фото: baq.kz
Қазақстанда “Таза Қазақстан” акциясы аясында пластикпен жұмыс істейтін жаңа экожоба басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Тұрақты даму мен айналмалы экономика қағидаттарына негізделген бастама ел болашағы үшін маңызды қадам болмақ.
Қазақстанда экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму идеяларын ілгерілетуді мақсат еткен жаңа экологиялық жоба – “Smart Plastic Zone” іске қосылды. Бұл бастама елдегі пластикпен жұмыс істеудің мәдениетін өзгертіп, бизнес пен қарапайым халықты экологиялық санаға бейімдеуге бағытталған.
Жобаны“Кока-Кола Қазақстан» ЖШС қолдауымен жұмыс істейтін GPI-Lab компаниясы мен Green Urban қауымдастығы құрған. Олар ел ішінде айналмалы экономиканы дамытуға, яғни қалдықтарды қайта қолданып, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жүйе құруға ниетті.
Жобаның басты мақсаты – қоғам мен бизнесті пластикпен жұмыс істеудің тұрақты әдістеріне көшіру. Сонымен қатар бұл жоба ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) қағидаттарын ілгерілетуді көздейді. Яғни кез келген адам немесе компания өз іс-әрекеті арқылы қоршаған ортаға келетін зиянды азайтып, таза болашақ үшін жұмыс істей алады.
Қалай қатысуға болады?
Жоба аясында кәсіпкерлер мен компаниялар өздерінің экологиялық жауапкершілігін дәлелдеп, екі түрлі номинацияның біріне үміткер бола алады:
• Smart Plastic Zone (Silver) – пластикті тиімді пайдалануға алғашқы қадам жасағандар үшін;
• Smart Plastic Zone (Gold) – өз қызметіне тұрақты экологиялық тәжірибе енгізген көшбасшылар үшін.
Қатысу үшін GPI.kz сайты арқылы өтініш беріп, компанияңыздың экологиялық әрекетін дәлелдейтін құжаттарды тіркеу қажет. Тексеруден өткен үміткерлерге «Smart Plastic Zone» арнайы белгісі беріледі. Бұл – экологиялық жауапкершілікті мойнына алған бизнес өкілдерінің беделін арттыратын ресми тану белгісі.
Бұл халық пен бизнеске не береді?
“Smart Plastic Zone” жобасы тек табиғатты қорғаумен шектелмейді. Бұл бастама:
• Экологиялық саналы тұтынушылар алдында бизнестің беделін арттырады;
• Қарапайым тұрғындарға өзінің «пластикалық ізін» азайтып, экологиялық мәдениетті өмір салтына айналдыруға мүмкіндік береді;
• Қоғамды қоршаған ортаға зиянсыз баламаларды таңдауға баулиды.
Жоба қай өңірлерде іске асады?
2025 жылға дейін Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында пилоттық кезең өтеді. Егер бұл кезең сәтті жүзеге асса, жоба біртіндеп бүкіл Қазақстан аумағына таралады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама елімізде жауапты тұтыну мен өндіріске негізделген экожүйе қалыптастыруға жол ашады. Болашақта әрбір азамат пен әрбір кәсіпорын экологиялық таңдау жасауды күнделікті әдетіне айналдыруы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!