Ортағасырлық Қышқала қаласы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылына жақын жерде, Томарөткелге іргелес орналасқан. Қышқалада 2018 жылдан бастап бүгінге дейін Тұран археологиялық экспедициясы жетекшісі т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов кең көлемде, іргелі археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл қалада 2018 жылы – медресе және кесене; 2019 жылы – кірпіш күйдіретін пеш және қарапайым жерлеу орны; 2020 жылы 2 тұрғын үй кешені және мұнаралы кесененің орындары ашылып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері жыл соңында ғылыми есеп болып, құзырлы мекемелерге табысталып жүр. Көп жылдардан бері жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындыларында ғалымдар ортағасырлық Қышқала қаласын Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіші деген ортақ пікірге келген. Сонымен 2021 жылдың 1 маусымында басталған жаңа ғылыми зерттеулердің барысы мен қарқынына, Ортағасырлық Қышқала қаласының бүгіні мен болашағына тоқталсақ.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған AP09260898 «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент): Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жобасы аясында бірінші кезекте Сырдарияның төменгі ағысындағы ескерткіштерге барлау жұмыстарын жүргізумен басталды. Жоба жетекшісі, т.ғ.д., профессор М. Елеуовтың басшылығымен, ғылыми қызметкерлер т.ғ.к Д.Талеевтің, докторант С.Есен, докторант А.Молдахмет белгіленген күнтізбелік жоспарға сәйкес Сырдарияның төменгі ағысында (Іңкәрдария және Жаңадария бойында) орналасқан ескерткіштерді есепке алды.
Барлаудың бірінші кезеңінде, Іңкәрдария бойында орналасқан ескерткіштерді http://www.etomesto.ru/ порталы, Google Earth спутниктік программасы арқылы жүретін жолдардың маршрутын белгілеп алды. Экспедициясының жүргізген зерттеулерін негізге ала отырып: Сырлытам кесенесі және қаласы, Заңғарқала қаласы, Сайқұдық қаласында болып, оларды әуеден және жерден суретке түсіріп, ескерткіштердің қазіргі және бұрынғы кездегі жобаларын салыстырып, өзгеріске ұшырағанын байқап, бұрын белгісіз ескеркіштер есепке алынды. Барлау нәтижесінде Алтын Орда дәуіріне тән ескерткіштерді сандық жүйемен қала 1,2,3,4 және координаттарын Gps құралымен белгілеп, квадрокоптер мен әуеден және жерден суреттері, жобалары түсірілді.
Барлаудың екінші кезеңі, Жаңадария бойында орналасқан ескерткіштерді іздеумен басталды. Экспедициялық топ барлау жұмыстары барысында бұрын белгісіз Тастөбе 1,2, Қорғаншы, Мыңшоқы ескерткіштерін есепке алып, координаттарын Gps құралымен белгілеп, квадрокоптер мен әуеден және жерден суреттері, жобалары түсіріледі. Барлау нәтижесінде Мыңшоқы ескерткішіне шуруф салу арқылы Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіші екені анықталды.
2018 жылы ашыла бастаған, «Қазба 1» деп белгілеген құрылыс алаңында зерттеу жұмыстары жалғасты. Қышқаланың шаруашылық аймағының солтүстік-батыс шетінен салынған, көлемі 12х12 м қазба барысында қыштан тұрғызылған құрылыс нысаны ашыла бастаған болатын. Құрылыстың архитектуралық ерекшелігі мен қазба алаңынан табылған қыш қаптамаларының салыстырмалы сипатына қарай кесене болуы мүмкін деген жорамал жасалған. 2020 жылғы зерттеу барысында қазбаны жалғастыру арқылы құрылыстың көлемі мен функционалдық қызметін нақтылау мақсаты қойылып, осы бағытта қазбаның оңтүстік-шығыс жағы 17х15 м көлемде кеңейтілді. Қазба беті қалыңдығы 0,4 – 1,8 м болатын сынық қыш кесек пен бос топырақтан тазартылды. 2021 жылы осы нысандағы зерттеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды. Нысандағы қазба жұмыстары оңтүстік-шығысқа қарай кеңейтіліп, нәтижесінде кесектен өрілген құрылыс қалдықтарының орны анықтала бастады. Осы құрылыс қалдықтарын тазарту барысында шашылған мал сүйектері (қой, жылқы) кездесті. Сүйектер жинап алынып, далалық камералық өңдеуден өткізіліп, лабораториялық зерттеулер үшін жинақталды. Қазба 1-дің оңтүстік-шығысынан жерлеу шұңқырының орны анықталды. Жерлеу шұңқырында жұптасқан екі адамның сүйегі ашылды. Экспедициялық топ жерлеу шұңқырынан кездескен адам сүйектерін алып, арнайы жәшіктерге салып, лаборатариялық анализдерге жіберді.
Қазіргі таңда Қышқала қаласында Қазба 8, Қазба 9, Қазба 10 деп аталатын нысандарда археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Архад МОЛДАХМЕТ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доктаранты
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!