Солтүстік Қазақстан облысында қыс қауіпсіз өтуі үшін 300 жылыту пункті әзірленіп, 1250 техника дайындалды. Құтқарушылар атқарылған жұмыс жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша желтоқсан-қаңтар айлары боранды болып, қар қалың түседі. СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Серік Наурызбаевтың айтуынша, өңірде бірқатар кешенді шара қолға алынды. Бүгінде 300 жылыту пункті дайын тұр. Жолдарды ашуға қажет 1250 техника сақадай сай.
«Соңғы екі жылда қыста орта есеппен 30 рет жолдар жабылып, жеңіл көліктердің жүруіне шектеу қойылды. Өткен қыста ТЖД, жергілікті билік және жол ұйымдарының күшімен жолда қалған адамдар 31 рет құтқарылды. Көмек берілген 86 адамның 8-і – бала.
Былтыр қар аз болды. Бірақ соған қарамастан 23 рет жол жабылып, көліктің жүруі шектелді. Биыл қазан айынан бастап республикалық маңыздағы жолдар екі рет жабылды», – дейді Серік Наурызбаев.
Маманның айтуынша, СҚО аумағында 406 қар басатын аумақ есепке алынды. Жалпы өңірде 9 мың шақырымға жуық жол бар.
Биыл қыс басталмай жатып құтқарушылар бірқатар апаттық-құтқару жұмысын жүргізген. Соның бірі 5 қараша күні Тайынша ауданындағы Келлеровка елді мекенінде болды. Ауа райының бұзылуына орай республикалық маңыздағы жол жабылып, автобуспен келе жатқан 43 адам, соның ішінде 7 бала жылыту пунктіне орналастырылды. Олардың барлығы Ресей азаматтары. Жолаушылар түнеп, таңертең аман-есен сапарларын жалғастырды.
«Өңір тұрғындары мен қонақтарын дауылды ескертулерге құлақ асып, күн райы бұзылған жағдайда, боранда жолға шықпауға кеңес беремін. Алыс жолға шыққан жағдайда көліктің техникалық жағдайын тексертіп алған жөн. Өзіңізбен бірге күрек, май шам, жылы киім алып шығуды ұмытпаңыз. Дизельмен жүретін көлік болған жағдайда маусымдық отынды пайдалану қажет. Өйткені бұған дейін жазғы дизель отынын құйып, жолда тұрып қалған көліктер болды», – дейді СҚО ТЖД бөлімінің бастығы Серік Наурызбаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!