Бүгінде ІТ саласы мамандарына сұраныс жоғары. Технология тілін түсінетін, оны бес саусақтай білетін жандарға жұмыс жетіп артылады. Болашақта да бұл сала мамандарына сұраныс артпаса, кемімесі анық. Себебі жаһанда технология күн санап қарыштап дамып келеді.

Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі осыдан екі жыл бұрын бағдарламалауды төменгі сыныптарда міндетті пән ретінде оқытуды бекітті. Орта мектепте бағдарламалау 2021 жылдан бастап, ал жоғары сыныптарда биылдан бастап міндетті түрде оқытылады. Пәнді оқыту ойын үлгісімен өтеді – балалар ойын кейіпкерлерімен тілдесе отырып басқару алгоритмдерін меңгереді. Қазір елдің Кога мен Такео қаласында бағдарламалау пәні бизнесмендер және қоғамдық ұйымдардың еріктілерімен ынтымақтасып бастауыш мектепте оқытылып жатыр. Сабақтар оң нәтижесін көрсетті, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы артты деген деректер бар.

 Елімізде де қарқын жаман емес. Президент өз Жолдауында 2025 жылға дейін 100 мың жоғары білікті IT маманды даярлауды тапсырды. Жалпы Қазақстанда бұл мамандық мектептерде де, жоғары оқу орнында да оқытылады. Осы мақсатта арнайы оқытушыларды дайындау жұмысы да қолға алынды. Мысалы, Назарбаев интеллектуал мектептерінің базасында соңғы жылдары 6500 мұғалім оқып шыққан. Олар робототехника, 3D-принтинг және программалауды меңгерді. Бұған қоса 5-11-сыныптарға сабақ беретін оқытушылар үшін роботехника пәнінің таңдамалы курсы жасалды.Тағы бір қуанышты хабар. Биыл Атырауда тұңғыш халықаралық IT мектеп ашылмақ. Жаңа оқу орнында жастарды IT және Digital саласындағы заманауи мамандықтар бойынша оқыту жоспарланған. Бірінші курс – Python-да бағдарламалау. Python – бағдарламалаудағы ең танымал тілдердің бірі. Бағдарлама веб-әзірлеуде, қолданбаларды жасауда, деректерді талдауда, автоматтандыру жүйелерінде қолданылады. Оқу соңында халықаралық сертификат (диплом) беріледі. Оқу ұзақтығы – 18 апта.

Ал ЖОО бойынша IT-мамандар еліміздегі бірқатар оқу орнында даярланады. Олар – Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті, Қаныш Сәтпаев атындағы қазақ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы университет, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Қарағанды техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті. 2 жыл бұрын ашылған Астана IT университеті студенттер үшін 600 грант бөлгені де есте. Білім алушылар бұл жерден цифрлық криминалис­тиканы, робото­техниканы, жасанды интеллект пен программалауды меңгере алады. Трендтегі топ мамандық жайлы тарқату үшін ІТ сарапшы пікірін де тыңдауды жөн санадық.

– ІT-мамандар –  кез келген мемлекетті көтеретін бірден-бір күш. Біріншіден, ақпараттық технология маманының сапасы елдің цифрлық экономикасын алға жылжытуға әсер етеді. Екіншіден, олар елдің инновациялық әрі технологиялық потенциалын арттырып, өмір сапасын жақсартады. Үшіншіден, халыққа көрсетілетін қызметтердің деңгейі жоғарылайды. Болашақта мемлекеттер арасындағы бәсеке халықтың компьютер сауатымен өлшенеді. Цифрлық экономика қай деңгейде болса да, IT-мамандарға сұраныс азаймайды. Сондықтан елімізде IT-мамандар, IT-саласы трендте деп айтсақ болады. Бұл –  тәжірибені көп керек ететін, еңбекті көп қажет ететін мамандық. Оны игеру үшін жастар барлық елдің тәжірибесінен хабардар болу керек деп есептеймін, – дейді Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин.

Мына дерек соның дәлелі. CareerCast сайтының командасы АҚШ-та әйгілі болған еңбек және бос жұмыс орындарының ІТ-нарығын сараптап, жұмыс берушілер үшін маңызды және еңбекақысы жоғары мамандықтардың тізімін жасап шығарған. Мұндай үрдістердің бізге сәл кешігіп жететінін ескере отырып, жақын жылдары көп сұранысқа ие болатын ІТ мамандықтарының рейтингін жарияласақ.

Бұл рейтингте бағдар­лама­шылар, web-жасау­шылар, ақпараттық қауіпсіздік бойынша мамандар, мәліметтерді сараптау және өңдеу бойынша мамандар және бірнеше мамандықтар басты орыннан көрінді. Мысалы, ең көп сұранысқа ие болатын мамандық – web-жасаушы (Web developer). Ол ІТ-индустрияға қатысты басқа мамандықтар ішінен бірінші орын алды. Ақысы сәл аздау болғанымен web-жасаушылар қазірдің өзінде ІТ-еңбек нарығында көп сұранысқа ие. Екінші орынға есептеу техникасы саласының сарапшы мамандары лайық болды. Олардың қызметіне деген сұраныс 21%-ға артады. Өйткені миллондаған адам компьютерді пайдаланып, бағдарламалар жасап жатқан кезде туындаған қиындықтарды түзететін маман ауадай қажет болады.

 Әрбір компьютерде көптеген мәліметтер сақталған. Оның ішінде жеке мәліметтер де, коммерциялық мәліметтер де бар. Кез-келген ақпараттың жоғалып кетуі – компания үшін, оның басшылығы мен қызметкерлері үшін үлкен қиындық. Компания коммерциялық құпияларынан, ішкі құжатнамалары мен клиенттер базасынан айырылады. Бұл жағдай олар үшін үлкен қаржылық қиындық тудырып, беделдеріне сызат түсіреді. Сондықтан осы ақпараттардың барлығын сақтап, оны қауіпсіз қорғай алатын мамандар күн өткен сайын керек бола береді. Болжам бойынша, қажеттілік 18%-ға артпақ.

Қорыта айтқанда ІТ бойынша жұмыссыздық мүлде жоқ. Оларға ішкі нарықта да, шетелде де сұраныс өте жоғары. Демек, жастар жаңаға ұмтылғаны абзал.

М.СЫРЛАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!