Бетпақта келе жатты ақсақ киік,
Сандалып қаңғырақтап басын иіп.
Пана іздеп шыбын жанға
сүйретіліп,
Мергеннің кеудесіне оғы тиіп…
Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киігі» әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе. Құралайдың салқынында төлдейтін киелі киіктің жағдайы баршаны алаңдатады. Адам түгілі аңның обалы мен сауабын білген қазақ үшін миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қалған жануар құнды. Ел арасында киіктің киесі туралы да көп айтылады. Тіпті, оларды атқан адамның бақытсыздыққа ұшырайтыны жайлы наным-сенім бар. Қазақ қызғыштай қорғаған ақбөкеннің қазіргі жайы қандай?
1920 жылы Қазақстанда киіктерді аулауға тыйым салынды. Соның нәтижесінде олардың саны 2 млн-ға жетті. 1960 жылы 1 млн 300 мың бас киік болды. 1988 жылы 500 мың киік қырылды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары 23 мыңы қалса, 2010 жылы Батыс Қазақстан облысында 12 мың бас жойылды. Кейіннен 2016 жылы 108 мың бас киік қалды. Сайын даламызды мекендеген ақбөкендердің саны азайды. Басты себебі белгілі де. Ақшаға құныққан браконьерлер жүздеген киікті азаптап, мүйізі мен тұяғын кесіп алып жатты. 2019 жылы киіктің мүйізінің бір келісі 200 мың теңгеден жоғары бағаға сатылып, Қытай базарында 3,5-5 мың АҚШ долларына дейін саудаланды деген деректер кездеседі. Себебі мүйізі дәрілік шикізат ретінде шығыс медицинасында бұрыннан қолданылады. Осы жылдардың өзінде-ақ «мүйізді мафия» қарқындап тұрған еді.

Ал биылғы көрсеткішке көз жүгірт­сек, 2022 жылдың көктемінде әуеден барлау арқылы жүргізілген есеп бойынша Қазастанда 1 миллион 318 мың бас киік бары анықталды. Соның ішінде Бетпақ­далада 489 мың, Үстіртте 801 мың және Еділ-Жайықта 28 мың киік мекендейтіні белгілі болды. Көптің көңілін алаң қылғаны, Парламент Мәжілісінің отырысынан кейін Қазақстанда мекендейтін киіктердің санын ату арқылы реттеу жайлы ақпар тарады. Себебі жылдан жылға азаюға шақ қалған жануардың саны осы жылы көбейіп отыр.Шаруалардың айтуынша, көбейген киік егістіктерге, жа­йылымдарға зиян тигізуде.
«2017 жылғы есеп бо­йын­ша киік басы 152 мың бол­са, биыл олар­дың саны 1,3 мил­ли­онға жетті. Де­ген­мен, бұл жа­нуар­дың рес­пуб­лика бо­йын­ша оңтай­лы саны 700-800 мың болуы керек екен. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысына ерекше назар аудару қажет, онда киіктердің саны 800 мың басты құрайды. Бұл өңірде жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің бәсекелестігі арта түскен. Сонымен қатар киіктер Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктерге де зиян келтіруде», – делінген орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің хабарламасында.
Дегенмен Үкімет қаулысымен киіктерді қорғауға «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды. «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалының ауданы 314504,1 гектарды, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының ауданы 343040,1 гектарды құрайды. Мәжіліс отырысынан кейін 1 айға жуық уақытта Экология министрі Серікқали Брекешев 80 мың киіктің атылмайтынын, қоғамда дау туғызған ақбөкендер санын реттеудің басқа жолы қарастырылатынын мәлімдеп, жұртшылықты қуантты. Оның айтуынша, Президент сынынан кейін министрлікпен зоология институты бірлесіп, киіктердің популяциясын реттеу бойынша ғылыми зерттеу жүргізбек. Соның нәтижесінен кейін ғана киіктердің «тағдырына» қатысты шешім қабылданады.
Өңірдегі ахуалды да айналып өтпес үшін құзырлы мекемеге хабарласуды жөн көрдік. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесінің» мамандары «Охотзоопром ӨБ» РМКҚ қызметкерлерімен бірлесіп жақында рейд жүргізгенін хабарлады. Нәтижесінде Жалағаш ауданына қарасты аумақта 17 бас ақбөкеннің өлі денесі және 54 дана мүйізі табылған. Бұл бұған дейін орын алған және қайталанып келе жатқан оқиға.Қаскөйлікте шек жоқ деген осы. Тек бір ғана тілек ойға оралады осындайда. Табиғат тыныштығын бұзатындар жазасыз қалмаса екен!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!