Ортағасырлық Қышқала қаласы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл  ауылына  жақын жерде, Томарөткелге іргелес орналасқан. Қышқалада 2018 жылдан бастап бүгінге дейін Тұран археологиялық экспедициясы жетекшісі т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов кең көлемде, іргелі археологиялық зерттеу жұмыстарын жүр­гізуде. Бұл қалада 2018 жылы – медресе және кесене; 2019 жы­лы – кірпіш күйдіретін пеш және қарапайым жер­леу орны; 2020 жы­лы 2 тұрғын үй кеше­ні және мұнаралы ке­се­ненің орындары ашы­лып, атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижелері жыл соңында ғылы­ми есеп болып, құзыр­лы мекемелерге та­быс­талып жүр. Көп жыл­дар­дан бері жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындыларында ғалымдар ортағасыр­лық Қышқала қаласын Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіші деген ортақ пікірге келген. Сонымен 2021 жылдың 1 маусымында басталған жаңа ғылыми зерттеулердің барысы мен қарқынына, Ортағасырлық Қышқала қаласының бүгіні мен болашағына тоқталсақ.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министр­лігінің гранттық қаржыландыруы бойынша 2021-2023 жыл­дарға арналған AP09260898 «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент): Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жобасы аясында бірінші кезекте Сырдарияның төменгі ағысындағы ескерткіштерге барлау жұмыстарын  жүргізумен басталды. Жоба жетекшісі, т.ғ.д., профессор М. Елеуовтың басшылығымен, ғылыми қыз­мет­керлер т.ғ.к Д.Талеевтің, докторант С.Есен, докторант А.Молдахмет белгіленген күнтізбелік жоспарға сәйкес Сырдарияның төменгі ағысында (Іңкәрдария және Жаңа­дария бойында) орналасқан ескерткіштерді есепке алды.

Барлаудың бірінші кезеңінде, Іңкәрдария бойында орна­ласқан ескерткіштерді http://www.etomesto.ru/ порталы,  Google Earth спутниктік программасы арқылы жүретін жол­дардың маршрутын белгілеп алды. Экспедициясының жүр­гізген зерттеулерін негізге ала отырып: Сырлытам кесенесі және қаласы, Заңғарқала қаласы, Сайқұдық қаласында болып, оларды әуеден және жерден суретке түсіріп, ес­керт­кіштердің қазіргі және бұрынғы кездегі жобаларын салыс­тырып, өзгеріске ұшырағанын байқап, бұрын белгісіз ескеркіштер есепке алынды. Барлау нәтижесінде Алтын Орда дәуіріне тән ескерткіштерді сандық жүйемен қала 1,2,3,4 және координаттарын Gps құралымен белгілеп, квадро­коптер мен әуеден және жерден суреттері, жобалары түсірілді.

Барлаудың екінші кезеңі, Жаңадария бойында орналасқан ескерткіштерді іздеумен басталды. Экспедициялық топ барлау жұмыстары барысында бұрын белгісіз Тастөбе 1,2, Қорғаншы, Мыңшоқы ес­керткіштерін есепке алып, координаттарын Gps құралымен белгілеп, ква­дро­коптер мен әуеден және жерден суреттері, жобалары түсіріледі.  Бар­лау нәтижесінде Мың­шоқ­ы ескерткішіне шуруф са­лу арқылы Ал­тын Ор­да дәуірінің эталон­ды ес­керт­кіші екені анық­талды.

2018 жылы ашыла бас­таған, «Қазба 1» деп белгілеген құры­лыс алаңында зерт­теу жұмыстары жалғас­ты. Қышқаланың шаруашы­лық аймағының  солтүс­тік-батыс шетінен са­лын­­ған, көлемі 12х12 м қаз­ба барысында қыштан тұр­ғы­зылған құрылыс нысаны ашыла бастаған болатын. Құрылыстың архитектуралық ерекшелігі мен қазба алаңынан табылған қыш қаптамаларының салыстырмалы сипатына қарай кесене болуы мүмкін деген жорамал жа­салған. 2020 жылғы зерттеу барысында қазбаны жалғастыру арқылы құрылыстың көлемі мен функционалдық қызметін нақтылау мақсаты қойылып, осы бағытта қазбаның оңтүстік-шығыс жағы 17х15 м көлемде кеңейтілді. Қазба беті қалыңдығы 0,4 – 1,8 м болатын сынық қыш кесек пен бос топырақтан тазартылды. 2021  жылы осы нысандағы зерттеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды. Нысандағы қазба жұмыстары оңтүстік-шығысқа қарай кеңейтіліп, нәтижесінде кесектен өрілген құрылыс қалдықтарының орны анықтала бастады. Осы құрылыс қалдықтарын тазарту барысында шашылған мал сүйектері (қой, жылқы) кездесті. Сүйектер жинап алынып, далалық камералық өңдеуден өткізіліп, лабораториялық зерттеулер үшін жинақталды. Қазба 1-дің оңтүстік-шығысынан жерлеу шұңқырының орны анықталды. Жерлеу шұңқырында жұптасқан екі адамның сүйегі ашылды. Экспедициялық топ жерлеу шұңқырынан кездескен адам сүйектерін алып, арнайы жәшіктерге салып, лаборатариялық анализдерге жіберді.

Қазіргі таңда Қышқала қаласында Қазба 8, Қазба 9, Қазба 10 деп аталатын нысандарда археологиялық зерттеу жұмыс­тары жалғасуда.

Архад МОЛДАХМЕТ,  

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доктаранты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!