Астанада экобелсенділер мен ғалымдар су тапшылығына байланысты дабыл қақты. Олардың сөзінше, бірнеше жылдан соң елде ауыз су тапшы болуы мүмкін және бұл елдегі ірі қалаларда, соның ішінде Астанада да байқалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Экобелсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Астананың бас жоспарын дайындау кезінде қателік жіберілген. Себебі жапониялық архитектор қаладағы халық саны 2030 жылға қарай 800 мыңға жетеді деп болжаған. 

«Бүгінгі күні салынып жатқан көпқабатты үйлер су тапшылығына әсер етеді. Мамандардың жорамалына сәйкес Еуразия, соның ішінде Азия елдерінде бірінші болып Қазақстанда су тапшылығы байқалады», – деді экобелсенді. 

Қазіргі уақытта Каспий теңізіндегі су деңгейі де төмендеген. Егер теңіз әрі қарай да тартылатын болса, Қазақстан жақ бөлігі Аралдың күйін кешуі мүмкін екен. 

«Қазақстанда каналдар жүйесі дұрыс жасалмаған. Кеңес үкіметі кезінен ескірген. Мысалы, ауылдарда канал арқылы су жіберсе, оның жартысынан көбі жерге сіңіп кетеді», – деп қосты Сәкен Ділдахмет.

Ал Қазақ агро-техникалық университетінің оқытушысы Фараби Керімбайұлы мәселені шешудің өзіндік жолын ұсынды. 

«Еліміздің солтүстігінде жыл сайын су басып, төтенше жағдай орын алады. Қолдағы су қорын ысырап етіп жатырмыз. Біз бұл суды сақтау орындарын ұйымдастыруды ұсынып отырмыз. Сол кезде суды да пайдаға жаратамыз, екінші жағынан төтенше жағдайдың алдын аламыз», – деді Фараби Керімбайұлы. 

Бүгінде көршілес елдермен трансшекаралық өзендер бар. Мысалы, Ертіс Қытайдан бастау алады. Көршілер электр станцияларын көптеп салғандықтан, Ертіс суы бізге жеткілікті деңгейде жетпейді екен. Ал Қырғызстаннан келетін Талас өзенінің тартылуы оңтүстік өңірлердегі шаруаларға зиянын тигізеді.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!