Қыс мезгілінде облыстағы су айдындарында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған абзал. Десе де, тұрғындардың қауіпсіздік шараларына мән бермей, салғырттық танытуының салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатады.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнделікті адам көп шоғырланатын орындарда дауыс ұлғайтқыштар арқылы және балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар іліп,түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов хабарлады.

– Жыл басынан бері аймақтағы су айдындарында балық аулау кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу және мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтау бойынша 114 рейд ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларда барлығы 4352 дана жадынама таратылды. Облыс бойынша 825 қызметкер, 17 ерікті профилактикалық жұмыстарға жұмылдырылып, 4280 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, белгіленбеген аумақта суға түсуге рұқсат берілмейді. Осыған байланысты тұрғындардан ережелерді ұдайы естен шығармауға шақырамыз, – деді Жандос Жүгінісов.

Брифинг барысында қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі туралы да айтылды. Жауаптылардың айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторларында орын алады. Осыған байланысты төтеншеліктер жылу беру маусымындағы электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті.

Қауіпсіздік ережелерін есте сақтау маңызды

– Жылу беру маусымы басталғалы облыс көлемінде 63 000-нан астам тұрғын үй ауласы араланды. Сондай-ақ, тұрғындармен 230 рет кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар белсенді түрде ұдайы ұйымдастырылады, – деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!