Халық арасында «Су – ырыстың көзі»,
«Су – тіршілік көзі» сынды нақыл сөздердің кездесуі қайнар судың адамзат өміріндегі мән-маңызын айрықша білдіріп тұр. Барша тіршілік атаулының негізі болған судың да сарқылар шағы, таусылар уақыты болуы мүмкін. Бүгінгі таңда су тапшылығы, оның ішінде ауыз судың қолжетімсіздігі әлем бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Халықтың ауыз суға деген сұранысы ұлғайған сайын барша адамды сумен қамту жұмысы күрделене түсуде.
Егеменді еліміздегі ауыз су мәселесі де көңіл көншітерлік емес. Ел аймақтарындағы су ресурстарының жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Қазақстан суды үнемдеу үшін егістік алқаптарын қысқартуға мәжбүр. Ірі өзендердің жойылып кету қаупі бар. Сырдария, Әмудария және Ертіс трансшекаралық өзендері Орталық Азияны сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі көз болғандықтан, су қазақстандықтар үшін қол жетпес байлыққа айналуы ғажап емес.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері және тұтастай алғанда сумен жабдықтау жүйелерінің сипаттамалары қанағаттанарлық жағдайда емес. Отандық шенеуніктердің пікірінше, 2050 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы үш есеге дейін артуы мүмкін. Суға зар болған сүреңсіз болашақтың алыс емес екенін түсінген ел «өмірге нәр беретін ылғал» алудың жаңа жолдарын іздестіруде.Қазақстандағы ауыз судың тапшылығы су ресурстарының шектеулілігіне, олардың ластану дәрежесінің жоғары болуына, су қорының республика бойынша біркелкі таралмауына және бюджеттік шығындарға байланысты өсіп отыр. Сондай-ақ, бір жұтым ауыз суға зар болған ауыл тұрғындарынан гөрі суды емін-еркін қолданатын қала тұрғындары судың қадірін көп түсіне бермейді. Суды үнемдеу деген түсінік жоқ.
Сондықтан алдымен «су стратегиясы» аясында билік халықты суды үнемді пайдалануға дағдыландыруды көздеп отыр. Қазақтарды суды үнемдеуге шақыру үшін шенеуніктер тарифтерді көтеріп, әр жерге есептегіш қондырғылар орнатуда. 2000 жылдардан бері сумен қамту мақсатында іске асырылған бірнеше бағдарламалар болды. Олардың ішінде «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл-ел бесігі», «Ақ бұлақ», «Таза су» сынды бағдарламаларды атауға болады. Десе де, елдегі шалғай елді мекендердегі ауыз суға қатысты ахуал сол баяғы қаз-қалпында қалды. Алыс аумақтарды айтпағанда, ірі мегаполис Алматының маңындағы кейбір кішігірім ауылдардың өзінде халық ауыз суға жете алмай отыр. Дамыған елде мұндай көріністі елестету қиын. Бұл қазіргі күннің шындығы. Президент Алматы облысындағы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бар, әрі ол түрлі бағдарламалардың іске асырылуына қарамастан, жақсы нәтижеге жете қоймады деген болатын.
Су тапшылығын азайту, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан жедел іске асырылуы тиіс шара. Су бүгінгі таңда ешнәрсемен алмастырылмайтын жалғыз табиғи ресурс екенін есте ұстауымыз керек.
Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!