Биыл Қызылорда облысында 7 өрт оқиғасы тіркеліп, 28 гектарды құрайтын орманды алқап өртенді.

Орын алған жағдайдын үшеуі Жалағаш ауданында тіркелді. Қазіргі таңда нақты тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 55,5 мың теңгені құрады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов хабарлады.

«Орын алған жағдайларға байланысты ішкі істер органдарына тиісті құжаттар жолданды. Өрт болған жердің 22 гектары орманды, 5,1 гектары ормансыз алқаптар екені анықталды. Дала өртінің алдын алу және болдырмау мақсатында 9 дана өрт сөндіру көлігі мен 53 тұрақты өрт сөндірушілер қызмет атқарады», – деді басқарма басшысы Бауыржан Шаменов.

Өңірде өрт қауіптілігі аса жоғары 51 754 гектар орманды алқап бар. Бұл Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлық жерлер болып табылады.

«Биыл облыс бойынша дала өртінің алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Орман өртінің негізгі себебі – найзағайдан, күннің күрт ысуынан, темекі тұқылын сөндірмеуінен орын алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіске дайындық барысында өрт жайылып кетуі мүмкін», – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақанов.

«Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орманды алқаптарда болатын өрт оқиғаларына жіті бақылау жүргізеді. Осы жылы болған 7 өрттің біреуі мемлекеттік өрт сөндіру қызметі арқылы сөндірілсе, қалғаны орман шаруашылығының құралдары арқылы жойылды», – деді Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Тұрманов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!