Қызылордада халыққа шекті бағада сатылуы тиіс 120 тонна көкөніс қоқысқа төгілді. Қап-қап болып үйіліп, қалдықтардың арасында шашылған өнімдердің құны 10 миллион теңгеден асады. Ал жауапты мамандар көкөністің не жанға, не малға жеуге жарамсыз болып қалғанын айтады. Салдарынан қазір әлеуметтік дүкен сөрелерінде көкөністер аз екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қызылорда қаласында Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері сақтауға келмей жарамсыз болып қалған 120 тонна көкөністі қоқысқа тастады. Бұл өнімдер әлеуметтік дүкендерде қолжетімді бағада сатылуы керек болған. Қазір қоқысқа тасталған көкөністердің ішінде күннен күнге бағасы шарықтап, халықтың қалтасын қаққан пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бар.

Бұл өнімдер азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін облыстық бюджет есебінен алынған. Ал қарапайым тұрғындар әлеуметтік дүкендерде азық-түлік тапшы дейді. Айтуларынша, сауда орындарында шекті бағада сатылуы тиіс көкөністердің бірі табылса, бірі табылмайды. Сондықтан халыққа жетпеген өнімдерді қоқысқа төккен шенеуніктердің әрекетіне ашулы.

Ал тұрақтандыру қорының төрағасы биыл жарамсыз болып қалған өнімдер былтырғыдан 3 есе аз деп ақталып отыр. 2022 жылы қоймаға алынған өнімдердің 30%-ы қоқысқа төгіліпті. Ал биыл 9%-ы, яғни 10 миллион теңгенің көкөнісі жарамыз болып қалған.

“2012 жылдан бастап біз жылда өтпей қалған затты полигонға өткіземіз. Бұл өткізу жөнінде өзінің қағидасы бар. Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Ережеге сәйкес біз оны тек дүкен арқылы сата аламыз, не жоя аламыз. Оны біз таратып беру ережеде қаралмаған”, – деді «БАЙҚОҢЫР» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Самат Ерниязов.

Биыл бағаны тұрақтандыру үшін корпорацияның қоймасына 2,2 миллиард теңгеге азық-түлік алыныпты. Төраға мұның бәрін бұзып алмай халыққа сату мүмкін емес екенін айтқан.

Көп ұзамай облыс әкімінің баспасөз қызметінің өкілдері осы жағдайға байланысты “БАЙҚОҢЫР” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Самат Ерниязовтің қызметінен босатылғанын хабарлады. Сондай-ақ қаншама өнімді ысырап қылуға жол берген ауылшаруашылық басқармасының басшысы да қатаң сөгіс алған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!