«Таза Қазақстан» – жай сенбілік немесе бірреттік науқан емес. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз сөзінде бірнеше рет атап өткен өмір сүру салты. Табиғатты қорғау, тарихи мұраға құрмет және азаматтық жауапкершілік, тазалық мәдениеті – осы құндылықтарды бір арнаға тоғыстырған «Жастар рухы» жастар қанатының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы 3 000-ға жуық белсендіні ортақ мақсатқа жұмылдырды.
Жоба аясында ауыл жастарының қатысуымен бірқатар маңызды кездесу өтті. Онда білім беру сапасы, жастарды жұмыспен қамту, интернет пен байланыс қолжетімділігі, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Жарқынбек Амантай, Мұқаш Ескендіров және Мархабат Жайымбетов әр өңірде азаматтарды жеке қабылдады.

Өткен жылы Астана мен Алматы қалалары арасында 1202 шақырымды қамтыған экоэстафета биыл Алматыдан басталып, тазалық жұмыстары «Алматы – Қызылорда» тасжолының бойымен 1200 шақырымға созылды.
Арнайы шараға «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Никита Шаталов, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице министрі Мансұр Ошурбаев арнайы қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тазалық бұл – біздің өмір салтымыз, сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен қаладан басталуы қажет. Осы сөздер біздің идеялық тұғырнамамызға айналды. Қоғамда табиғатқа, тарих пен мәдениетке, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау әдетін орнықтыру керек. Жастардың бойына нағыз экологиялық патриотизмді сіңіріп, жауапты мінез-құлық қалыптастыру – біздің мақсатымыз, – деді Дәулет Жамаубайұлы.

200-ден астам белсенді жас бастап шыққан топ әр өңірде жаңа қатысушылармен толықты. Оларға студенттер, жергілікті тұрғындар мен жол бойындағы жүргізушілер қосылды. Осылайша «Taza Qazaqstan» ел бойынша ауқымды экокеруенге айналып, мыңдаған адамды ортақ мақсат төңірегіне топтастырды. Бір апта ішінде 3 мыңнан астам қатысушы 150 тоннаға жуық қоқыс жинап, оны сұрыптап, қайта өңдеуге жіберді. Осылайша эстафета табиғатты қорғаудың ғана емес, экологиялық сананы тәрбиелеудің де жарқын үлгісіне айналды.
– Бұл апта бізге тек көшелер мен жолдарды ғана тазалау емес, жалпы қоғамдық ойлау мәдениетін өзгерту қолымыздан келетінін көрсетті. 7 күнде рухтастар Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының аумағынан өтіп, 15 елді мекенді ретке келтіреді.
Біз апта сайын «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп, тарихи ескерткіштерді вандализмнен қорғаймыз, түрлі экологиялық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Енді осының барлығын біріктіріп, ауқымды экоэстафета өткіздік. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау – бұл жай ұран емес, өмірлік ұстанымға айналуға тиіс. Ал осы өзгерістің алдыңғы қатарында жастар жүруі керек. Біз Қазақстанның бұл қадамға дайын екенін дәлелдедік, – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова.
Өткен жылдың жазында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қарсы жауапкершілікті күшейтетін арнайы заңға қол қойды. Бұл заңды Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары әзірледі. Аталған құжат қоғамның сұранысына тікелей жауап болды. Белсенділер бастамашы болған петицияны мыңдаған азамат пен «Жастар рухы» жастар қанаты қолдады.

Жастар тас жолдың бойын ғана емес, киелі нысандарға да ат басын бұрып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Экоакция барысында «Ақыртас» тарихи кешені, «Тұлғалар тұғыры», «Бірлік» монументі, Ордабасы тауындағы үш бидің ескерткіші, көне Сауран қалашығы және өзге де ескерткіштер абаттандырылды. Бұл жұмыстар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында да өтті. Осы арқылы жастар вандализмге қарсы күрес – ұлттық мұра мен тарихи жадымызды сақтау екенін тағы да бір еске салды.
Күн сайын эстафета «Чемпиондық рух» жобасы аясында таңғы жаттығумен басталды. Самбо, бокс және өзге спорт түрлерінен әлем чемпиондары жастарға шеберлік сабақтарын өткізіп, экологиялық жауапкершілік пен спорттық рухтың үндес екенін көрсетті.
Мәселен, «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының төртінші күні Шымкент қаласында А.Асқаров атындағы дендропаркте «Чемпиондық рух» жаттығумен басталды. 300-ден астам белсендіге арналған жаттығуды Сидней олимпиадасының бокстан күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, паралимпиада чемпионы Алина Дубинина өткізді. Сондай-ақ Шымкент қалалық партия төрағасы Мұрат Жаңабайұлы, жастар жанашыры Есен Елеукен қосылды.

– Жастарды тазалық тәрбиелеу құптарлық іс Соның аясында спортты да қатар алып жүру өте маңызды. «Чемпиондық рух» жобасы негізінде өткізілген бұл шара тек экоэстафета аясында емес, әрбір өңірде тұрақты өтіп тұратынын білдім. Осындай жобаларды көптеп ұйымдастырып, сау ұрпақтың өсіп жетілуіне үлес қосуымыз қажет, – деді Арман Оспанов.
Күннің екінші жартысында экологиялық акциялар мен концерттер ұйымдастырылды. Қағаз, әйнек және пластик қалдықтары жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Мұнда экология міндет емес, музыканы және саналы өмір салтын біріктіретін заманауи мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қабылданды.
Эстафетаға «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» белсенділерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, студенттер, бизнес өкілдері мен жергілікті тұрғындар да қызығушылық танытты.
– Бұл іс-шара туралы әлеуметтік желіден білдім. Экология мәселесіне тек аға буын емес, жастардың да белсенді араласып жүргені қатты қуантады. Осындай бастамаларды әрдайым қолдап, жастардың таза елде өмір сүруіне жол ашу қажет. – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Қарақат Қуаныш.
Экоэстафета аясында 7 ауылдық елді мекенде жастармен кездесу өтті. Экоактивист Диас Талғатұлы мен «Қоғамды экологиялық дамыту орталығы » қоғамдық қорының жетекшісі Ясса Танир жастарға әр адамның жеке экологиялық жауапкершілігі туралы түсіндірді. Олар экологияны ұлттық деңгейдегі ортақ міндет екенін жеткізді. Президенттің тапсырмасымен басталған «Taza Qazaqstan» жобасының негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мен туған жерге құрметті әр адамның өмір салтына айналдыру. Жоба жастарды қоршаған ортаға қамқорлық жасау арқылы елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.

Жоба аясында ауыл жастарының қатысуымен бірқатар маңызды кездесу өтті. Онда білім беру сапасы, жастарды жұмыспен қамту, интернет пен байланыс қолжетімділігі, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Жарқынбек Амантай, Мұқаш Ескендіров және Мархабат Жайымбетов әр өңірде азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар ауызсу тапшылығы, жолдардың жағдайы, медициналық қызмет пен әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Депутаттар айтылған барлық өтініштер мен ұсыныстарды өздерінің парламенттік жұмысына енгізіп, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетінін айтты. Себебі «AMANAT» партиясының басты ұстанымы – бір реттік акциялармен шектелмей, елдегі өзекті мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешім қабылдауға ықпал ету.
Мәселен, Қызылорда облысы Шиелі ауылындағы қоғамдық қабылдау барысында жергілікті тұрғын ауылдық жерлерде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын қайта жандандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қалаларда тұрғын үй бағасы 30 миллион теңгеден асып, бастапқы жарна шамамен 20%-ды құрайды. Ал ауылдарда баспана әлдеқайда арзан. Сондықтан егер мемлекет жастарға ауылда ең төменгі бастапқы жарнамен үй сатып алуға мүмкіндік берсе, бұл кадрлардың ауылда тұрақтап қалуына түрткі болып, ауыл шаруашылығының дамуына жол ашар еді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл ұсынысты қолдап, мәселені Парламент деңгейінде қарауға уәде берді.

– Бұл – өте өзекті бастама. Қазір мемлекеттік ресурстардың басым бөлігі Астана мен Алматыға бағытталып отыр. Ал өңірлерде жас мамандардың тапшылығы сезіледі. Егер қалада бастапқы жарна 20% күйінде қалса, ауылда оны 1-2%-ға дейін төмендету нақты ынталандыру құралына айналары анық. Бұл жастардың ауылда қалуына, ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашар еді. Мен бұл ұсынысты Үкімет деңгейінде көтеремін, – деді ол.
Экокеруеннің Қызылорда қаласындағы тазалық жұмыстары Жаңақорған ауданынан басталды. Өңірдің бас қақпасынан эстафетаны қабылдап алған қызылордалықтар жолдың бойына тазалық жұмыстарын жүргізіп, кешкілік «Жаңақорған» шипажайында «Open Air» шарасын ұйымдастырды. Жергілікті өнерпаздар мен елімізге белгілі әншілер Нұрислам Тілеухан мен Есқара Бейбіт жастарға тынығушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай- ақ жастарға арнайы ойындар ұйымдастырылып, экологиялық сауалдарға жауап бергендерге арнайы «Zigi Zagi» сусыны мен сыйлықтар таратылды.

Сыр еліндегі екінші күнгі экоэстафета Шиелі ауданында жалғасын тапты. «Сығанақ» қалашығында «Вандализмге жол жоқ» акциясын ұйымдастырған еріктілер «Оқшы ата» қорымына да аялдап, айналасын, жол бойындағы қоқыстарды жинады.
7 күнге созылған республикалық эстафетаны қорытынды іс-шарасы Қызылорда қаласының кіреберіс қақпасында өтті. Шараға арнайы Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Жарқынбек Амантай, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова қатысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы бойынша елімізде тиісті шаралар жүзеге асып келе жатқанын жақсы білесіздер. Соның аясында «Жастар Рухы» Жастар қанатының осы бір жобасы өткен жылдан бері қолға алынып, елімізде тазалық мәдениетін қалыптастыруда тиісті шаралар жүргізіліп келеді. Биыл да Алматы – Қызылорда қаласы аралығындағы өткен экоэстафета мәресіне жетіп отыр. Осы экоэстафетаның басы-аяғында жүрген жандарға алғыс айтсақ артық болмайды.

Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда қаласы тазалық бойынша республикамызда бірінші орында тұр. Бұл сіздер үшін қуанышты жаңалық. Оның үстіне мұнда тазалық тұрғындар арасында бірінші орында тұрғанын айғақтайды, – Мархабат Жайымбетұлы.
Рас. «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асып жатқанын, сондай-ақ экология – бұл бір реттік сенбілік емес, жаңа ұлттық қозғалыс екенін дәлелдеді. Оның үстіне мұндай шараларға жастарды көптеп тарту көңіл қуантады. Тазалық өзімізден басталатынын ескерсек, осы тұрғыдағы жобаларды көбейту қажет-ақ.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!