«Сүмбіле туса» күн суыды деп, жылы мезгілді «мизам шуаққа» балайтын қазақ халқы күн райын өзі болжаған. Табиғаттың тілін түйсігімен түсінгендіктен шаруасын да соған сай реттеп отырған-ды. Зымыран заманның дамыған уақытында бұл іспен арнайы мамандар айналысуда. Метеорологиялық өлшем мен құбылыстар адам өміріне, тікелей әсер етеді. Оған қуаңшылық десе өңі қуарып кететін шаруалардың күйі дәлел. Демек жай-күйдің жайлы болуы үшін күн райының құбылмалы мінезін тап басып тану керек. Осы ретте «Қазгидромет» РМК Қызылорда филиалының метеоболжау бөлімінің бастығы Жөкелова Айгеріммен әңгімелескен едік.

– Облыс климатына құрғақшылық тән. Жалпы жауын-шашынның жоғары үлесі қай мезгілге тиесілі? Жалпы ауа райына болжам қалай жасалады?

– Облыс бойынша қараша мен наурыз айының аралығында жауын шашын мөлшер шамасында түседі. Ал сәуір мен қазан айының аралығында мөлшер шамасынан аз жауады. Облыс бойынша ауа-райын бақылайтын 9 дәстүрлі, 6 автоматты метеостанса бар. Яғни әр үш сағат сайын ауа-райын метерологиялық сипаттамаларын, атмосфералық қысымды, ауа мен топырақ температурасын, желдің бағыты мен жылдамдығын, бұлттылық пен ылғалдылықты және одан да басқа құбылыстарды бақылайды. Сол мәлімет арнайы жер картасына түседі. Сонымен  қатар Қазақстан бойынша тоғыз аэрологиялық станция бар. Соның бірі Қызылорда қаласында орналасқан. Тәулігіне екі рет радиозонд ұшырылады. Бұл биіктік бойынша 850 гектопаскаль атмосфераның метро құбылыстарының мәліметін қадағалайды. Яғни жер мен биіктік картасына түскен мәлімет арқылы циклон мен антициклон жүрісін, атмосфералық фронттардың орналасуын қарап, ауа райы болжамын жасаймыз. Тағы басқа да әдіс-тәсілдерді негізге аламыз.

– Ауа райының қолайсыздығы шаруа қожалығы мен адамға да әсер етпей қоймады. Осы тұста 112 нөмірінің қызметі жайында не айтасыз?

– Иә, аптап ыстық алқапқа әсер етпей қоймайды. Егістіктегі қызу тірліктің қарқынын бәсеңдететін де осы себеп. Тіпті күннің ыстығы адам ағзасының жұмысын тежеп, түрлі ауруға ұшыратады. Тымырсық ауада тыныстай алмай, қапырықта қалжырау сынды әлсіздіктің пайда болатыны содан. Бұл тек жаз мезгіліне ғана қатысты емес. Табиғаттың мінезі тосыннан өзгергенде сақтық шараларына назар аудару керек. Мәселен қауіпті құбылысқа 15 м секундтан жоғары жел, найзағай, шаңды дауыл, бұршақ пен 45 градустан жоғары қатты ыстық, қыс мезгілінде көк тайғақ, аяз бен боран жатады. Облыс бойынша осындай болжам жасалған мезетте дабылды ескерту арқылы төтенше жағдайлар департаментіне жіберіледі. Сөйтіп 112 нөмірінен келетін хабарлама бойынша халық алдын-ала хабардар болады. Күнделікті 24 сағат үзіліссіз жұмыс істегендіктен, төтенше жағдайлар департаментімен тікелей байланыстамыз.

– Гидрометеорологиялық орталықтың жабдықталуы қалай?

– Қазіргі таңда орталық жаңа заманауи жабдықтармен жабдықталуда. Ауа райының болжамын жасайтын Еуропалық модельдер және радиозонд бойынша жұмыс істейтін модельдер көбеюде. Сондықтан Қазгидрометтің дамуы жоғары деңгейде. Орталықтағы ауа райын болжайтын метеоболжау бөлімі және метеостансалар әр үш сағат сайын ауа райына бақылау жасайды. Ауа райы болжамының дәлме-дәл келуі облыс әрі қала бойынша 97-99 пайызды құрайды.

– Осы айдағы ауа райы болжамына тоқталсаңыз…

– Өңірімізде тамыз айындағы ауаның орташа температурасы +25, +28 градус шамасында күтіледі. Бұл мөлшер шамасынан 1 градусқа жоғары деп болжануда. Жауын-шашын мөлшерінің түсуі тамыз айында мөлшер шамасынан аз болмақ. Негізгі мөлшер шамасы – 2 және 6 мм-ді құрайды. Алдағы онкүндіктің ортасында ауа температурасы +25. Ал облыстың оңтүстігінде 33 градусқа дейін төмендесе, екінші онкүндіктің аяғында температура +35-40 градусқа қайтадан көтеріледі. Облыс бойынша 10-12 тамыз күндері екпінді жел күтіледі. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы және облыстың оңтүстік бөлігінде құрғақшылық болады деп болжануда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!