Қырғызстан Қазақстанға егістікті суаруға арналған суды беруді тоқтатты. Қырғызстан аумағында орналасқан Киров қоймасынан су берілмеу салдарынан Талас пен Байзақ және Жамбыл облысының кей жерлерінде су тапшылығы байқалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Киров су қоймасыҚазақстан шілде айында Киров қоймасынан жіберілетін су көлемін арттыруды сұраған. Бұған Жамбыл облысындағы егістікке арналған су тапшылығы себеп болыпты. Дегенмен көрші елдің ауыл шаруашылығы министрлігі 3,54 миллион текше метр болатын шектеу 4 тамызда аяқталатынын айтып, бұл ұсыныстан бас тартқан. «Олар 18-31 шілде аралығында Киров қоймасынан секундына бұрынғыдай 40 текше метр емес, 45 текше метр су жіберуді сұрады. Біз көбейте алмайтынымызды, өз егісімізге де жетпей жатқанын алға тарттық. Егер 45 текше метр су алатын болса Қазақстанның 3,54 миллион текше метр лимиті 4 тамызда-ақ таусылады. Қазақтар сонда да өтінішінен бас тартпады. Сондықтан екі жақ Қазақстанға егіс суын тамыздан бастап тоқтату жөнінде хаттамаға қол қойды», – деп ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері басылымның сауалына жауап берген . Бүгінгі таңда Қырғызстанның Талас облысында егіс суының тапшылығы байқалған. Себебі Киров қоймасынан секундына 1,3 текше метр су жіберіледі екен. Салыстыру үшін, 2022 жылдың осы кезеңінде қоймадан секундына 13,7 текше метр су жіберіліпті. Ал шілдеде Қырғыз билігі ел ішінде электр энергиясының тапшылығына байланысты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін төтенше жағдай енгізді. Мұның да негізгі себебі – су тапшылығы. Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі Киров қоймасынан су берілмегендіктен Байзақ пен Талас және Жамбыл облыстарының кей аумақтарында су тапшылығы туындағанын жеткізді. Салдарынан 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасына қатер төніп тұр. Су жетпегендіктен Қордай ауданындағы Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас пен Степное ауылдарына су берілмейді. Ал мұнда барлығы 5 мың гектар егістік бар. 9 тамызда Киров су қоймасында 32,48 миллион текше метр су болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 144,8 миллион текше метрге аз. Экология вице-министрі Ғалидулла Азидуллин жыл сайын су тапшылығы мәселесі ушығып келе жатқанын айтқан. «Әр жылы бұл мәселені көтеріп, ылғалды қажет ететін мәдениеттер егістігін азайтуды ұсынып, су үнемдеу технологиясына көшу керегін айттық. Сонымен қатар суару режиім мен егіс айналымын ұстану керек», – дейді ол. Еліміздің оңтүстік аймақтары толығымен Қырғызстан аумағынан келетін суға тәуелді. Мәселен, Жамбыл облысындағы судың 80%-ы көрші елден келеді екен. Себебі 1983 жылдан бастап Қазақстан мен Қырғызстан Шу, Талас пен Тоқтоғұл су қоймасындағы суды бөлісіп отыр. Қырғызстанның су ресурсы қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаевтың сөзінше, Шу өзенінің 52%-ы Қырғызстанға, ал 48%-ы Қазақстанға тиесілі екен. Ал Талас өзенін теңдей бөлісіп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!