Жаздың жаймашуақ күндері артта қалып, күздің қоңырсалқын уағы басталды. Көпшілік ұзаққа созылған демалыстан қарбалас тірлікке қайта қосылған шақта туризм жайлы сөз болатыны бар. Сондықтан аймақтағы туризмнің соңғы уақыттағы дамуы жайлы жазуды жөн көрдік.

EQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстан аумағына 195 149 шетелдік турист келген. Туристердің 67%-ы Ресейден, 16%-ы Өзбекстаннан, 6%-ы Түркиядан, 4%-ы Қытайдан және 7%-ы басқа мемлекеттерден саяхаттаған. Бір қуантарлығы, шетелдіктер жиі ат ізін салатын танымал аймақтар қатарында Қызылорда облысы да бар. Айталық, Алматы қаласына − 73 012, Нұр-Сұлтан қаласына − 44 859, Қызылорда облысына − 9735, Маңғыстау облысына − 9384 адам «қонақ» болған.
Әдетте туризм тақырыбындағы пікірлерге құлақ ассақ, екі тараптың ойын білуге болады. Бірі отандық туризм сын көтермейді десе, енді бірі елдегі ахуалдың түзеліп келе жатқанын айтады. Жолдасымен бірге саяхаттауды отбасылық дәстүрге айналдырған Эльмира Әлиева − Қазақстанды түгел шарлаған турист. Одан бөлек әлем елдерінің түпкір-түпкіріне ат басын тіреген жиһангез Қазақстанда туризмнің енді ғана дамып келе жатқанын, сонымен бірге қазіргі таңда кездесетін бірқатар кемшілікті атап көрсетті.
‒ Жолдасыммен бірге Арал мен Каспий теңізі, Қаратау мен Алатаудан әрі асып, Тянь-Шаньнан өтіп Қытайға дейін барып қайттық. Қырғызстан мен Өзбекстанның таулы аймақтарында да болдық.
Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да, қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, Өзбекстанда сізді есік алдынан құшақ жая қарсы алады, бар болса да, жоқ болса да күліп жауап береді. Өздері сондай қонақжай. Еліміздің батыс аймағынан мұндай кішіпейіл көңілді байқа­мадық.
Жалпы Қазақстанда туризм енді ғана басталып келе жатыр. Мен ел ішінде саяхаттауға туристік агенттік көмегін пайдаланған емеспін. Бірақ баға жоғары, сапа төмен деген пікірге қосыламын. Оған халық кінәлі емес, өйткені туристік орта қалыптастыру үшін қыруар қаражат қажет. Жұмысты жүргізу үшін қанша адамды оқытады, жатын орын, тамақ сатып алу, оны дайындау, коммуналдық төлем бағасы бәрі-бәрі қымбат. Бұл шығынның бәрі қонақ үй иесіне немесе кәсіпкерге ауыр тиеді. Шетелде баға шынымен арзан. Неге? Өйткені олар дайын өнімді сатып алмай, өз-өздерін қамтамасыз етеді. Мұндай мәселені шешу үшін отандық туризмге арнайы субсидия бөлінгені жөн. Осы орайда өңірлердегі жағдайды да айтқым келіп отыр. Қамбашта тек киіз үйлерді салып қойған, өз басым ғимараттарын көрген емеспін. Барған кезде көлден басқа ештеңе байқамайсың. Шижағаға барсаңыз, Аралдың құмы қандай?! Сахарада жүргендей боласыз ғой. Сол жерге келген туристерді түйеге мінгізіп, дәл Түркия, Дубайдағыдай дамытуға болады. Ол үшін келушілерге жақсы жарнама керек. Ал оны жасау үшін тағы да қыруар қаржы қажет. Үкімет оған көңіл бөліп отырған жоқ. Ақшасы бар адамдарға ғана елде демалуға мүмкіндік бар, бірақ олар Қазақстанға қарағанда шетелді таңдайды, ‒ дейді саяхатшы.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан 1993 жылы дүниежүзілік туризм ұйымына мүшелікке қабылданған. Содан бергі 28 жылда ішкі туризмнің шаруасы шарықтамай, шатқаяқтап тұрғаны жиі-жиі айтылып келеді. Көрікті жерлер бола тұра, жарқыратып көрсете алмаған билікке айтылар сын көп.
− Аймақтардағы туризмді дамыту үшін әр облыс ай сайын немесе жыл сайын фестиваль ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Сол фестиваль арқылы Қазақстанның әр өңірінен туристер тарту қажет. Сол өңірдің мәдениетін, жергілікті салт-дәстүрін көрсетуге арналған іс-шаралар ұйымдастырып, ішкі туризмді дамытуға болады.
Екіншіден, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты туристік өнім жасаған дұрыс. Мысалы, Түркістан облысын көкпардың немесе шығыс тағамдарының орталығы ретінде жарнамалуға болады. Осылай әр өңірге сәйкес позиция болу керек, ‒ дейді туризм саласының сарапшы маманы Нұржан Әбдіразақов.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр Қазақстанға келген туристер саны рекордтық деңгейге жеткен. Мысалы, пандемиядан кейін елімізге 6,9 миллион адам келген екен. Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш биыл бұдан да жақсара түспек. Демек әлі де саяхатшылардың пікірін ескеріп, Сырдағы туризмді дамытуға кеш емес.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!