Іnbusiness.kz. Көктем бастала сала Экология министрлігіне қаратыла «киік ату қайта бастала ма?» деген сауал қойылған. Ведомство әуелде бұл сұраққа нақты жауап бермеді, мәселе ғалымдармен бірге талқыланатынын жеткізген. Таяуда жарияланған ақпараттарға қарасақ, сұрақтың жауабы нақтыланған іспетті.
Министрлік қандай көзқарасқа тоқтады?
Осы наурызда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында киіктердің санын реттеуге байланысты қандай жұмыс істелетіні туралы айтқаны есімізде. Сөзінше, министрлік ғалымдардың ұсынысын күтіп отыр екен.
– Ғалымдар мәселені зерттеп, зерделеп жатыр. Қазір киік пен адам арасында конфликтті көріп отырмыз. Бұл жерде ғылыми көзқарас қажет. Соған сай таразыланған шешім қабылдаймыз. Мәселе Орман шаруашылығы комитетінің қарауында жатыр, – деді ол.
Сол мезетте министр киік санын реттеу «Караль» тәсілі (қоршауға қамау) немесе ату арқылы жүзеге асырылатынын айтқан. Міне, осыдан соң көпшілік «киіктер қайта ауланады» деп болжаған. Бұлай деуге негіз де жоқ емес, былтыр желтоқсаннан бастап популяциясының 99 пайыздан астамы Қазақстанда мекендейтін киіктердің саны 4 миллионнан асқаны айтылды. Шаруалар тағы да заржақ бола ма деген едік.
Негізі бұған дейін президент киік санының күрт артуына байланысты байыпты шешім қабылдауды тапсырғаны есте. Билік әуелде киік санын арттыруға мүдделі болды. 1999 жылдан 2023 жылға дейін ақбөкендерді атуға тыйым салынып келді. Алайда 2023 жылы ақбөкен популяцияның өсуі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыра бастады. Нәтижесінде билік олардың санын азайту туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте екі әдіс ұсынылды. Біріншісі – күндізгі уақытта тор орнату, екіншісі – түнде ату әдісі. Алайда бірінші әдіс іске аспай, екіншісі таңдалып, елде ақбөкендерді атуға рұқсат берілді. Ал 2024 жылғы ақпанда елде ақбөкендерді атуға қайта тыйым салынды.
Таяуда Экология және табиғи ресурстар министрлігі журналистер сауалына жауап беріп, киік санын реттеудің негізгі қағидаттары толық айқындалғанын мәлім етті.
– Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, киік популяциясын басқару мәселесін кешенді түрде қайта қарастырып жатыр. Министрлік үшін басты қағидат – биоалуантүрлілікті сақтау мен ауыл шаруашылығы саласының мүдделерін тең үйлестіру. Қазір киік санын реттеу мақсатында тікелей ізгілікке қайшы әдістерден бас тартылып отыр, – деп жазылған жауапта.
«Ізгілікке қайшы әрекет» деп меңзеп отырғаны әрине ату әдісі болса керек. Енді ведомство басқа жолдарды қарастыруда екен. Олар: Спутник арқылы бақылау жолымен киік миграциясы мен шоғырлануын мониторингілеу және болжау; Киік санын биологиялық шектерде ұстау үшін ұзақ мерзімді ғылыми негізделген жоспар әзірлеу; Фермерлерге қолдау тетіктері, қоршау құралдарына субсидиялар, залалды өтеу әдістемесін әзірлеу; Тиісті заңнамалық өзгерістер, киік қозғалыс дәліздерін үйлестіріп, жайылымдарды басқару.
Министрлік «табиғатты қорғау – адамды қорғау» қағидатына сүйене отырып, халықаралық тәжірибе мен ғылыми ұсыныстар негізінде экожүйелік тепе-теңдікті сақтайтын ұтымды шешімдерді қарастырып жатқанын қоса жеткізген. Яғни, алдағы уақытта киік ату маусымы қайталанбауы мүмкін.
Жоспар аяқсыз қалды
Кезінде шаруалар шулап, киіктер кәсіпке кедергі келтіріп жатқанын айтты. Сол кезде министрлік киіктердің санын ату арқылы реттеп, жаңа өндіріс көздерін құрғысы келгені жасырын емес. Мүйізі сатылатынын, тіпті, етін арнайы консерві түрінде өзге елдерге саудалағысы келді. Бірақ кәсіпорынды салу, өндіріс процестері қосымша шығын екенін кейінірек ұққан секілді. Себебі мұнда бір мәселе бар: қазақстандықтар киік етін жей береді, бірақ өзге елдер «киік жеуге бола ма, болмай ма?» деген сауалды нақтыламаған. Яғни, өндірісті құрып, киік етін саудаға шығарғанның өзінде оның өте қоюы қиындау іс.
Онсыз да қазақстандықтар арасында киік етіне күмәнмен қарағаны көп болды. Киік санының артуына байланысты олардың популяциясын реттеу мақсатында 2023 жылы киік ату шаралары жүргізілгенін айттық. Бастапқыда 337 мың бас киікті ату жоспарланғанымен, іс жүзінде 42 мың бас киік атылды. Көбінің еті ашық сатылғанын білеміз. Тұтынушыларға ұнай қойған жоқ, оның үстіне ет қанша уақыт, қалай сақталғанын ешкім білмеді. Ет құрамында ауру бар ма, жоқ па – тексеріс жүргізілмеді. Ақыры сұраныс азая бастаған.
Оның үстіне ату шарасы киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын азайту және жайылым жерлердегі бәсекелестікті төмендету мақсатында жүзеге асырылып еді. Бірақ сол әрекеттен кейін жайылым мәселесі айтарлықтай реттеле қойған жоқ. Ақыры билік 2024 жылғы 10 ақпаннан бастап киік атуды тоқтатты. Содан бері мәселе арагідік қайта көтеріліп отырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!