Фото: intergas.kz
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын насихаттайтын маңызды бастаманы қолға алмақ. Жоғары оқу орны еліміздегі жоғары білім беру ұйымдары арасында іске асырылып жатқан «3.2.1 Старт!» ұлттық экологиялық жобасына ресми түрде қосылады. Аталған жоба Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Бастама аясында университет аумағында пластик қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп, қайта өңдеуге бағытталған тұрақты инфрақұрылым қалыптасады. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылар арасында экологиялық мәдениетті нығайту, жасыл экономика қағидаттарын күнделікті өмір салтына айналдыру көзделіп отыр.
Жобаның мақсаты − жасыл экономика мен тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жолында жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету, университет деңгейінде пластикті сұрыптау мен қайта өңдеудің тұрақты тетігін қалыптастыру.
Басты міндеті − университет аумағында пластик қалдықтарын жинаудың тұрақты үлгісін енгізу және оны кезең-кезеңімен дамыту, әр факультетте экологиялық бағыттағы жауапты тәлімгерлерді тағайындау және волонтерлер тобын оқытып, жүйелі түрде жұмылдыру, студенттердің экологиялық әдеттерін қалыптастыру мақсатында тұрақты сенбіліктер, ақпараттық-тәрбиелік тренингтер ұйымдастыру.
Бұл бастама − экологияға жанашыр жастарды тәрбиелеу ғана емес, аймақтық деңгейде экологиялық жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!