Тым ыстық жел немесе қапырық ауа. Бұл – жай құбылыс емес. Бұл – климаттың өзгеріп жатқанын білдіретін табиғаттың үнсіз ескертуі. Күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналған «жаһандық жылыну» – бүгіннің шындығы мен болашаққа қауіп.

XXI ғасыр – технологияның емес, табиғатпен текетірестің ғасырына айналды. Соңғы онжылдықта адамзат бұрын-соңды болмаған климаттық өзгерістерге тап келіп отыр. Құрғақшылық пен қуаңшылық, су тасқындары мен орман өрті, шөлейттену мен полюстегі мұздықтардың еруі – мұның барлығы жаһандық жылынудың көрінісі. Бұл құбылыс енді ғылыми ұғым ғана емес, өміріміздің шындығына айналғалы қашан…

Жаһандық жылыну – жер шарының орташа температурасының ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде көтерілуін білдіреді. Мұның негізгі себебі – парниктік газдардың, әсіресе көмірқышқыл газының (СО₂) атмосферада шамадан тыс жиналуы. Бұл газдар күн сәулесін ұстап қалып, планетаның «жылы көрпесіне» айналады. Нәтижесінде жер бетінің қызуы тоқтамай, климаттағы табиғи тепе-теңдік бұзылады.

NASA мен БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2023 жылы жер шарының орташа температурасы 1,5°C-қа көтеріліп, метеобақылау тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді. Соңғы 50 жылда Арктикадағы мұздықтардың көлемі екі есе азайған. Ал Қазақстанда кейінгі 10 жылда жаздың аптап ыстығы орта есеппен 1,3°C-қа артқан.

Бір ғана дерек, кейінгі 200 жылда адамзат өнеркәсіп төңкерісінен бері атмосфераға 2 триллион тонна көмірқышқыл газын шығарған. Бұл жердің жылу балансын бұзуға жеткілікті көрсеткіш. БҰҰ жанындағы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы егер 2030 жылға дейін адамзат ештеңе өзгертпей, дәл осы қарқынмен жалғастыра берсе температура 2°C-тан асады. Бұл жағдайда жер шарының 40%-ы қуаңшылық аймағына айналып, әлемдік астық қоры 20%-ға азаяды. Сондай-ақ теңіз деңгейі көтеріліп, жағада орналасқан миллиондаған қалалар су астында қалуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қағуда.

Климаттағы өзгеріс кедейлікке алып барады

Егер жаһандық жылыну тоқтамай, жер бетіндегі орташа ауа температурасы 4 градусқа жетсе, бұл әлемдік экономикаға орасан зор соққы болып тиеді. Аустралиялық ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, мұндай жағдай орта деңгейде өмір сүретін әрбір адамның табысын шамамен 40 пайызға азайтуы мүмкін.

Сарапшылардың есебінше, температураның көтерілуі 2 градустан асса, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 16 пайызға қысқарады. Бұл бұрынғы есептеулермен салыстырғанда әлдеқайда алаңдатарлық көрсеткіш. Бұған дейін экономикалық шығын бар болғаны 1,4 пайыз шамасында деп болжанған болатын.

Аустралиялық мамандар бұл жолы жаңа тәсілге жүгінді – олар әлемге танымал экономикалық үлгіні климаттың өзгерісіне байланысты сценарийлермен ұштастырған. Осы әдіс арқылы табиғи апаттардың жаһандық сауда айналымына қалай ықпал ететінін нақтырақ бағамдауға мүмкіндік жасады.

Жаңа Оңтүстік Уэльс университетіндегі Климаттық қатерлер және әрекет ету институтының ғылыми қызметкері, доктор Тимоти Нилдің айтуынша, бұған дейінгі зерттеулерде климаттағы өзгеріс экономикалық жүйеге айтарлықтай әсер етпейді деген тұжырым басым болған. Алайда ол ескірген болжауларда тек жекелеген аймақтық факторлар ғана назарға алынғанын атап өтті. Оның пікірінше, алдағы уақытта «жеткізу тізбегіндегі каскадты үзілістер» жиілеуі ықтимал. Бұл әсіресе тығыз экономикалық байланысы бар елдер үшін ауыр соққы болуы мүмкін.

Мәселен, жаһандық жылынудың зардабын көріп отырған елдердің бірі – Қазақстан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымы климаттық жағдайға тәуелді екені бәрімізге белгілі. Су ресурстары, орман және экожүйелерге келетін залал жыл сайын артуда. Мәселен Ертіс, Іле, Сырдария секілді ірі өзендердің су деңгейі төмендеп барады. Каспий теңізі жағалауының тартылуы экологиялық және экономикалық мәселелерді ушықтырып отыр. Теңіз жағалауынан табылып жатқан итбалық өлекселері оның нақты айғағы. Қуаңшылық пен құмдану Арал маңындағы аудандарда, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінде айқын байқалады.

Мұндағы мәселе тек табиғатта емес – бұл әлеуметтік, экономикалық, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, туризм саласына кері әсер етіп салдарынан жұмыссыздар саны артады. Бұл өз кезегінде көші-қонға да әсерін тигізуде. Қуаңшылық жайлаған аймақтардан елдің үдере көшуі салдарынан ішкі миграцияда да өзгерістер орын алып жатыр.

– Бүгінде Қазақстанда 500-ден астам шағын өзен тартылып барады. Бұл – табиғи апат емес, адамның қолымен жасалған климаттық дағдарыстың нәтижесі. Экожүйеге ауыр соққы тиген сайын адам баласы да зардабын көреді. Бізге кезек күттірмейтін, нақты экологиялық саясат қажет, – дейді эколог-ғалым, география ғылымдарының кандидаты Марат Жақсылықов.

Қызылорда облысында соңғы бес жылда егістік көлемі қысқарған. Су тапшылығы салдарынан күріш алқабының бір бөлігі егілмей қалған. Арал маңындағы ауылдарда құм көшкіні жиілеген, мал жайылымы тарылып, халық басқа өңірлерге көшуге мәжбүр. Бұл – жаһандық климаттың өңіріміздегі салдары ғана.

Жаһандық жылыну қатерлі ісікке шалдығу қаупін арттырады

Ғаламдық жылыну тек табиғатқа емес, адамзаттың денсаулығына да үлкен қауіп төндіріп отыр. Соңғы зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, жер шарының ең ыстық өңірлеріндегі температураның көтерілуі әйелдер арасында қатерлі ісіктердің көбеюіне себеп болып отырған көрінеді.

Зерттеуді жүргізген ғалымдар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы 17 елдің 1998-2019 жылдар аралығындағы мәліметтерін сараптаған. Нәтижесінде ауа температурасының әрбір 1°C-қа артуы әйелдер арасында төрт негізгі қатерлі ісік түрінің таралуы мен одан болатын өлім-жітімнің едәуір өсуіне себеп болғаны анықтаған. Бұл обыр түрлері – сүт безі, аналық без, жатыр және жатыр мойны қатерлі ісіктері.

Зерттеу авторлары әйел ағзасының климаттық өзгерістерге сезімтал екенін атап өтті. Яғни температура көтерілген сайын қатерлі ісіктен өлу деректері де көбейген. Әсіресе сүт безі мен аналық без қатерлі ісіктері көп тіркелген.

– Температураның әрбір градусқа көтерілуі шағын өзгеріс болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне ұзақ мерзімді, жиынтық тұрғыдан үлкен жүктеме әкеледі, – дейді зерттеу жетекшісі, Америкалық университеттің докторы Вафа Матариа.

Зерттеуде аналық без обырының таралу қарқыны ең жоғары көрсеткішке жетсе, жатыр мойны обыры салыстырмалы түрде төмен болған. Ал сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер арасында ең жиі кездескен ауру.

Температураның қатерлі ісікке әсері Қатар, Бахрейн, Иордания, Сауд Арабиясы, Сирия және БАӘ елдерінде анық байқалған. Мысалы, Қатарда температура 1°C-қа көтерілген сайын 100000 әйелге шаққанда сүт безі қатерлі ісігінің көрсеткіші 560 жағдайға артқан. Бахрейнде бұл өсім – 330 жағдай.

Зерттеу аурудың туындау себебін тікелей температурамен байланыстырмаса да, климаттың қызуы адам денсаулығына, әсіресе әйелдерге әсер ететінін жанама түрде дәлелдеп отыр.

– Температураның көтерілуі қатерлі ісіктің пайда болуына бірнеше жолмен әсер етеді. Ол канцерогендік заттарға ұшырау қаупін арттырады, медициналық қызметтің қолжетімділігіне кедергі келтіреді, тіпті жасуша деңгейіндегі биологиялық үдерістерді де бұзады, – дейді зерттеушілер.

Қайтпек керек?

Жаһандық жылынудың салдары тек температураның көтерілуімен шектелмейді. Экстремалды табиғи апаттар,яки дауыл, су тасқыны, орман өрті көбейеді. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Сонымен қатар көптеген жануарлар мен өсімдіктер жойылып кету қаупінде тұр. Климаттық миграция артып, миллиондаған адам қоныс аударуға мәжбүр болып отыр.

Жаһандық жылынумен күрес – тек ғалымдардың немесе экобелсенділердің емес, барша адамзаттың міндеті. Ол үшін ең әуелі мектеп бағдарламасына «Экология» пәнін енгізе отырып, жаңа буынның климаттық білімін арттыру қажет. Екіншіден күн, жел, су энергиясы секілді жаңа энергия көздеріне көшу маңызды рөл атқарады. Үшіншіден автокөлік, өнеркәсіп, электр қуаты секілді салаларда көмірқышқыл газының бөлінуін азайту бүгінде күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге айналып отыр. Ел тұрғындарына электр қуатымен жүретін автокөліктерді насихаттау қажет. Төртіншіден суды үнемдеу мен қалдықты азайту және орманды алқаптарды сақтау, көбейту аса маңызды екені айтпай-ақ мәлім.

Біздің басты үмітіміз – әр адамның саналы әрекетінде. Қоршаған ортаға жанашырлық кішкентай қадамдардан басталатынын естен шығармайық. Мәселен бір рет қолданылатын пластиктен бас тарту, электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптаудан өткізіп, бөлек тастау, сондай-ақ жергілікті өнімдерді тұтыну… Міне, осынау іс-әрекеттердің әрбірі табиғатқа төнетін қауіп-қатердің алдын алуға септігін тигізеді.

Жаһандық жылынумен күресу – адамзаттың болашағын анықтайтын басты мәселе. Бұл күресте әрбір адамның таңдауы, әр мемлекеттің саясаты маңызды рөл атқарады. Бұл жай ғана экологиялық дағдарыс емес, өмір сүру салтымызды қайта қарауды талап ететін ескерту. Табиғатты қорғамай, адамзат өзін де қорғай алмайды. Бүгінгі таңдауыңыз – ертеңгі ұрпағыңыздың тағдырыекенін ұмытпағаныңыз жөн.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!