Елімізде 2022 жылдың 2 наурызында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң қабылданған болатын. Заңның негізіне келер болсақ, жануарларға қатігездік танытқандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл биылғы көрсеткіш бойынша 18 460 теңгені құрайды. Ал заңды тұлғалар үшін 10 АЕК.

Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарды мертігуге әкеп соқтырғаны үшін 120 АЕК-ке дейін (443 040 теңге) айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамау көзделеді. Егер қатыгездік нәтижесінде жануар өлім құшса, онда мұндай әрекет 200 АЕК-ке дейін (738 400 теңге) айыппұл салуға, не түзеу жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырады. Тіпті 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынатын жаза қарастырылған.

Дегенмен заңға қарамастан жануарларға зәбір көрсетушілер саны азаймай тұр. Себебі жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінің қасиеті мен киесі жайлы ұғым адамзат санасында әлі күнге дейін қалыптаспаған. Заңға бағынудың заманы артта қалған шақта Жаратқанның пенде баласының жүрегіне ұялатқан аяныш сезімі мен мейірімділік жайлы айтудың өзі артық секілді.

Жануарлар құқығын қорғау ұйымдарының мәліметтері бойынша, жыл сайын 70 миллиардтан астам мал азық-түлік мақсатында сойылады. Ал бұл салада жануарларға ауыртпалық келтіретін әдістер жиі қолданылады екен. Ықылым заманнан етті азық етіп келе жатқан қазақ үшін бұл таң қаларлық дүние емес. Ал вегетариан мемлекеттер қатарында Индия көш бастап тұр. Екінші орынға Италия мемлекеті жайғасса, үздік үштікті Тайланд қорытындылайды. Аталған елдің барлығында дерлік вегетариан асханасы жоғары дамыған. Біздің көзқарасымыз бойынша оларды шөп-шаламмен ғана тамақтанады деу қате ұғым. Сүт өнімдері мен түрлі жеміс-жидектер, көкөністерден дайындалған тағам түрлері адам денсаулығы үшін қаншалықты пайдалы һәм ұзақ өмір сүрудің кепілі бола алатыны бес саусақтай белгілі.

ЗЕРТХАНАДА ЖАПА ШЕККЕН ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНУАРЛАР

Жануарларға жасалатын қастандықтарды нақты пайыздық мөлшермен анықтау өте қиын. Себебі әлем бойынша бұл көрсеткіштер әртүрлі және нақты мәліметтер жинау мүмкін емес. Дегенмен жануарларға жасалатын қастандық пен қатыгездіктерге қатысты зерттеулер мен статистикалар жануарлардың белгілі бір топтары үшін ғана ақпарат береді.

Жыл сайын шамамен 115 миллион жануар зертханаларда тәжірибе жасау мақсатында пайдаланылады. Олардың өміріне қауіп төндіретін немесе өлімге алып баратын тәжірибелер қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен әлем тұтынатын түрлі косметикалық өнімдерді сынақтан өткізу барысында жануардың бір емес бірнеше түрі жапа шегеді. Сондай-ақ өнім көзге түскен жағдайда қандай реакция беретінін анықтау үшін қояндарды пайдаланады. Қоянның көзі жасаурамайтыны себебінен тамызған зат ұзақ мерзімге сақталады. Тіпті оны аяқтарымен сүртіп тастамауы үшін мойнына пластиктен жасалған кедергі кигізіледі. Бұл зерханалық сынақтың ұзақтығы 14 күнге дейін жалғасады. Яғни сіз пайдаланып жүрген косметикалық өнім үшін қоянның екі апта бойы қандай күйде жәбірленетінін елестете беріңіз… Ал терідегі жараға әсерін тексеру үшін ит, мысық, қоян, тіпті теңіз шошқасы аталатын үй тышқанын да пайдаланады. Олардың терісінің белгілі бір аумағындағы түкті қырып тастап, терісін қолдан жарақаттайды. Әрі қарай сынама жасалатын өнімді жараға жағып, нәтижесін күтеді. Сондай-ақ өнімнің өкпеге әсерін байқау үшін де итті немесе мысықты әйнекпен қапталған қорапқа қамап, өнімнің улы түтінін не буын қорапқажіберіп бақылайды. Жүрегіңіз шыдай ма? Ал ішек жолдарына түскен өнімді сынау әрекеті жайлы айтпай-ақ түсінікті шығар…

ЖАНУАРЛАРҒА ЖАСАЛҒАН ЖАУЫЗДЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

АҚШ-тың статистикасына сәйкес, жануарларға қатысты қатыгездіктің 70%-дан астамы иттерге, 20%-ы мысықтарға жасалады екен. Ал біздің елде ессіздікті есепке алып жатқан кім бар?

Осыдан төрт жыл бұрын желіде тараған бейнеролик елдің есінде болар. Онда Атыраулық ер адам үй ауласындағы істен шыққан мұздатқыш есігіне иттің басын қысып, онымен қоймай үстіне бар салмағымен шығып жәбір көрсеткен. Пікірде жауған жұрттың қарғысы далаға кетпеді. Заң өкілдерінің назарына іліккен ол соңында өз жазасын өтеп тынды. Бұл ақпарат шетелдік желі қолданушылардың да наразылығын тудырды. Нәтижесінде қорлық көрген үй жануары шетелдік азаматтың қамқорлығына өтіп, шекара асып кетті.

2020 жылы франциялық актриса Брижит Бардо ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Хатта «Еліңіздегі қараусыз қалған жануарлардың жайын біліп шошынып, олардың тағдырына алаңдап әрі уайымдап хат жолдап отырмын» делінген. Сондай-ақ хатпен бірге елдегі ит аулаушылар өлтірген иттердің суреттері қоса салынған. Әлем таныған әртіс әрі жануарларды қорғаушы Атырау мен Орал қалаларында иттердің аяқтарын газбен жансыздандырып, тірідей өртегендерді айтып, ренішін білдірген. Әлем елдерінде бұлай жасағандарды «есінен ауысқан» немесе «психологиялық ауытқуы бар» деп танып, арнайы емдеу мекемесіне жатқызылады. Мемлекет басшысы бұл үндеуге назар аударып, арнайы мәлімдеме жасады. Ізінше Брижит Бардо өкілдері Қазақстанға келіп, елдегі жануарларды қорғаушылармен және шенеуніктермен кездесті.

– Біз мұнда үкіметтегілерге жануарларға жанашырлық танытудың қазіргі заманғы әдістері туралы айтуға келдік. Дүниежүзінде жануарларды өлтірмейді. Оларды зарарсыздандыратын екпе салып, құжат толтырып, есепке алғаннан кейін еркіне жібереді. Жануарлар адамға шабады дегенге айтарым, олар қорыққанда солай істейді. Егер ешқандай қауіп сезбесе, кісіге беталды шаппайды. Оған жан-жануарға гуманды әдістердің көптеген түрін қолданатын Түркияны, Кабулды және өзге де елдерді мысалға келтіруге болады, – деген еді Брижит қорының өкілі Олуа.

Желіде жан түршіктірер түрлі жайттарға куә болып келеміз. Мәселен 2020 жылы алматылық қос жасөспірім күшікті қапқа салып тірілей өртесе, қарағандылық ер адам марғауды баспалдақ жақтауына өлгенше ұрғылағанына шыдаммен қарау мүмкін емес. Ал 2022 жылы Маңғыстау қаласында бейнебақылауға түсіп қалған көрініс көптің наразылығын туғызды. Жүргіншілер жолының шетінде отырған мысықтың үстіне қос аяқтап секірген еңгезердей еркекті еріксіз қарғағандар көп. Адамдыққа жат істі жасап жатқанда аяқ адым алшақта отырған бір топ жанның қарсылық танытып қой демегені, әлгі қатыбезер жайына кеткен соң төрт аяғы тарбаңдап қиналып жатқан жануарға қол қусырып қарап отырғаны тіпті жаға ұстатты. Мұндай қатігездер үй жануарына ғана емес, жабайы аңдарға да зәбір көрсетуден тайынбайды. Дәл осы Маңғыстау облысының азаматтары қасқырды көлікпен қуалап жүріп, басып өлтіргені желіде желдей тарады. Ізінше шала-жансар күйдегі жануарды жабылып тоқпақтайды кеп. Өз істерін мақтана бейнетаспаға түсірген олар кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Каспий жағалауында жағаға шыққан итбалықты таспен, таяқпен ұрғылағандар да жадымыздан ұмытылған жоқ.

Бұл біз куә болған бірер ғана оқиға. Көзбен көрмеген, құлақпен естімеген қаншама қатігездіктің орын алып жатқаны Жаратқанға ғана мәлім…

КИІКТІҢ КИЕСІ

Әлемде түрлі жануарларға аңшылық пен браконьерлік арқылы қастандық жасалады. Мысалы, жыл сайын пілдердің 8-10%-ы сүйегіне бола заңсыз түрде ауланады. Бұл сирек кездесетін жануардың жойылу қаупін арттырып отыр. Қазақстанда да ақбөкеннің мүйізі үшін қынадай қырып салғандарға күні кешеге дейін куә болдық. 1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған. Ал 2005 жылы сирек кездесетін һәм құрып кету алдында тұрған жануарларды қорғау және киіктерді сақтау жөнінде алғашқы бағдарлама жасалды. Осынау шаралар нәтижесінде саны артып келе жатқан тұяқты жануарларды 2015 жылдан бастап заңсыз аулау көбейді. Осы жылы киіктерді атуға мораторий жарияланып, 2019 жылға дейін ақбөкен саны қайта қалпына келе бастады. Сондай-ақ енгізілген мораторийді 2023 жылға дейін ұзарту жайлы шешім қабылданды. Киелі жануардың саны артқаны сонша, әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанды мекендейді деген ақпарат тарай бастады.

Дегенмен тұяқты жануардың саны көбеюмен қатар, олардың елге әкелетін экономикалық шығыны да артқан. Әсіресе 2021 жылы төтенше жағдай жарияланған шақта шаруалар тысқа шыға алмай қалған еді. Осы кезеңде малға арналған жайылым жерлер мен халықтың күн көрісіне айналған егін аймақтарын отап кеткен оқиғаларға куә болдық. Еңбегі еш болған шаруалар шығынға батқанын алға тартып, киіктерді атуға рұқсат сұрай бастады. Министрлік тарапынан шешім қабылданып, белгіленген мерзім аралығында киікті екі түрлі әдіспен аулауға рұқсат етілді. Бірі торға қамап ұстап, қолға түскен киікті сойып, етін комбинатқа, мүйізін мемлекет меншігіне өткізеді. Екінші жолы оларды түнгі уақытта ату бекітілген. Эколог мамандардың мәліметінше, ақбөкен санының күрт артуына жыл сайын қасқыр аулау маусымының дәстүрге айналғаны себеп болған. Жыртқыш жануардың азайғаны экожүйені бұзып, табиғи тұрғыда өзін-өзі реттеуге мүмкіндік бермеген. Бүгінде елімізде киіктерді аулауға рұқсат жоқ. Дегенмен алдағы жылдары оның санын заңмен реттейді деген үміт бар.

ІШІК ЖАЙЫ ІШТІ КҮЙДІРЕДІ

Әлемде жылына шамамен 100 миллион жануар тері мен жүн өнеркәсібінде пайдаланылады екен. Иә, қыстық сырткиім ретінде аң терісінен жасалған құнды ішіктерге қызығушылар қатары азаймай тұр. Олар иығындағы осынау дүниенің дайындалу барысынан мүлдем хабарсыз ба дерсің… Әлемге әйгілі «Gucci» бренді 2018 жылдан бастап аң терісін пайдаланудан толықтай бас тартты. Сондай-ақ компания қорындағы пайдаланылмаған аң терісін аукционға қойып, түскен қаражатты жануарларды қорғау ұйымына аударған. Бәрекелді! Осы тәуекелінен кейін аталмыш брендті тұтынушылардың қатары артпаса, кемімеген болар.

Бірі білсе, бірі білмейтін жан түршіктірер мәліметтерге шолу жасайық. Бір ғана түлкі ішігін дайындау үшін 18 түлкінің өмірін қияды. Сәйкесінше бір жанат ішігін дайындау үшін 27 жанатты құрбан етеді. Ал бір ғана күзен ішігі үшін 55 күзеннің терісін пайдаланады екен. Шиншилла аталатын тышқан тұқымдасының 170-інің өмірін қиып, бір ғана ішікті әзірлейтінін білесіз бе? Ең сорақысы, тиін терісінен жасалатын ішіктер де бар көрінеді. Жұдырықтай жануардан жасалатын киім үшін 250 тиін құрбан болады екен. Иә, мұнша жануарды иығыңа ілу үшін қандай жүрек керек десеңші…

Дегенмен теріден жасалған сырт киімге сұраныс азаймай отыр. Сәйкесінше ұсынушы тарап та ұшан-теңіз пайда әкелетін кәсіптен қол үзбейтіні мәлім. Бұл жауыздық адамзат жаппай аң терісінен жасалатын өнімнен бас тартқанда ғана тоқтайтыны анық. Жер бетіндегі қандай да бір өзгеріс өзімізден басталатынын ескерсек қайтеді?

Жуырда ғана көршілес мемлекет Өзбекстаннан жеткен ақпарат еріксіз назарымызды аударды. Онда «2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстанда жабайы жануарларды цирк қойылымдарында пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енеді» деп мәлімдеген. Сондай-ақ жеке тұлғаларға тұтқында ұстауға тыйым салынатын жануарлардың тізімі бекітілді. Көршінің бұл бастамасы қос қолдап тұрып қолдайтын мәселе. Елімізде Шымкент қалалық циркі 2021 жылы сахнада жануарлармен өнер көрсетуден бас тартты. Дегенмен елдегі жануарларды қорғау мен олардың құқығын сақтау мәселесі ақсап тұрғаны алаңдатады. Әр өңірден бас көтерген еріктілер қозғалысын санамағанда, бұл іспен тұрақты айналысатын ұйым жоққа тән. Себебі жануарларды қорғау, жауапкершілікпен қарау жөнінде заң қабылданса да нақты қолға алған жандар үшін мемлекет тарапынан өз деңгейінде қолдау көрсетілмейді.

ЭКОСОФИЯ: МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАЖЕТТІ ПӘН

Экософия (экология және философия сөздерінен құралған) — адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүру жолдарына бағытталған философиялық ұғым. 1970 жылдары норвегиялық философ Арне Нэсстің зерттеулері нәтижесінде кеңінен танылған «Экософия» ғылымы адамның табиғатпен қарым-қатынасын, қоршаған ортаны қорғау мен оның тұрақтылығын сақтау қажеттілігін түсіндіреді. Оның басты мақсаты — табиғат пен адамның өзара тепе-теңдігін қалыптастыру. Экософия адамның табиғатқа тек тұтынушылық көзқараспен қарамауын, өзін оның ажырамас бөлігі ретінде сезінуді дәріптейді.

Жануарлардың киесі туралы қиссалар қазақ халқында ежелден бар және сол арқылы аңға құрметпен қарауға, табиғатты қорғауға тәрбиелеген. Халық арасында жануарларға қиянат жасау киелі нәрсеге зияныңды тигізгенмен тең саналған және мұндай әрекетке барған адам түрлі қиындықтарға душар болады деп сенген. Мұндай қиссалар мен аңыздар қазақ фольклорында көптеп кездеседі.

Белгілі шығыстанушы Санжар Керімбайдың «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының баспасынан шыққан «Ecosophy» атты еңбегі жер бетіндегі жәндіктен бастап аң мен құстың жаратылысы жайлы аңыз-әпсаналарды һәм әрбірінің киесі хақында қиссаларды баяндайды. Кітаптың алғашқы бетінде ақбөкеннің киесі жайлы ой қозғайды. Пайғамбар оның маңдайынан сипағанда мүйізіне мың бір дертке ем болатын қасиет қонып, алақаны беліне тигенде жануар буаз шағында елігінің жынысын қалауына сай өзгерте алатын қасиетке ие болғаны жайлы әңгімелейді. Яғни аталған кітаптың мазмұны дәл осы сарында жалғасады.

Діни философиялық ұғым мен салт-дәстүрді байланыстыра отырып өрілген аңыз, қиссалар адамзат баласы үшін керек-ақ. Тіпті мектеп бағдарламасына пән ретінде қосуға лайық дер едік. Себебі жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінің өзіндік қасиеті мен киесі жайлы ұғымды санасына сіңіріп өскен ұрпақ қоғамның жағасын ұстататын жауыздықтарға бармайтынына кәміл сенеміз.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!