Осыдан отыз жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигоны Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен түпкілікті жабылды. Бірақ әлі күнге дейін ядролық сынақтардың салдары толықтай жойылды ма деген сауалдың көкейде тұратыны рас. Сол кездегі ел басшылығының ҚР Ұлттық ядролық орталығын ұйымдастыру туралы шешімі ядролық зерттеу реакторларын пайдалануды жалғастыруға, толық ауқымды радиоэкологиялық зерттеулерді бастауға және бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын оңалтуға мүмкіндік берді. Сондықтан көпті мазалаған сынақ алаңының қазіргі ахуалы туралы орталық басшысымен бірге тарқатуға тырыстық.
Ұлттық ядролық орталық құрылған сәттегі алғашқы қадам Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтар инфрақұрылымын және оның салдарын жою болды. Бүгінде Ұлттық ядролық орталық ‒ Қазақстанның табысты ғылыми кәсіпорындарының бірі. Онда 2000-ға жуық адам еңбек етеді. Орталықтың құрамына Атом энергиясы институты, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, «Байкал» кәсіпорнынан басқа, өткен жылы Геофизикалық зерттеулер институты кірді. Орталықта барлық қажетті инфрақұрылым, сондай-ақ ең ірі және бірегей эксперименттік база қалыптасқан. Оған екі ядролық зерттеу реакторы, эксперименттік стендтер мен қондырғылар, иондаушы сәулелену көздерінің қоймасы, қазақстандық КТМ материалтану, сондай-ақ әлемдегі ең ірі табиғи зертхана – Семей сынақ полигоны кіреді. Бұл жайында бізге толығырақ орталықтың бас директоры Эрлан Гадлетұлы айтып берді:
‒ Қазір жоғары қауіпсіздікпен, бәсекеге қабілеттілікпен сипатталатын және болашақта еш күмәнсіз, әлемдік ядролық энергетиканың негізі болатын 4-інші буындағы энергетикалық ядролық реакторлардың жаңа жобалары ерекше орын алады. Осы бағыт бойынша ҚР ҰЯО жапондық ғылыми ұйымдармен бірге қызмет істеп келеді. Атап айтқанда, EAGLE-3 жобасы бойынша эксперименттік бағдарлама ойдағыдай іске асырылуда. Бұл жоба қазіргі уақытта Жапонияда әзірленіп жатқан натрий жылутасығышы бар шапшаң нейтронды реактор материалдарының балқуымен болған ауыр апаттардың салдарын жеңілдету жолдарын іздеуге бағытталған. Францияның Атом энергетикасы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен бірлесіп SAIGA жобасы іске асырылуда, ол ауыр апат жағдайында ASTRID реакторының отын жинағының әрекетін зерделейді. (ASTRID – натрий жылутасығышы бар шапшаң нейтронды реактор). Біздің эксперименттік базада Доллежаль атындағы ЭТҒЗКИ АҚ-дағы ресейлік әріптестермен бірлесіп, шапшаң нейтрондардағы БРЕСТ-300 ең жаңа тәжірибелік-демонстрациялық реакторының отынына сынаулар жүргізу жобасы іске асырылуда, бұл реактор ресейлік «Прорыв» бағдарламасы шеңберінде әзірленеді, ‒ дейді Э.Батырбеков.
Айта кетейік, басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамыту бағыты шеңберінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша ҚР ҰЯО негізінде КТМ материалтану эксперименттік кешені құрылған. Ол болашақтың термоядролық реакторларында пайдалануға жоспарланған материалдардың қасиеттері туралы бірегей деректер алуға мүмкіндік береді. Бүгінде ТМД елдерімен бірлесіп пайдалану туралы алты ел қол қойған келісім аясында зерттеулердің ауқымды кешені жүргізілуде.
Отыз жыл ішінде не өзгерді?
Осы уақытқа дейін халықаралық келісімдер шеңберінде ССП-дағы ядролық сынақтар жүргізілген барлық инфрақұрылымды жою бойынша жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде жер асты сынақтарын жүргізуге арналған Дегелең таулы алқабының 181 штольнясы, 13 пайдаланылмаған ұңғыма, сондай-ақ «Балапан» алаңындағы 12 шахталық іске қосу қондырғылары ядролық қару сынақтары үшін қолдануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілген.
‒ Бұдан әрі жұмыс ядролық қару сынақтарының салдарын жоюға және жаппай қырып-жоятын қарудың таралу мәселелері тұрғысынан шетін ақпаратты қамтитын объектілерге қатысты қауіпсіздікті күшейтуге бағытталды. 2000-2012 жылдар аралығында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы (РФ), ҚР ҰЯО және АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігінің мамандарымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде құрамында ядролық қызметтің қалдықтары бар сынақ ұңғымалары сенімді түрде консервацияланды (Ақтамберді алаңының 2-учаскесі). Алты «Колба» контейнері сенімді көмілді, екі штольнялық объектіден арнайы технологиялық жабдықтар алынып, РФ-ға әкетілді. Ядролық қызмет қалдықтарын байланыстыру және жоспарланған барлық 42 штольнялық объектіде физикалық тосқауылдарды күшейту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұрынғы ССП объектілері мен алаңдарында ядролық қызмет қалдықтарына және ядролық сынақтар жүргізу объектілерінде болған «шетін» ақпаратқа рұқсатсыз (өнеркәсіп құралдарын қолданбай) қол жеткізуді толығымен болғызбайтын, жалпы көлемі шамамен 90 000 куб метр сенімді қорғаныс тосқауылдары жасалды, ‒ дейді Э.Батырбеков.
Кәсіпорын Семей полигоны жабылғалы бері 8 ірі жобаны іске асырған. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіру еді. Оңалту жұмыстары барысында ядролық қызмет қалдықтары анықталған объектілерге рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмайтын инженерлік қорғаныс тосқауылдары салынып, 2020 жылы «Тәжірибе алаңында» оңалту жұмыстары түпкілікті аяқталған. Бұл ‒ ҚР ҰЯО іске асырған ең ауқымды жобалардың бірі және ядролық қаруды таратпау тұрғысынан алғанда әлем тарихында 116 жерүсті және әуедегі ядролық жарылыстарды өткізу алаңы қауіпсіз күйге келтірілген алғашқы мысал болды.
‒ Биыл Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығында біз полигон аумағын кешенді радиоэкологиялық тексеруді аяқтаймыз. Қазіргі уақытта біз 18300 кв. км-ден астам аумақты алып жатқан полигонның радиоэкологиялық мәртебесі туралы толық түсінікке ие екенімізді сеніммен айта аламыз. Бүгінде ССП-дағы осы ауқымды жұмыстың нәтижелері ҚР ҰЯО РМК-ның алдына полигон мен оған іргелес аумақтардың ядролық және радиациялық қауіпсіздігін одан әрі жақсартуға бағытталған жаңа міндеттер қоюға мүмкіндік береді. Осы жаңа міндеттерді шешу үшін Энергетика министрлігі «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң жобасын әзірледі. Ол қазіргі уақытта ҚР Парламентінде қаралуда. Заңның қабылдануы полигон аумағының және оған іргелес аумақтардың жаңа шекаралары есебінен айтарлықтай азайтылған жерлерде радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге, бұрынғы полигон жерлерін пайдалану мәселелерінде, оның ішінде жер пайдалану мәселелерінде, РАҚ-ты орналастырғаны үшін эмиссияларды төлеу бөлігінде салық кодексі мәселелерінде, аумақты оңалтуда, елдің ғылыми әлеуетін дамытуда мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді, ‒ дейді Э.Гадлетұлы.
Сегіз алаңға қандай зерттеулер жүргізілді?
Биыл Семей сынақ полигонында ең ірі кешенді тексеру аяқталады. Он екі жылға созылған зерттеудің мақсаты қандай, ұзақ мерзімді жобадан кейінгі нәтиже көңіл көншіте ме? Маңызды сауалға жауап іздегенімізде, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК-ның бас директоры Эрлан Батырбеков келесідей мәлімет ұсынды:
‒ 2008 жылы «Бұрынғы Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Семей сынақ полигонын кешенді экологиялық тексеру басталды. ССП-ны кешенді экологиялық тексеру кезінде полигонның бүкіл аумағындағы радиациялық ахуалды біркелкі зерттеу көзделді. 2021 жылы кешенді тексеру аяқталады. Жүргізілген ССП аумағын зерттеу жұмыстары полигонның және оның топырақ жамылғысы, атмосфералық ауа, жерүсті және жерасты сулары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі сияқты табиғи орта компоненттерінің қазіргі заманғы радиоэкологиялық жай-күйін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік берді. Тексерілетін аумақта тұрып жатқан адамның алуы мүмкін сәулелену дозалары есептелді. Жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі радиоактивті ластанудың барлық маңызды учаскелерін, радиоактивті заттардың ағымдағы және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктерін анықтау болды. Радиоактивті ластанған жерлердің негізгі бөлігі ядролық қару сынақтары жүргізілген сынақ алаңдарының шегінде орналасқан, ‒ дейді Э.Гадлетұлы.
Жалпы Семей сынақ полигонында «Тәжірибе алаңы», «Дегелең», «Балапан», «Сарыөзен», «Ақтамберді», «4», «4А» және «Телкем» аталатын сегіз алаң бар. Сондай-ақ полигонда жарылыс эпицентрлерінен оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағытта ондаған километрге созылған «радиоактивті түсу іздері» деп аталатын радиоактивті ластануға ұшыраған алаңдар арасында орналасқан барлық учаскелер анықталған.
‒ Радиоэкологиялық зерттеулермен қатар «Тәжірибе алаңы» және «Дегелең» алаңдарында неғұрлым ластанған учаскелерді рекультивациялау тәсілдері пысықталды. «Тәжірибе алаңында» ластанған топырақты алу жұмысы жүргізіліп, ол кейіннен «Байкал-1» реакторлық кешенінде орналасқан мамандандырылған қойма аумағына ұзақ сақтауға орналастырылды. Осы учаскелерге іргелес аумақтарда радиоактивті ластану деңгейін төмендету терең жыртуды жүргізу арқылы қамтамасыз етілді. Рекультивациялық іс-шаралар «Дегелең» алаңында да жүргізілді, штольняның анағұрлым ластанған портал маңындағы учаскелері үстінен таза топырақ себілді. Жүргізілген жұмыстар кешені қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір төмендетуге мүмкіндік берді, ‒ дейді Э.Батырбеков.
Атом саласының қызметкерлері қалай дайындалады?
Атом саласын ақпараттық және кадрлық қолдау ‒ Ұлттық ядролық орталық қызметінің стратегиялық бағытының бірі. Сондықтан саладағы кәсіби мамандардың жағдайы, әсіресе жастардың атом саласына деген қызығушылығы мен үлесі бізге де тың тақырып болғаны рас. Ойымызды айна-қатесіз оқыған Ұлттық ядролық орталығы мықты мамандар шоғырланған алаң екенін бірден байқатты. Болашағын атом саласымен байланыстыратын жас түлектер кәсіпорынның ғылыми-техникалық және өндірістік базасындағы С.Аманжолов атындағы ШҚУ КеАҚ, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті КеАҚ және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ КеАҚ сияқты өңірлік жоғары оқу орындарының бейінді кафедраларының филиалдарында білім ала алады.
‒ Арасында 7 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты және 17 PhD бар кәсіпорын ғалымдары «Техникалық физика» және «Физика» мамандықтары бойынша жоғары оқу орындары негізінде жұмыс істейтін диссертациялық кеңестерді басқарады. Студенттерге бірегей эксперименттік қондырғыларда тәжірибелік оқудан өтуге және өз жұмыстарын орындау үшін кәсіпорынның заманауи аспаптық-талдамалық базасын пайдалануға мүмкіндік бар. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнда тәжірибенің 42 түрі ұйымдастырылса, жыл сайын тәжірибенің 100-ден астам түрі ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта ҚР ҰЯО қызметкерлерінің орташа жасы 42 жасты құрайды. Жастар кәсіпорын өміріне белсенді түрде қатысады, тұрақты негізде өзінің кәсіби деңгейін арттырады. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын қызметкерлері өндірістен қол үзбей ҚР және РФ жоғары оқу орындарының магистратурасында, докторантурасында және аспирантурасында білім алу арқылы өздерінің білім деңгейін және кәсібилігін арттырады. Бүгінгі таңда 16 адам магистратурада, 18 адам PhD докторантурада және 19 адам аспирантурада оқиды, ‒дейді Э.Гадлетұлы.
Айта кетейік, МАГАТЭ желісі бойынша Ұлттық ядролық орталық қызметкерлеріне Ресей, Жапония, Португалия, Беларусь, Чехия, Австрия, Бразилия, Германия, Эстония, Швеция және т.б. жақын және алыс шетелдердің жетекші ғылыми орталықтары мен ұйымдарында тағылымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан өтуге мүмкіндік бар. Әсіресе қазір Ұлттық ядролық орталықтың Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен (JAEA) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрлар даярлау жөніндегі ынтымақтастығы ойдағыдай дамып келеді. Аталған ынтымақтастық атом энергетикасын кеңінен дамытуды жоспарлап отырған Азия елдері үшін нұсқаушы-оқытушыларды даярлау бағдарламасының маңызды буыны саналады. Мамандарды оқыту екі кезеңде ұйымдастырылған. Бағдарламаның бірінші кезеңінде ҚР ҰЯО мамандары JAEA Адами ресурстарды дамыту орталығына жіберіледі, онда олар нұсқаушылар курсында оқиды. 2010 жылдан бастап оған 30-дан астам қазақстандық маман қатысқан. Оқытудан өткен нұсқаушы-оқытушылар жапондық сарапшыларымен бірлесіп Ұлттық ядролық орталық негізінде мамандарды оқытуды жүргізеді. 2012 жылдан бастап ҚР ҰЯО-да жыл сайын «Ядролық және радиологиялық апаттарға дайындық» және «Реакторлық технологиялар» курсы өткізіледі.
Жас ғалымдар мен мамандар жұмысының тиімділігін арттыру, кәсіби өсуіне жәрдемдесу және жас мамандар зерттеулерінің нәтижелерін тарату мақсатында 2001 жылдан бастап жыл сайын ҚР ҰЯО жас мамандарының ғылыми жұмыс конкурсы өткізіліп, оларды қызметке ынталандыру мақсатында «Бас директордың атаулы стипендиясы» және жарияланымдық белсенділігі үшін материалдық сыйақы тағайындау жолға қойылған. Мұндай белсенді қолдау жас ғалымдардың өз әлеуетін ойдағыдай іске асыруға және өз жұмысының нәтижесін сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді дейді орталық мамандары.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!