Елімізде жанармай бағасы темір тұлпар тізгіндегендердің төзімін тауысып, көңілін күпті етеді. Су жаңа көліктердің жайын айтпағанда, ескісін сүйрелеп, итерумен әупірімдеп айдап жүрген көлік иелеріне бұл да бір шығын. Яғни, істен шығар темір-терсегін түгендеуге қаржы қамдай ма, жоқ әлде түгесілуге шақ қалған бензинін бөшкелеп толтыруға бас қатыра ма? Бұдан бөлек те шығынды ойлап ылдилап жүрген жандар үшін жанармай бағасының шарықтауы жағымды жаңалық емес. Жанармайға қатысты мәселе туындаса, көпшілік кірпідей жиырылып қалады. Қайткенмен де қымбатшылық қысымға алады деген қорқыныш басым боп, санада секем пайда болатыны рас. «Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасы алқымнан алса, күнкөрістің де қамы қиынға соғады-ау» деп алаңдайды жұрт. Кезінде базар бағасын барлағанда сатушылар азық-түліктің қымбаттауына тасымалдың түрткі екенін айтып тұрып алушы еді. Түптің түбінде бұл да бензин бағасына тәуелді. Жағдай ушықпас үшін бұл мәселе мықтап қолға алынған.
Көктем келгенде жанармай мәселесі жағадан алып, тіршілік жанданатын мезетте қолбайлау қылатыны көпке жақпайды. Осы ретте, көлік жүргізушілері де өз мұңын шағып, қынжылысын жеткізді.
– Кейінгі кездері қымбатшылық қысып жатыр. Оның ішінде көлік жүргізушілеріне мұң болған бензиннің жайы мәселе мінберінен түспеген. Мысалы мен таңертең жұмысқа бару үшін 800 теңгеден 1500 теңгеге дейін сұйық отын құюым керек. Қайтқанда да дәл сондай. Демек, бір күндік барып қайтуым 3000-ға жетіп жығылады. Көлік жүргізушілері үшін бұл – әжептәуір шығын. Ал қоғамдық көліктің бағасы – 90 теңге, бұл жерде көлік жүргізушілерінің не кінәсі бар? Сол үшін алдағы уақытта бағаға мониторинг қайта басталуы керек деп есептеймін, – деді қала тұрғыны Е.Рақымқали.
Бірақ, жоғары жақ тапшылық туындамас үшін бензин бағасын қымбаттатуға тура келгенін айтады. Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасының көтерілу себебін түсіндірді.
«Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Қазір осындай шешім қабылдамасақ, жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», – деді Әлихан Смайылов. Айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді ең жоғары деңгейде тұтынады, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Ал Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель бағасы 204 теңге болып қала береді.
Иә, бағаның күрт өсуінің себебін түсіндік. Бірақ, бензинге байланысты былықтың беті әлі де ашылуда. Яғни, жанармай құю станцияларының иелері баға айырмашылығының қысқаруын күтіп, мұнай базаларындағы отын қорын жасырып отырған. Сондықтан, басшылық тарапынан бақылау күшейтіліп, туындаған мәселе төңірегінде талқылау мен талдау жұмыстары жүргізілуде. Жанар-жағармай материалдары бола тұрып, оны сатпай отырған нысандар анықталса, заң бойынша жауапқа тарту көзделген.
Қысқасы, жанар-жағармаймен қамту мәселелері облыс әкімінің де назарынан тыс қалмады. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыста жанар-жағармай нарығындағы жағдай туралы мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма, аумақтық департаменттер мен құқық қорғау органдары басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты. Аймақ басшысы Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету үшін 12 сәуірден бастап жанар-жағармай бағасының көтерілуі жоспарланғанын атап өтті. ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарға қарағанда литрі 182-187 теңгеден саудаланған АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинінің бағасы 205 теңгеге дейін, 230 теңгеден сатылған дизель отынының бағасы 295 теңгеге дейін көтерілуі болжануда.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков жанар-жағармай бекеттерінің жұмысы мен ондағы қор туралы баяндады. Қазіргі таңда өңірде 32 күнге жететін АИ-92 маркалы бензині және 15 күнге жететін дизель отыны қоры бар.
– Жауапты мекемелерге жанар-жағармай тапшылығының алдын алуды, оны сыртқа тасымалдап сатуды болдырмау үшін тұрақты мониторинг жасау, бензин мен дизельдің еркін босатылуын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Компаниялар арасында бағаны арнайылап көтеру келісіміне жол берілмеуі керек. Бағаның жоспарлы өскеніне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері жанармайды белгіленген баға бойынша уақытылы өткізуге міндетті. Монополияға қарсы заңдылықтар түсіндірілуі тиіс. Мұндай жағдай орын алса, жауапкершілігі қаралатынын ескерту қажет. Көктемгі егін егу науқаны басталатын, тіршілік атаулыға жан бітетін кезде жұмыстың барлығы айналып келгенде осыған тіреледі. Сондықтан қолдан дефицит жасамау керек», – деп ескертті аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына көктемгі егін жұмыстарына дайындық барысында шаруашылықтармен кері байланыс орнатып, орын алуы ықтимал мәселелерді жедел түрде шешу жүктелді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың жетекшiлiгiмен арнайы штаб құрылды. Айта кетейік, оның құрамында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, бәсекелестіктi қорғау және дамыту мен мемлекеттік кірістер департаменттері және құзырлы органдардың өкілдері болады. Штаб қала, аудан әкiмдiктерiмен бiрлесiп, баға мен қажетті қорға күнделікті бақылау жасап, тиісті шараларды қабылдайды.
Түйіндей келе, өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай оң шешім қабылданғаны ләзім. Қайткенмен де, келісіп пішілген тон келте болмайды.
Замира АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!