Ауаның ластануы кез-келген адамның денсаулығына әсер ететін маңызды экологиялық факторлардың бірі болып табылады. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында атмосфералық ауаның жай-күйі тұрақты бақылауда.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен аумақтық басқармаларының қадағалауында атмосфералық ауаға ұйымдастырылған шығарындылары бар 28 нысан бар. Барлық көздерден атмосфералық ауаға 24 ластаушы зат бөлінеді, оның ішінде алтауы 1-2 қауіптілік сыныбына жатады.
Аумақтық басқармалар тұрақты негізде елді мекендердің атмосфералық ауасының жай-күйіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді. Атмосфералық ауадан сынама алу жұмыстары магистральды көшелерде, қаланың қоныстану және өнеркәсіп аймақтарында, сондай-ақ облыстың барлық дерлік аудандарында жүзеге асырылады.
Мұндағы мақсат адам денсаулығына тiршiлiк ету ортасы факторларының, яғни химиялық, физикалық, биологиялық, әлеуметтік әсер етуі туралы дәйекті ақпарат алу, уланулардың пайда болуының және инфекциялық аурулардың, кәсіптік аурулардың өршуінің алдын алу бойынша орындалатын іс-шаралардың тиімділігін бағалау, олардың пайда болуын болжау мүмкіндігі болып табылады.
Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг және орындалатын іс-шаралардың тиімділігін бағалау белгіленген тәртіппен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарының, атап айтқанда санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер, әдістемелік нұсқаулар және ұсынымдар талаптарына сәйкестігіне жүргізіледі.
2025 жылдың 9 айында атмосфералық ауаның 5903 сынамасы алынып, зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде 7 сынама шектеліп рұқсат етілген концентрациядан жоғары боп анықталды. Олар – Қызылорда қаласында бензин көрсеткіші бойынша 3 сәйкессіздік, азот оксиді бойынша 4 сәйкессіздік орын алды. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша және шектеліп рұқсат етілген концентрациядан жоғары анықталуына байланысты тиісті органдарға хат жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!