Фото: pixabay.com
Келесі жиырма бес жылда әлем халқының 75%-ын қуаңшылық жайлауы мүмкін. Бұл – ауыл шаруашылығы мен экожүйеге ауыр соққы беретін табиғаттың қатаң сынағы.
Әлемде жылына 100 миллион гектар жер тозып қурайтын көрінеді. Мұндай мәселенің негізгі себептерінің бірі – климаттың өзгеруі. Ғылыми зерттеулерге қарап, жаһандық жылынудың кері әсерін байқауға болады. Әріптесіміз Ернат Мелсұлының мәліметінше, ең ірі апельсин шырынын экспорттаушы Бразилияның апельсин алқаптарына қауіп төніп тұр. Бұл климаттың өзгеруінен туындаған аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдары. Мамандар мұндай ауыртпалық кейінгі 14 жылда алғаш тіркелгенін айтады.
2019 жылы ғалымдар қатердің алдын алу үшін жер шарын жасанды жолмен суыту тәсілдерін қарастырды. Еnvironmental Research Letters басылымы күн сәулесінің жер шарына түсуін азайту керегін жазған еді. Осы ұсыныс аясында 20 шақырым биіктікке сульфаттар қоспасын шашу қарастырылған. Сол жылдары ғалымдар мұндай үлкен көлемдегі химиялық қоспаларды шашатын ұшақ әзірге жасалмағанын, тек 15 жылдан кейін жүзеге асыруға болатынын айтқан. Бұл шамамен 2034 жылдары болуы мүмкін. Оған кететін шығын 3,5 миллиард доллар көлемінде есептелді.
Сондай-ақ ұсынылған жобалардың арасында мұхит суына темір ионын қосу қарастырылған еді. Мұндайда фотосинтез процесі реттеліп, содан кейін атмосферадағы көмірқышқыл газы үнемі мұхитқа сіңіп отырады. Ғалымдар осылай ауадағы парниктік газдарды азайтуды көздеген болатын. Бұл әлем бойынша қарастырылған мүмкіндіктер, ал Қазақстандағы жағдай ше?
Шырын экспортына қауіп төнбесе де, қуаңшылық бізді айналып өтпеді. Қазақстанның кей аймақтарында жауын-шашынның азаюы мен температураның шектен тыс көтерілу жағдайлары жиі болады. Антропогендік факторлар да қуаңшылықтың өршуіне ықпал етеді. Ормандардың кесілуі, су ресурстарын тиімсіз пайдалану, ауыл шаруашылығында суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру сияқты факторлар табиғи су айналымын бұзады. Биыл елде құрғақшылық болады деген болжам бар. «Ұлттық аграрлық ғылыми орталығының» тәуелсіз директоры, сарапшы Кирилл Павлов америкалық мұхитты зерттейтін қызметтің зерттеулеріне сүйеніп, осындай тұжырымдама жасаған.
Осыдан 3 жыл бұрын Маңғыстауда құрғақшылық басым болды. Жаңбыр мен қардың уақытылы жаумауы ауыл шаруашылығына айтарлықтай залал әкелді. Кейін ғалымдар жасанды жаңбыр әдісін қолға алуды шешкен, бірақ жоспар жүзеге аспаған еді. Алайда шикіліктер мен олқылықтардың орны толығып, кей аймақтарда қолдан жаңбыр жауды. Мәселен, былтыр Түркістанда жазда жаумаған жауын жауды. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін халықаралық климат өзгерту технологиялары мекемесінің мамандары Шымкент индустриялық аймағына жасанды жаңбыр жауғызу құрылғыларын орнатқан. Мамандардың айтуынша, атмосфераға теріс зарядты иондарды жіберіп, ашық аспанға будақ бұлттарды жинауға болады. Нәтижесінде жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік туады. Осылайша Маңғыстауға да, Түркістанға да жауын жауды.
Жалпы алғанда бұл ғылыми жаңалық емес. Себебі бұған дейін де қолдан жаңбыр жасау практикада бар тәсіл. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері өткен ғасырдың 40-жылдарында бұлт себу бойынша эксперименттер жүргізіп, жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жөніндегі ғылыми зерттеу бағдарламасын ашқан. Сондай-ақ Қытай егінді қорғау үшін осы әдісті қолданған көрінеді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!