Келесі жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болжанып отыр. Осыған байланысты президент үкіметке 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа бағыттауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлы отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, бүгінде Қазақстанды газдандыру деңгейі 53%-ке жеткен. Он миллионға жуық азаматқа газ берілді. Ел ішінде газ тұтыну өте жылдам өсіп келеді. Бұл, ең алдымен, алматылық ТЭО-2 мен ТЭО-3-ті газға ауыстырумен, газ-химиялық кешендер мен жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың іске қосылуымен байланысты.
«Келесі жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болжанып отыр. Газды экспорттауға қарағанда, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге баса мән беріледі. Үкіметтен Теңіз кен орны акционерлерімен бірлесіп 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа бағыттау мәселесін пысықтауды сұраймын», – деді Тоқаев президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, үкімет Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы жобасын қаржыландыру мәселесін тез арада шешуге тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!