Көктем шығып, Жер-Ананың бауыры жіби бастағанда дала еңбеккерлерінің жұмысы қыза түседі. Таң қылаң бере тірлікке шығып, күн ұясына батқанда бір-ақ дамылдайды. Бүгінде облыстағы ірілі-ұсақты шаруашылықтар бойынша 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжанған. Оның ішінде: дәндi дақылдар – 96,4 мың га, майлы дақылдар – 5,7 мың га, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың га, қант қызылшасы 7 га, картоп, көкөнiс, бақша – 19,8 мың гектар болады деп жоспарланған. Ал негізгі дақыл Сыр салысы – күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды.

Мәселен, Жалағаш ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Таң-ЛТД» ЖШС. Серіктестік биылғы науқанға толық дайын. Бес қаруын асынып, еңбек майданына аттанған батырдай барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде. Бүгінде тыңайтқыштар мен тұқымдар дайын. Жер айдау жұмыстары да басталған. Әртараптандыруды қолға алған шаруашылықта 125 адам жұмыс істейді. Олардың айлық жалақысы 100-120 мың теңгеден 200-250 мың теңгеге дейінгі аралықта.
– Біз жалақыны көтердік. Мысалы, бір сушы 35 гектар жерге егін егіп, дақылды күтіп-баптаса оған 170 мың теңге көлемінде жалақы жазылады. Ауыл халқының басым көпшілігі осында жұмыс істейді. Елдегі негізгі жұмыс көзі – шаруашылық. Әртараптандыру бағытында да ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар. Осы ретте айта кетейік, 400 гектар жаңа жоңышқа мен 200 гектар жаздық бидай ектік. Оған қоса 15 гектар жерге маусымдық бақша өнімдерін егеміз, – дейді серіктестік агрономы Нұржан Шағыртаев.
Бүгінде мемлекеттік деңгейде шаруаларға қолдау жеткілікті. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,8 мың га күздік бидай егуді және 41,2 мың га сүдігер айдауды қамтама­сыз етті. Өткен жылмен салыстыр­ғанда жалпы егіс көлемін 7,0 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемдерін 222 гектарға ұлғайту межеленуде. Вегетация кезеңіне cу лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемдері қайта нақтыланатын болады. Ал бұл ретте серіктестік басшылығы да қам жасап, межелі мақсаттарына қадам басқан.
– Қазақ «Адамның дегені болмайды, Құдайдың дегені болады» дейді ғой. Су көлемін нақтылап болжау қиын. Бірақ, жағдайға қарай әрекет етеміз. Қазіргі ақпараттарды алып отырмыз, біздегі су қоймаларында қажетті су көлемі жеткілікті деп отыр мамандар. Жалпы алғанда қазір қолы қимылдаған жанның аузы да жыбырлайды. Бастысы, еңбек ету керек. Қиындықтан қашпай, тер төге білген адамның еңбегі қай кезде де ақталады. Оны өмір дәлелдеген, – дейді агроном.
Әлбетте, егін мәселесінде су көлемі баса маңызға ие. Осы ретте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаевпен пікірлескен едік.
– Сырдария өзеніндегі судың жағдайына келетін болсақ, бүгінгі күнге «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 260 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 5,0 млрд текше метрді құрайды. Оның Сырдария өзенінің төменгі ағысына 100 текше метрі жіберілуде. «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемін қосқанда, бүгінгі күнге Шарадарамен Көксарайда 6,9 млрд текше метр жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Дегенмен, жоғарыдан келетін су көлемінің жаз айларында төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан, судың есебін қатаң жүргізіп, үнемдемесе болмайды, – дейді Қайратбек Әубәкірұлы.
Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілді. Осыған сәйкес, бүгінгі таңда 5 252 жергілікті тұрғындарға егін егуге берілетін барлығы 3203,4 гектар егістік жерлер нақтыланды. Осы нақтыланған егістік жерлерге егін егуге ынта білдірген облыстың 137 кент және ауылдық елді мекендерде тұратын 4619 отбасыларының тізімдері жасалынып, қазіргі таңда егісті суаруға насос қондырғылары, тұқымдар, егістікті қоршау, тұрғындарды егіс басына тасымалды ұйымдастыру жұмыстарының шығындары есептелуде.
Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілді. Құйылған 21,6 мың тонна күріш тұқымының бүгінгі таңда 20,4 мың тоннасы тазаланды. Егінге қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 54,1 мың тоннасы, 80,7 мың литр гербицидтердің 8,9 мың литрі сатып алынды. Көктемгі егіс егу науқанына қатысатын барлығы 3979 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары толық жөндеуден өткізілді.
Биылғы көктемгі дала және егіс жұмыстарын жүргізуге барлығы 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, оның ақпан айына бөлінген 7,5 мың тоннасына жергілікті операторлар арқылы қаржысы төленіп, 7,3 мың тоннасы облысқа жеткізілген. Бүгінгі таңда оның 2,8 мың тоннасы шаруашылықтарға 1 литрі 212 теңгеден таратылуда. Сонымен қатар, наурыз айына бөлінген 1,1 мың тонна дизель отыны көлеміне бүгінге дейін операторлар тарапынан толықтай келісім-шарт жасалып, қаржысы аударылып, оның 1,0 мың тоннасы зауыттан тиеліп облысқа жеткізілді.
– Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, 4000-ға жуық ауыл шаруашылығы техникаларымен және көктемгі егіс егу және дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген, – деді басшы орынбасары.
Егін 10 наурыздан басталды. Бүгінгі күнге облыста барлығы 16,8 мың гектарға ерте егілетін дақылдар егіліп (3,3 мың гектар жаздық бидай, 1,8 мың гектар мақсары, 11,7 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары), 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,8 мың гектар күздік бидай күтімге алынды. Негізгі дақыл күріш егу жұмыстары ағымдағы жылы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады.
Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген диқандар қауымының адал еңбегі ақталса дейміз. Жер-Анадан несібесін терген ағеден елдің ырзық-несібесі мол болғай!

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!