Фото: Катаржина Вавьерниа

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жаңартылатын энергия көздері технологияларына инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөніндегі жобаның нәтижелерін ұсынды. 

ҚР Энергетика министрлігі маңызды жобаны БҰҰДБ Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен жүзеге асырғанын атап өткен жөн.

Белгілі болғандай, 2060 жылға қарай баламалы және жаңартылатын энергия көздеріне ауысуына байланысты Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жобаға энергетика саласындағы ірі объектілермен қатар, шағын және орта бизнес нысандары да тартылмақ.

Бүгінде Қазақстанда Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен жалпы қуаты 2.900 МВт болатын 148 ірі нысаны жұмыс істейді. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын көздердің үлесі 6,5 пайызға жеткен.

«Экономиканы декарбонизациялау – біздің өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді көрсететін басты міндетіміз. Қазба отындарынан біртіндеп бас тарту және жаңартылатын энергияға көшу енді өршіл мақсат емес, әлем елдері қабылдаған міндеттеме. БҰҰДБ ұсынған тәсіл үкіметтерге заңнаманы жақсарту арқылы жаңартылатын энергияға жеке инвестицияларды тиімді ынталандыруға және таратуға көмектеседі. «Жасыл» бастамаларды қолдай отырып, біз адамдар мен ғаламшар үшін төмен көміртекті болашаққа сенімді түрде аяқ басамыз», – деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа арнайы ұйымдастырылған жиын барысында.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов министрлік еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Бұл бағыттағы жобалар Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын қысқартып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты іске асыру барысында 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады: жаңартылған энергия көздері – 24,4 пайыз; гидроэлектростанция – 10,8 пайыз; газ – 25,8 пайыз; көмір – 34,3 пайыз», – деді ол.

Дереккөз: Kazinform

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!