Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі, қызығы мен қиындығы һәм мақсат-міндеті әртүрлі болады. Сондықтан таңдау жолында жаңылыспай, мамандықтың машақатына қарамастан майын ішіп, жілігін шаққан майталманға айналу үшін тырысқан жөн. Әсте еткен еңбектің өлшемі төккен тердің мөлшерінен байқалады. Ендеше өркениеттің жалына жармасатындай қабілет барда, ел дамуына үлес қосқанның ұтары көп. Еліміз пайдалы қазбаға бай. Ал сол байлықтың көзін табуда зерделі зерттеу жүргізетін қызметкерлер туралы да толғанбасқа болмас. Иә, сәуір айының алғашқы аптасы геологтардың кәсіби мерекесі. Айтулы күнде саланың жетістіктері мен мәселелері айшықталып, сала дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарға алғыс айтылады.
Жер қойнауындағы байлықты барлап, халық игілігі үшін инемен құдық қазғандай еңбек ететін мамандардың жүгі жеңіл емес. Жерінің қара тасына дейін аса қадірмен қарайтын геологтардың бұл ретте сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан еңбекпен жеткен алтын көмбенің көл-көсір байлығын есепсіз шашпай, ел мүддесі мен кәдесіне жаратуды ұйғарған ұтымдырақ. Бүгінде іске қосылған кен орындарының бәрі геологтардың қажырымен келген, күшімен ашылған. Тиісінше мұндай ілкімді істер ел іргесінің ілгері басуына жағдай жасары даусыз. Өйткені экономиканы тұралатпай, тұрақты дамуына сеп болып отырған – геология саласы.
Кен орындарынан алынған пайдалы қазбалар мен тау жыныстарына титімдей зақым келтірмей, салмақты сараптама мен талдау жүргізіп тапқырлық таныту табандылықты қажет етеді. Өзіне артылған жүктен жалтармай, миссиясын мінсіз орындауға тырысатын мамандардың арқасында ел дамуындағы мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатқанымыз жоқ. Сәйкесінше нәтиже де жаман емес. Мәселен,
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы 104 учаскеде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылдан бастап сирек жер өнеркәсібін дамытудың жол картасы аясында алтын, мыс, сирек жер металдарын 12 учаскеде барлау жалғасты. Сондай-ақ, резервтік кен орындарының шекарасын анықтау жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 661 мың шаршы шақырым жер қойнауын пайдалануға болатын аумақтар ашылған. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылар жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде қорлардың ұлғаюы: алтын – 45,7 тонна; мыс – 25 мың тонна; қорғасын – 51,2 мың тонна; мырыш – 215,8 мың тонна; мұнай – 14,9 млн тонна, газ – 6,8 млрд текше метрді құрады. Өткен жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 7 кен орны енгізілген.
Иә, қол мен ой қимылына басымдық беріп, жауапкершілігі мол салада жанкештілік танытып, қилы мамандықтың қиындығын еңсеріп, еңбек етіп жүрген геологтардың еңбегі еш кетпейтіні хақ. Өйткені олардың әр зерттеуі мен тынымсыз әрекеті мемлекет дамуын тежемеуге түрткі болып келеді.
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!