Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қасқыр мен шибөрілерді ату туралы маңызды ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

2025 жылға арналған қасқыр мен шибөрілердің санын реттеудің биологиялық негіздемесі дайындалған.

«2025 жылдың 15 қаңтар сағат 10:00-ден бастап реттеу қажет түрлердің (қасқыр, шибөрі) аулауға рұқсат алу мүмкіндігі ашылады. Биологиялық негіздемеге сәйкес, жануарлар санын реттеу мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітілді», – деп мәлімдеді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында рұқсат тек үй жануарларына шабуыл тіркелген жағдайда ғана беріледі.

Жануарлар санын реттеу бойынша рұқсат алу рәсімі Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 «Жануарлар түрлерін алу бойынша рұқсат беру ережелерін бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.

Комитеттің айтуынша бұл қызмет толығымен автоматтандырылған. «Электрондық үкімет» веб-порталында www.elicense.kz арқылы қызметті пайдалануға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!