Фото: gor-dezcentr.ru

Аймақта да жеміс-жидек дақылдарының аурулары мен зиянкестері көптеп кездеседі.Жаз айында жаңа піскен жеміс-жидекте дәрумен мол болатыны белгілі. Дегенмен жеміс-жидек дақылдары саңырауқұлақтар, бактериялар, вирустармен зақымданатынын айту қажет. Олар келтіретін зияндылықты төмендету үшін дақылдардың ғылыми негізделген өсіру технолгиясын сақтау қажет. Жемісжидек дақылдары ауруларының таралуына көбінесе зиянды жәндіктер әсер етеді. Ауруларымен күресу шараларын дұрыс жүргізу үшін, аурудың негізгі белгілерін анықтау қажет.

 Облыста жеміс ағаштарының зиянкестері мен ауруларына қарсы мониторинг жұмыстарын «РФД және БӘО» мемлекеттік мекемесі Қызылорда облыстық филиалының мамандары жүргізеді. Жеміс ағаштарының көп кездесетін ауруы алма, алмұрт таз қотыры. Аурудың саңырауқұлақ қоздырғышы жапырақтарды, жемістерді өркендерді зақымдайды. Алма ағашында – өңез көбінесе жапырақтардың үстіңгі бетінде, ал алмұртта – жапырақтардың астыңғы бетінде түзіледі. Зақымданған жапырақтар мезгілінен бұрын қурап, түсіп қалып, өркендердің өсуіне кері әсер етеді. Ағаш әлсірейді, аязға шыдамдылығымен басқа ауруларға төзімділігі төмендейді. Ауру ерте пайда болғанда алма, алмұрт жемісінде дақтар тұтасып ұсқынсыз болып кетеді. Күресу шаралары: түсіп қалған жапырақтарды, жемістерді жою, ағаш түбін қопсыту, таз қотыр белгілері байқалған кезден бастап Импакт 25% с.к. (0,1-0,5л/га), Байлетон 25% с.к. (0,15-0,2 л/га) басқа да тізімде рұқсат етілген фунгицидтермен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Жеміс ағаштары зиянкестерінің ішінде ең қауіптісі және көп тарағандары қара және сары өріктердің биті (тля) және жеміс жемір алманы зақымдайды. Мамыр айының екінші жартысынан бастап жеміс-жидектерді әсіресе алманы жеміс жемірі құртының зияны көп. Жеміс жемір құрты облысымыздың алма өсірумен айналысатын шаруашылықтарына және жеке қожалықтарға да өте үлкен зиян тигізуде.

Алма жеміс жемірі біздің облыс жағдайында оңтүстік аудандарда үш ұрпақ, орталық аудандарда толық екі ұрпақ береді.

Жеміс ағаштарының зиянкестерімен күресудің бірнеше жолы бар: агротехникалық шаралар кезінде жеміс ағаштарының арасын үнемі қопсытып отыру, арам шөптерден таза ұстау, мерзімінде суару және қоректендіру, санитарлық кесім тазарту сияқты күтім шараларын жүргізу.

Биологиялық және химиялық күресу жолдары, оның ішінде биологиялық тәсілдерді көбінесе үлкен жеміс бақтарында жәндіктермен қоректенетін құстарды пайдалану және басқада микроорганизмдерді қолдану. Химиялық жолмен күресуде БИ-58 40%(0,8-1,9л/га), Каратэ 050 (0,5-1л/ га) басқа да тізімде рұқсат етілген инсектицидтерді қолдануға болады. Жеміс ағаштары толық гүлдеп, түйнек салу кезеңінен бастап, улау жұмыстары белгілі методикалық тәсілдемелермен, арнаулы у шашқыш құралдармен осы салада жұмыс істейтін мамандардың қатысуымен жүргізіледі.

Улау жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік талаптары арқылы қатаң сақталуы тиіс. У шашқаннан кейін артынша жауын-шашын болса, улау жұмыстары қайта жүргізіледі. Қолданылған инсектицидтердің тұрақтылық қажетіне орай улаудың аралығы 10-15 күн шамасын құрайды. Сары және қара өріктерден көп тараған зиянкестердің қатарына ағаш биті (тля) жатады. Әдетте қара өрік пен сары өрікті зақымдайтын зиянкес биті басқа да бақшалық дақылдардың жапырақтарын зақымдайды. Сондықтанда бұл зиянкес битпен күресу шаруашылықтарға да, жеке қожалықтарға да қажет. Бұлармен күресу барысында жоғарыда айтылған улы химикаттарды толық пайдалануға болады. Қызылорда облысында жеміс-жидек ағаштары мен екпе талдардың зиянкестерімен химиялық күрес іс-шараларын РМК «Фитосанитария» облыстық филиалы жүргізеді. Осы аталған мекеме «Коффини», «АОВТ» арнаулы бүріккіш техникаларымен жабдықталған.

Қорыта келгенде, жеміс-жидек ағаштарында аурулардың болуы бағбандық мәдениетінің дәрежесіне жүргізілген агротехникалық шаралардың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан агротехникалық шаралар дер кезінде сапалы жүргізілсе зиянкес жәндіктер, түрлі өсімдік аурулары да соғұрлым аз болатындығы ғылымда да, бағбандық тәжірибелерде дәлелденген.

А.Е.ПАЛМАНОВА,

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті

Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау

жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!