Еліміз соңғы 25 жылда қазақ сахарасының сәні ақбөкенді қорғауға бар күшін салғанын білеміз. Бүгінде киік санын реттеу жұмысы әлі де жүріп жатыр. Әлеуметтік желіде киіктерді мотоциклмен қуып жүріп бауыздау және олардың өлекселерінің видеолары таралуда. Бұл қоғамда табиғатқа бей-жай қарамайтын азаматтардың ызасын тудырғаны рас. Киіктің популяциясы соңғы жылдары қиын кезеңдерді бастан өткеруде, сондықтан бұл мәселе әрі экологиялық, әрі заңды тұрғыдан өзекті болып отыр. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мән-жайды анықтап, сарапшыларды сөзге тартқан еді.
Министрдің мәлімдемесі
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда киіктерді ату мәселесі бойынша ғалымдармен кеңес жүргізілуде. Шетелдік мамандармен де көп жылдан бері бірлескен жұмыс атқарылып келеді. Ғалымдар осы мамандармен бірлесіп, бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп жатыр.
Министрдің сөзінше, жақын күндері нақты қорытынды ұсынылмақ. Сондай-ақ министр киіктерді ату мәселесінен толық бас тартқан жоқпыз деді. Қазіргі уақытта еліміздегі киіктердің саны шамамен 4 миллионға жеткен.
Өлексеге қатысты комитет жауабы
Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті түсінік берді. Комитеттің ақпаратына сүйенсек, желіде Қарағанды мен Ұлытау облыстарында қыс кезінде киіктердің өлекселерінің көптеп табылғаны туралы жазбалар таралуда. Бұл жағдай басқа да бірнеше аймақтарда байқалған. Негізінен Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы табиғи мекендерде кездескен.
Киіктердің биологиясын ескере отырып, бұл табиғи жағдай деп айтуға болады. Алгоритм бойынша киіктердің өлекселері ветеринариялық заңдарға сәйкес жойылады. Бұл жұмыс орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері, әкімдіктер, ветеринарлық қызметтер, полиция мен төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп атқарылады. Жалпы 150-ден астам маман және 51 техника тартылған. Биылғы жылдың басынан бастап 5,2 мыңнан астам өлексе жойылды. Қазақстанның шөлді мен жартылай шөлді аумақтарында мұндай табиғи құбылыстар жиі байқалады, сәйкесінше бұл кейбір әлсіреген киіктердің өліміне әкеледі, – деп жауап қайтарды орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Өлкетанушының киік туралы пайымы
Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуынша, бұрын Амангелді ауданынан Қызылордаға қарай 110 шақырым жерде Жыланшық деген елді мекен болған. Сол кезде бүкіл киіктің алаңы Қызылорда мен осы екі ортада болғанын айтады.
Мұнда бұрын миллиондаған киік жүретін. Біреулер оны атып алады, бірақ ешкім оны қорғамайтын. Киіктер адамға зиян келтіріп, егінін таптаған емес. Торғай аймағында қаншама егін егілді, бірақ киіктер ешқашан егінге тиіспеді. Олар бір жерден екінші жерге көшіп жүріп, егінге зиян келтіріп кетуі мүмкін, бірақ бұл жағдай өте сирек болатын. Киік өзінің табиғи мекенінде өмір сүретін жануар. «Киік шөбі» оның басты қорегі болып табылады. Бұл шөп Батыс Қазақстанда, Бетпақдаланың шөлінде және Торғай даласында да өседі. Қазақ халқы киікті киелі аң деп білген. Киіктің лағына да тиіспеген, тек қажет болғанда текесін атып жіберетін, – дейді.
Киік етінің құндылығы
Өлкетанушы киік етінің сапасы туралы көп адам білмейтінін, оның еті басқа жануарлардың етінен ерекше екенін айтып берді.
Еті жаздың ыстық күнінде сасымай, жайып қойсаң, сол жерде кеуіп кетеді. Киіктің еті мен терісі өте сапалы, оны Қытай сияқты елдер алса, миллиардтаған пайда тапқан болар еді. Менің көзқарасым бойынша, киік тек табиғаттың бір бөлігі ғана емес, біздің халқымыздың мәдениеті мен тарихының да ажырамас бөлігі болып табылады. Мен киік мәселесімен тікелей айналысқан адаммын. Бұрын қаншама киік қырылып қалды, бірақ кейін оны қайта қалпына келтіру үшін арнайы шаралар қолға алынды және көп ұзамай олардың саны қайта көбейді. Десе де сол кезде киікті қорғау және оны дұрыс пайдалану мәселесі тағы да маңызды бола бастады, – дейді өлкетанушы.
Киіктерді жоюды тоқтатып, дұрыс басқару шаралары
Сарапшы: «Не үшін киіктерді арнайы экспедициялар мен аңшы инспекторлар қырып, олардың етін сойып, ішек-қарнын алып тастап, қалған етін сақтап, қалаға жеткізіп сатпасқа?», дейді.
Неге бұл ет арзан бағада халыққа жетпей жатыр? Оны әсіресе аз қамтылған отбасыларға жеткізу керек емес пе? Қызылорда жақтың тұрғындары киікті көп пайдаланған халық, бұрындары киікті қырып, оны ақшаға айналдырып, пайда тапқан. Бір киіктің өзінен пайда тауып, өздерінің тұрмысын жақсартып отырған. Қазір сол Қызылордада киікті заңсыз атып, сотталған азаматтар бар. Олар негізінен, киікті ақша табу мақсатында атқан. Бірақ киікті ату – бұл табиғатты жою. Киікті текке қырып жатыр, өйткені бұл жануарлар ешкімнің шаруасына араласпайды. Біз мұны қазір көріп отырмыз. Өкінішке қарай, біздің аңшы инспекторлар да осы мәселеге қатысты тек өз пайдасын ойлайды, – дейді Шөптібай Байділдин.
Сондай-ақ киіктің текесінің мүйізін кесіп алып, далаға тастап кетудің өзі жасалынып жатқан қиянат екенін жеткізді.
Мұндай әрекет халықтың пайдасына қызмет етудің орнына, тек қана жоюға бағытталған. Киікті өз мекендеріне қайта бағыттап, оларды пайдаланудың жолын тапқан жөн. Мысалы, Бетпақдалаға немесе Жезқазған мен Қызылорда аралығындағы жерлерге киіктерді жіберуге болады. Бетпақдалада киіктер үшін үлкен алаң бар, сонда олар жайылып, өсіп-өніп, көпшілікке пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ арнайы бригадалар шығарып, киіктерді аулатып, етін сақтап, халыққа қолжетімді бағада сатуға болады. Етті халыққа арзан бағамен ұсыну арқылы, біз олардың жағдайын жақсарта аламыз, – деп отыр.
Айтуынша қазіргі таңда бір жылқының бағасы миллион теңгеге жетіп отыр, ал киік еті әлдеқайда сапалы жәнеоның құндылығы жоғары. Киік еті мен терісінің бағасын дұрыс пайдаланып, халықтың тұрмысын жақсартуға жағдай жасау керек деп есептейді.
Тағы бір мәселе – киіктің мінезі мен тіршілігі. Ол жаны қысылғанда адамға жақындап, тіпті жарып тастайды. Бірақ киік егер құлап жатса, аяғын қозғалтып, серпіспей жатып қалады. Бауыздау кезінде оның көзінен жас ағады, бірақ тұяғы қозғалмайды. Киік те адам сияқты тірі организм, оның да сезімі бар. Бұл – тек аң емес, оның да өмір сүруге құқығы бар. Сол себепті, киікті қорғап, дұрыс пайдалану үшін біртұтас жоспар мен арнайы шаралар қажет. Киікті сақтау және оның пайдасын халықтың игілігіне асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деді өлкетанушы Шөптібай Байділдин.
Өлкетанушы киіктің тұяғын серппей, бауыздау дегеннің өзі ерекше мәрттік, батырлық, ерлік екенін айтады.
Осы уақытқа дейін біздің елде неше түрлі апаттар болды, оның ішінде киікті қырып, оны жою да бір үлкен қателік шығар. Қазір киік көбейіп келеді, бірақ мен осының бәрін бақылап, жағдайды түзеу үшін не істеу керектігін жиі ойлаймын. Алдыңғы екі жылда бір киік ақ лақ тапты. Ол – біздің қазақша айтқанда періште. Сол ақ лақ біздің халқымызға келіп, еліміздің жағдайы жақсаратынын көрсеткендей болды. Біз қуандық. Бірақ сол ақ лақты атып, қырып тастау дұрыс емес. Киіктің киесі бар, сол киесін құрметтеу керек. Сондықтан киікті жаппай қыру – қателік, – деді.
Министр айтқандай, киіктер жыл сайын көбейіп жатыр. Бірақ оларды азайтудың жолын әлі де тоқтатқан жоқ. Осыған байланысты, менің ойымша, арнайы орындарға киіктерді апарып, жаппай өлтірмей, қайта дұрыс жолмен оларды өңдеу керек екенін жеткізді.
Мысалы, дрондар мен вертолеттер арқылы киіктерді қамауға алып, текелерін іріктеп, адал бауыздап, қалаларға жеткізіп, халыққа арзан бағаға сатуға болады. Тек текелерді қамту керек, себебі олар тұқым шашады. Бірақ барлық киікті қыру міндетті емес. Ал бір-екі киік атылып жатса, оған шабуыл жасаудың да қажеті жоқ. Мұны тек пайда үшін емес, табиғатқа құрметпен қарай отырып, дұрыс бағытта жасау керек. Егер масаң адам немесе басқа біреулер киікті заңсыз атып жатса, оған жол беруге болмайды. Бірақ тұқым шашатын киікті өзіне қажетті жағдайлармен басқару қажет, – дейді.
Ақсақал осы жылдар ішінде әртүрлі жағдайларды көрдім, бірақ киікті ату мен оның пайдасын жою қате әрекет деп отыр.
Киіктерді атуға рұқсат қандай жағдайда беріледі?
«Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, Нысанбаевтың экология министрі болып тағайындалғанда бұйрыққа енгізген өзгерісіне сәйкес егер киіктер ауыл шаруашылығы нысандарына, әсіресе егістікке, елеулі зиян келтіретін болса, оларды атуға рұқсат берілген.
Киіктер де сол тізімге енгізілді яғни, егер киік шаруаның егісін таптап, өнімге шығын келтірсе, оларды атуға болады. Бірақ бұл ретте мәселенің нақты жағдайын анықтап алу маңызды. Қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан киіктерге қатысты видеоның қай жерде түсірілгенін нақтылау керек. Бұл расымен де шаруалардың егістік алқабында болған жағдай ма, әлде жай далада жүрген киіктерді өлтіріп кеткен жағдай ма – бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Егер бұл оқиға егістік жерінде болып, киіктер нақты залал келтіріп жатса, онда бұл әрекет бұйрыққа сәйкес заңды болуы мүмкін. Ал ешкімге зияны жоқ айдалада жүрген киіктерді қуалап жүріп, өлтірген болса, бұл – қылмыс. Себебі, заңнамада киіктерге аңшылық жасауға қазір рұқсат жоқ, квотаға сәйкес тек ғылыми мақсатта ғана киіктерді аулауға рұқсат берілген, – дейді тәжірибелі эколог Лаура Мәлікова.
Аңшылық жасау тәртібі және киікке қатысты шектеулер
Сондай-ақ эколог жалпы аңшылықпен айналысу үшін азаматтар арнайы оқытудан өтіп, аңшы куәлігін алуы тиіс екенін және әр жануардың түріне байланысты бекітілген ставкасын төлеу керектігін айтты.
Квота шеңберінде аңшылық мақсатта белгілі бір жануарларға ғана рұқсат беріледі, мысалы қоян, қасқыр, үйрек және тағы басқалары. Киік бұл тізімде тек ғылыми мақсатта ғана 5062 данасын алуға рұқсат етілген, бұл аңшылық мақсатта емес. Сол себепті жай айдалада жүрген киікті атып, бауыздап, етін тасып жүргендер заң бұзған болып есептеледі, бұл – тікелей қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Осыны бәрі түсінуі керек, – деді эколог.
Киік өлекселерінің экожүйеге әсері
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы өлі киіктердің қалдықтары экожүйеге қалай әсер етеді деген сұрақ та маңызды деп отыр. Әдетте табиғатта өлген жануарлардың қалдықтары өздігінен шіріп, жыртқыштар мен құстардың тамағына айналады. Сондықтан олар табиғатта тез ыдырап кетеді. Бірақ егер киік өлекселері су айдындарында жатса, бұл судың сапасына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Киіктердің өлекселері ауру таратуы мүмкін деген сұраққа да тоқталғым келеді. Егер киік ауру болса, онда оның қалдықтары ауруларды таратуы ықтимал. Бірақ егер киік сау болса, онда ол ешқандай ауру таратпайды. Жануарлардың өлекселерін жою үшін арнайы талаптар бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен бұйрығына сәйкес, бұл өлекселер полигондарға тасталмауы керек, оларды арнайы әдістерді қолдана отырып көму керек, – дейді эколог.
Киіктердің көбеюінің негізгі себебі – жыртқыштардың азаюы
Жалпы, эколог Лаура Маликова киіктердің санын ату арқылы реттеу тек қана салдарымен күресу екенін айтты. Мәселенің түпкі себебі – табиғаттағы жыртқыштардың санының азаюы, сол себепті тұяқтылар көбейіп кеткен. Табиғаттың өзін-өзі реттейтін механизмдері бар, дегенмен сол табиғаттағы баланс Қазақстанда жыртқыштарға мөлшерінен тыс аңшылықтың салдарынан бұзылған.
Мысалы, АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық паркінде тым көбейіп кеткен тұяқтылардың санын реттеу үшін 1996 жылы Канададан қасқырларды алдырып енгізген. Қасқырларды енгізіп, тұяқтылардың санын реттеп, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтірген. Бізде де сол әдісті қолдану қажет деп есептеймін. Бізде қасқырлар саны өте азайып кеткен, ресми дерекке сәйкес Қазақстанда небәры 10 мың ғана қасқыр бар. Қазіргі жағдайда, киіктердің санының артуы мәселесін шешу үшін сол аймақтарға жыртқыштарды яғни қасқырларды енгізу, қасқырларға аңшылыққа тиым салу маңызды. Егер экология министрлігі осы баланс мәселесіне назар аударса, жағдайды тиімді реттеуге болар еді. Киіктердің санының өсуі табиғаттың тепе-теңдігін бұзып, экосистемаға кері әсерін тигізуі мүмкін, ал жыртқыштардың саны азайып кетуі тұяқтылардың тым көбейіп кетуіне себепші болып отыр, – деді тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова.
Яғни, эколог жануарлар популяциясын дұрыс реттеу үшін аңшылықтың орнына тұяқтылар мекендейтін жерлерге қасқырларды енгізу, қасқырлардың санын көбейту маңызды деп есептейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!