«Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер» демей ме Шалкиіз жырау. Яғни тіршілік көзі саналған судың тілсіз жау екені де рас. Қаперге алмаса қапияда қыршын қиылып, салдары сан соқтырады. Әйтпегенде тасқыннан тасада қалу мүмкін емес. Жерді су жайласа жалпақ жұрттың үрейі үдеп, күдігі көбеймей ме? Мәселен толассыз жауған жауынның тоқтамы болмай, көрші елдің көшесі көл-көсір суға толды. Су тасқынымен күресте Қытайдың қауқары да жете қоймады. Әлбетте табиғаттың тылсым күшіне төтеп беру оңай емес. Десе де қауіп-қатердің алдын алуды қарастырып, қамданған ләзім. Айтып келмеген апаттан азап шеккендер бар. Ақпаратқа сүйенсек, Цзилинь провинциясындағы Шулань қаласына жауған нөсер жаңбырдан кем дегенде 14 адам қаза тапқан. Енді ғана аймақта жаңбыр тоқтап, су қоймалары мен ірі өзендердегі су деңгейі қауіпсіз деңгейге төмендеді.
Асылында, апаттан алыс болудың амалы – оның алдын алу. Мәселенің ахуалы алаңдататыны ақиқат. Еліміздегі жағдай мәз емес секілді. Себебі, басшылық кей өңірлердің су тасқынына дайын еместігін айтып дабыл қағуда.
– Елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақтылы орындалмайды, салдарынан мемлекет көп шығындалады. Өз кезегінде, ТЖМ-гі құзыреті шеңберінде Жол картасының іс-шараларын орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады. Оның орындалуының талдауы көрсеткендей, 218 іс-шараның 88 немесе 40% орындалды оған шамамен 14 млрд теңге жұмсалды, – деді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.
Сонда жол картасында бекітілген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Бұл Абай облысында ғана 100%-ға орындалғанын айтты. Ал Шымкент қаласында Бозарық каналын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанымен, техникалық тексеруден басқа ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Сонымен бірге облысымыз бойынша үшінші жыл қатарынан Сырдария өзенінің арнасын тазартуға бөлінген бюджет қаражаты игерілмеген.
– Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұғызса, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, осы қаражатты күні бұрын алдын ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді, – деді министр.
Иә, құрғақ қисапты алға тартпай, қаражатты орынды жұмсаған ләзім. Шынында да шығынды көбейткеннен гөрі оған дейін мәселенің мәнін тапқан құба-құп. Игілікке бағытталған қаржының игерілгені жөн-ақ. Әйтпесе желге ұшқан ақшаның есебін айтпағанда, адам өміріне де жауапты болу керек шығар.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев керісінше, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары уақтылы жүргізілгенін айтты. Ведомство басшысы 2023 жылғы су тасқыны кезеңі штаттық режімде өткенін, сондай-ақ жол төсемі мен жасанды құрылыстардың шайылып кету қаупі туындамағанын мәлімдеді.
«Су тасқыны қаупі жоғары жол учаскелерінде су өткізу құбырының мөлшері мен саңылауларының диаметрі ұлғайтылып жатыр. Қауіпті кезеңге автомобиль және темір жолдарды дайындау барысы тұрақты бақылауда. Барлық қажетті іс-шара өткізіліп келеді. Кешенді шаралар су тасқыны қауіпі жоғары учаскені азайтуға, жолдардың қирауын алдын алып, көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейінгі 3 жылда су тасқыны қаупі бар учаске 1,2 есеге азайды», деді Марат Қарабаев.
Министрдің айтуынша, қауіпті кезеңде жедел шаралар қабылдау үшін 17 арнайы металаралық құрылым, 44 рельс пакеттері дайындалып, ТЖМ аумақтық органдарымен теміржол төсемінен жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттердің жай-күйі тексеріліп жатыр.
Байыпты байламмен жұмыстың жүйелі жүргізілуіне атсалысса көптің көңіліндегі күдік те сейілмек. Тиісінше бұл дүдәмал ой кешуге душар етпейді. Сондықтан тығырыққа тірелгенде жалтақтамас үшін тындырымды істің атқарылғаны қандай жақсы.
Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да су тасқыны бар аймақтар туралы тілге тиек етті.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Министрлік және оның ведомстволық бағынысты құрылымдары мынадай іс шараларды жүргізбек. Жыл сайын «Қазсушар» РМК базасында Министрліктің жедел штабы құрылады. Кезекшілік кестесі бекітіліп, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суларды апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ ТЖ туындау қаупі дәрежесі бойынша су шаруашылығы объектілерінің тізбелері жасалады. Сонымен қатар, көрші мемлекеттерде орналасқан трансшекаралық су объектілерінде су жинақтау көлемі талданбақ. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «Қазсушар» РМК бөлімшелері инертті материалдардың қажетті қорын дайындауда.
Әлбетте сақадай-сай дайындық тасқынға тосқауыл болатыны анық. Сондықтан мүмкіндікті мүлт жібермей, бюджеттегі қаржының бөлініске түспеуін қадағалау маңызды. Әрбір құрылған жоспар мен жүзеге асырылған жұмыс табиғат табан астынан мінезін көрсеткенде теңселіп кетпеуімізге тірек.
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!