестер табиғи жолмен реттелуі қажет. Бірақ экологиялық ахуалдың күрделенгені сонша, жануар санын реттеуге атсалысатын қасқырлар тым азайып кеткен. Кейбір өңірлерде мүлде жоқ. Ақыры табиғи процестерді адам қолымен реттеуге мәжбүр болыппыз.
Киік етін консервілеуге қатысты пікірдің бәрі оң емес.

  • Киікке қатысты сөзімізді сабақтасақ, министрлік киікті өлтіруге рұқсат берген еді. Бұл есерсоқтық деп қабылдауға болады. Киік – асыл тұқымды жануар. Оның киесі мен қасиетін естен шығармаған жөн. Сол себепті қазақ халқы бұған дейін киіктің етін жемей тіршілік етсе, әрі қарай да өмір сүре алады, – деді қала тұрғыны А.Камалов.
    Түйіндей келе, жаратылысты жаншып, кедергі деп күйіне беру құбылған күйді реттей қоймас. Азық қылуды, яки аулаудың ғана жолын қарастырмай, арба сынбайтындай, өгіз өлмейтіндей етіп оңды шешім қабылдаған ләзім. Әйтпесе, қолымыздағыны құрдымға жіберіп, табиғаттың берер тосын сыйынан мақұрым қалармыз…

Замира АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!