Сыр өңірінде жыл сайын туындайтын су тапшылығын жою үшін қоймалар салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы есепті кездесуінде айтты.
«2020 жылы күрішшілеріміз гектарына 61,8 центнерден өнім алып, 550 мың тоннадан астам күріш жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Аймағымызда вегетациялық кезеңде қайталанатын су тапшылығына байланысты ауылшаруашылығын әртараптандырудамыз. Өткен жылы пилоттық режимде Жаңақорған ауданында күздік бидай себілген 80 гектарға аквагельдер қолданылды. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 18 центнерден өнім алдық», – деді Г.Наушақызы.
Биыл өңірде тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектарға қызанақ отырғызу және жаңбырлатып жүгері мен жоңышқа егуді бастау жоспарланып отыр. Алдағы жылдарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 158 мың гектар алқаптағы ирригациялық және дренаждық жүйелер мен 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобаларын жүзеге асыру басталмақ.
«Өздеріңізге белгілі, жыл сайын жаз мезгілінде аймақта су тапшылығы орын алады. Әсіресе өткен жылы су тапшылығы қатты сезілді. Сырдария өзені арқылы келетін судың 70 пайызға жуығы қыс мезгілінде келеді. Сондықтан, алдағы уақытта қысқы тасқын суды жинақтау үшін 2,3 млрд. текше метр су жинайтын қоймалар салуды жоспарлап отырмыз», – деді аймақ басшысы аталған мәселеге орай.
Kyzylorda-news.kz.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!