Дала жасыл желекке бөленіп, көңіл де көкпен бірге жайнай бастайтын көктем мен жаз мезгілі – гүлдердің маусымы. Сан түрлі түсі мен сипатына, тұтынушының талғамына қарамастан кез келген гүл қыз баласының аксессуары секілді.

Болмысымен әйелдің нәзіктігін, түсімен мерекенің мәнін, иісімен махаббатты, тарихы мен аңыз-әңгімелер арқылы қай гүлді кімге, қашан сыйлау керегін ұғынамыз. Гүл сыйлауды да, алуды да сүйетіндер үшін пион ерекше сұранысқа ие. Бұл гүлдің танымал болуының құпиясы неде? Шығу тарихы қандай? Пион туралы басқа да маңызды ақпараттармен бірге танысамыз.

Пион қайдан шыққан?

Пион – Paeonia тұқымдасына жататын гүлді өсімдік. Пиондардың алғаш пайда болған жері Азия, Еуропа және Солтүстік Америка. Бүгінде бұл гүлдің 4500 сұрпы белгілі. 1957 жылы Индиана штатында пионның атағы жер жара бастаған. Тарихи деректер бойынша дәл сол жылы бүкіл штаттың символы болған деседі. Ол сәуір мен маусым айы аралығында гүлдейді. Сәлдегүл көбінесе қызғылт, алқызыл түсте кездеседі. Алайда оның ақ, қызыл, маржан түстес, сары, қызғылт сары түсті түрлері де бар.

Біздің заманымыздың V ғасырында Қытайда империя бақшаларын сәндеу мақсатында өсірілген гүлдердің тарихы ежелден басталады. Ең қызығы сол кезеңдерде аталған гүлді қарапайым халыққа өсіруге рұқсат етілмеген. Мұның себебі неде? Ең алдымен пион қалтаны жұқарта­тындай қымбат болса, екіншіден, ол ресми түрде патша гүлі деп аталған. Тіпті, күні бүгінге дейін байлық пен танымалды­лықтың символы болып саналады-мыс.

Ежелгі римдықтар пионды дәрілік гүл және жанды тыныштанды­ратын зат деп таныған. Гүлдің тамырларынан жасалған түрлі тұнбалар адам жанын тыныштандыратын қасиетке ие болған. Ол уайым-қайғыдан арылтып, ұйқының бұзылуын, тиісінше адамның режимін реттейді. Көршілес Ресейге пиондар І Петр патша дәуірінде келген. Оның қарапайым түрін дәрілік мақсатта қолданған болса, түкті түрін монастр мен корольдік бақшаларды сәндеу мақсатында қолданған. «Пион» атауының өзі «paionios» сөзінен шыққан, грекше «дәрілік, емдік» деген мағынаны білдіреді. Алайда көбіне дәрілік мақсатта қолданылады деген түсінік қате. Грек мифологиясымен байланысты тағы бір нұсқа бойынша сол кезеңде ем құдайы – Асклепияның шәкірті Пеон есімді талантты дәрігер өмір сүрген. Аңызға сүйенсек, дәрігер жерасты патшасы Аиданы Гераклдың шайқасынан кейін емдеп жазған. Асклепий шәкіртінің дарынына қызығып әрі қызғанып оны уландырмақшы болады. Пеон жоспарланған жайтты біліп қояды да, көмек сұрап құдайға дұға етеді. Сонда грек құдайы алғыс ретінде Пеонды ерекше гүлге айналдырады. Осылай танымал дәрігер өлімнен аман қалады да, «құтқарушы» деген атауға ие болады. Гректерден осындай аңыз қалған.

Қағаз гүлдердің ғұмыры, тіпті,

Ұзақтау екен шын гүлден…

Қытайда пионды «жиырма күндік гүл» деп те атайды. Шынында да, күлтелері үш аптадан артық өмір сүрмейді. Иә, гүл алуды ұнататындар оның күтімі мен өмірін ұзартудан хабардар болуға тиіс. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған пиондардың ғұмыры әлемгі әйгілі раушанның жүздеген түріне қарағанда ұзақ екен. Егер пион гүлшоғын құмыраға салып, су құйып қойса, онда ол 6-10 күнге дейін солмайды. Бағбандардың айтуынша, пионның өмірін ұзартатын, қолданысқа ие бір тәсіл бар. Ұзақ сақталуы үшін пионды әр түн сайын тоңазытқышқа немесе салқын жерге қою қажет. Аталған тәсіл пион бүршігінің ашылуын баяулатады.

Сыйға алған кезде гүл неғұрлым ашық болса, соғұрлым тез солып қалатыны белгілі. Сонымен бірге гүл күтімін жасамас бұрын құмыра мен қай­шы­лардың тазалы­ғына мән бер­ген жөн. Бакте­рия­лар пионның гүлдену процесін тездете­ді. Гүлдің жапыра­ғын суға тигізбеуге тырысыңыз, өйткені жапырақ суға тисе, тез шіриді. Ал пайда болған бактерия гүл мен бүршіктерге сіңіп кетеді.

Сәттілік пен махаббат символы

Гүл сыйлау да, гүл алу да – өнер. Раушан гүлін түрлі мерекеде, кез келген қуанышта, себепсіз сыйлайтын болса, сәлдегүлді сыйлаудың өзіндік тәртібі бар. Себебі ол түсіне, түріне қарай түрлі мағынаны білдіреді.

Алқызыл пиондар романтикалық көңіл-күйдің белгісі. Түрлі мерекеде ол сәттілік пен гүлденудің символы ретінде сыйланады. Қызғылт пион байлық пен абыройды білдіреді, сондықтан олар үйлену тойының 20, 30 жылдығының ресми гүлі іспетті. Тағы бір танымал түсі – ақ пион гүлі. Оны әртүрлі салтанатты кештерде сыйлауға болады. Сонымен бірге өзіңізге ерекше жақын қарым-қатынастағы, жаныңызға ыстық адамға сыйлауға да болады. Мәселен, анаңызға, жақын досыңызға, сүйікті ұстазыңызға сыйлаған жөн.

Пион гүлі жайлы аңыз-әңгіменің көп екеніне көзіміз жетті. Сонымен бірге ол түрлі шетелде өзінше мағына, маңызға ие. Айта кетер болсақ, Жапонияда олар батылдық, абырой және сәттілік символы ретінде қолданылады. Жалпы пиондар гүлденуді, сәттілікті, махаббат пен құрметті білдірген. Әлі күнге дейін осындай мәнде сыйланады. Ал қытайлықтар пиондар сәттілік әкеледі деп сенумен қатар оны достық пен әйел сұлулығының символы деп санайды.

Егер осы күнге дейін ең үлкен гүл күнбағыс деп есептеп келсеңіз, қателестіңіз. Сәлдегүлдің кей сұрпының диаметрі 25 сантиметрге дейін жетеді. Пионды бақшаға еккеннен кейін ең алғашқы жылы гүлдемейді.Пионды сатып аларда күлтесі ашылмаған түрін алған дұрыс, сонда ол ұзағырақ өмір сүреді. Айта кету керек, пион гүлін тойда қалыңдық гүлінің қатарына қосу сәнге айналды. Себебі ол бақытты некенің, берекелі отбасының, адалдық пен байлықтың нышаны. Осындай себептерге, шығу тарихына байланысты әлем халықтарының ең сүйікті, сұраныстағы гүлдерінің қатарынан түспей келеді. Гүл сыйлауға себеп қажет емес деп танитын әлемдік этикетте пион гүлі атаулы күнді күтпей-ақ, қуаныш сыйлау үшін де беріледі.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!