Нарықтың нақты құралы маркетингке айналғанда жарнаманың қай түрі болмасын маңызға ие. Соның ішінде сыртқы жарнама –тауарға сұранысты арттыру немесе қызметтерді жылжытудың тиімді әдісі ретінде бағаланып келеді. Сондықтан жарнама жасау, өзінің өнімін ұсына білу қазіргі таңда кәсіпкерліктің қай түрі үшін де сұранысқа ие.
Өнімге деген сұранысты арттырудың бұл жолына байланғандар көп, ал жарнама жасайтындар аз. Осы орайда 2021 жылы қызылордалық жеке кәсіпкер Алтын Ойранова «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарнамадағы маңызды өндіріс фототүсқағаздар шығару үшін Mimaki cjv 150-160 экологиялық таза жабдығын сатып алды. Қыр-сыры көп құрылғы – жарнамалық және орауыш өнімдерді, фото түсқағаздарды өндіруге арналған заманауи машина.
Алтын Ойранова басқаратын Қызылорда қаласында орналасқан агенттік сыртқы және ішкі интерьер жарнамаларында, автомобиль графикасында, қаптама мен затбелгіде, көрме және көлік жарнамаларында, түсқағаздарда, фотосуреттер мен репродукцияларда өте қанық түстермен, түрлі форматта баспа қызметінің кең спектрін ұсынып келеді. Бизнес жобаның идеясы қалай келді?
«Қазір фотосурет шығаратын орындар, жарнама агенттіктері көп. Алайда олардың өнімдерінің сапасын, денсаулыққа зиянды тұстарын қарапайым халық түсіне бермейді. Себебі бизнесті бастаған адамға байланысты. Қажетті құрылғыларын қайдан алатынын өзі шешеді ғой. Осылайша фотосурет саласына қызығып, зерттеп қарағаннан кейін «экологиялық таза фото түсқағаздарын неге шығармасқа?!» деген ой келді.
Бұл жобаның басты инновациялық ерекшелігі – жоғары сапалы, экологиялық таза фото түсқағаздарын шығару. Өндіріс барысында қолданылатын «эко-еріткіш» сиясы иіске қойылатын талаптары жоғары, кең форматты принтерлерге арналған еріткіштерге негізделген жаңа сия түрі. Құрамында адам денсаулығына зиянды иіс пен қоспалар жоқ. Мысалы, циклогексан. Пигментті және су негізіндегі сиядан циклогексанның басты артықшылығы винил тасымалдағыштарға өте жақсы сәйкес келеді және басып шығару кезінде күйіп қалуға төзімді», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, аталған машина барлық озық кесу функцияларын жүзеге асырады. Оның қатарында автоматты түрде танылатын тегтер бойынша контурлық кесу, over-cut, яғни, абсолютті жабық контурларды кесу, өткір бұрыштары бар контурларды кесу, segment correct function, яғни, ұзын кенептерде топтастырылған элементтерді жоғары дәлдікпен кесу, нүктелі кесу, жұқа материалмен кедергісіз жұмыс істеу үшін алдын ала кесу бар.
– Қазір әлеуметтік желі арқылы қаладағы жаңа бизнес-жобалармен танысып, қарап отырамыз. Жаңа заман ағымына қарай түрлі сервис түрлері жанданып келеді. Соның ішінде өзіміздің қалада экологиялық фото түсқағаздары шығарылып жатқанын естігенде таңданып қалғанымыз рас. Жұмысыма қатысы жоқ болса да, отбасымызбен түскен фотоларды үлкен форматта шығарып, үйге іліп қойғанды жақсы көреміз. Сондықтан фотостудияларға, жарнама агенттіктеріне жиі барамын. Ал мына жаңалықты естіп, шынымен қуанып қалдым. Әйтпесе, осы уақытқа дейін фото түсқағаздарының экологиялық зияны болуы мүмкін екенін де қаперге ілмеппіз, – дейді қала тұрғыны Азат Рахманұлы.
Айта кету керек, аталған жарнама агенттігі қажеттілікке қарай жапсырмаларды, қаптамаларды, плакаттарды, жарнамалық тақтайшаларды, көрсеткіштерді, белгілерді, жарық қораптарын, көлемді әріптерді де басып шығаруда.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!