Қазақстанның экологиялық қауіп-қатер картасында шөлейттену мәселесі күрделі әрі өткір қатерлердің бірі ретінде алдыңғы қатарда тұр. Бүгінде елдің бірнеше өңірінде осы дағдарыстың салдары нақты сезіле бастады.

Мәселен, Қызылорда облысындағы суармалы жердің 40-80 пайызы батпақтанып кеткен. Арал теңізінің құрғауы, Сырдария суының азаюы, топырақтың тұздануы мен құнарсыздануы өңірдегі экожүйенің күрт әлсірегенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді.

– Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек, – деді Президент.

БҰҰ Даму бағдарламасының деректеріне сүйенсек, Қазақстан жерінің 66%-дан астамы тозған немесе шөлейттенуге ұшыраған. Бұл шамамен 180 миллион гектар. Қызылорда облысының өзінде жер қорының 85%-ы тұзданған, ал гумус мөлшері 1%-дан төмен. Бұл – топырақтың «өлі» күйге жеткенін білдіретін нақты белгі. Ал суармалы жердің тұздануы мен батпақтануы да ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей соққы болып отыр.

Аталған мәселе бойынша Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастыруымен жуырда «Шөлейттену – экологиялық дағдарысқа әкеледі» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті. Жиынға сала мамандары қатысып, түйткілді проблеманы жан-жақты саралады.

Расымен, алаңдауға себеп көп. Климаттың өзгеруі мен жауын-шашынның азаюы өңірдің құрғақшылыққа бет алғанын көрсетеді. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы Гүлшат Әзілханқызы дөңгелек үстелде айтып өтті.

– Вегетациялық кезеңдер қысқарып жатыр. Орташа температура жоғарылап, жауын мөлшері азайып келеді. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін өте қауіпті үрдіс, – деді ол.

Қызылордада шөлейттенуге қарсы шаралар қолға алынып жатыр. Арал табанындағы 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жобасы жүзеге асуда. Өткен жылдың көктемінде 65 мың гектар аумақ көгалдандырылып, 19,4 миллион түп сексеуіл отырғызылған. Бір түп сексеуіл 4 тоннаға дейін құмды ұстап тұра алады, ал бір гектар сексеуіл 1,16 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 0,84 тонна оттегі бөледі.

Мәселенің тек табиғатпен шектелмейтіні анық. Ауыл шаруашылығындағы тиімсіз тәжірибелер де жағдайды ушықтыра түсуде. Сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Кеңесбайқызы агротехнология саласындағы артта қалушылықты сынға алды.

– Климаттың өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің ауыл шаруашылығымыз да соған бейімделуі керек. Бұл үшін фермерлерге қолдау, техника, білім қажет. Әсіресе өңірге арналған нақты агроэкожүйелік шешімдер табу керек секілді.

Біз ескі инерциямен әлі күнге күрішке суды ашық әдіспен жіберіп отырмыз. Бұл – суды ысырап етіп қана қоймай, жерді сорлатады. Тамшылатып суару тек суды үнемдеу ғана емес, топырақ құрылымын сақтайтын маңызды технология, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, бұл технологияны енгізу арқылы су тұтынуын 40-50% азайтуға, ал өнімділікті 20-30% арттыруға болады.

Тамшылатып суару демекші, былтыр өңірде 3 189 гектар жерге тамшылатып суару енгізілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Осы жылы бұл көрсеткішті 9,2 мың гектарға, ал 2030 жылға қарай 34,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Дөңгелек үстелде халықаралық тәжірибе де сөз болды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Айбек Күншығарұлы Қытайдың шөлейттенуге қарсы күрес саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

– Қытайдың шөлді аймақтарды жасылдандырудағы тәжірибесі Арал теңізі аймағындағы сексеуіл отырғызу жұмыстарына жанама әсер етті. Қытай ғалымдары біздің егіп жатқан сексеуіл мен құмнан сынамалар алып зерттеу жүргізіп жатыр, – деді ол.

Ал жер ресурстары саласында да ахуал күрделі. Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Руслан Оразбекұлының айтуынша, өңірдегі топырақтың гумус мөлшері өте төмен.

– Қазіргі таңда өңірдегі суармалы жерлердің кемінде жартысынан көбі тиімді пайдаланылмайды. Себебі дренаж жүйелері істен шыққан, ал суару әдістері де жаңартуды қажет етеді. Егер осылай жалғаса берсе, тозған жерлерді толық қалпына келтіруге мүмкіндік болмай қалуы мүмкін.

Біздің мекеме деректер негізінде жердің сапалық картасын жасап, мемлекеттік органдар мен агроөнеркәсіп субъектілеріне ұсыныс береді. Бірақ бұл процестерге шаруалар да, әкімдіктер де белсенді араласуы керек. Жер – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ байлығы. Сондықтан жердің құнарын арттыруға барлық деңгейде жауапкершілікпен қарауымызкерек, – деді ол.

Халықаралық деңгейде шөлейттену мәселесі жер шарындағы 3,2 миллиард адамның өміріне тікелей әсер етіп отыр. Бұл жөнінде ЖСДП ҚОФ төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков ерекше атап өтті.

– БҰҰ деректеріне сәйкес, жер шарының 40%-ға жуық жері деградацияға ұшыраған. Жыл сайын 12 миллион гектар жер шөлге айналып жатыр, бұл минутына 23 гектар! 2045 жылға қарай 135 миллион адам жердің тозуы салдарынан басқа аймақтарға көшуге мәжбүр болады – бұл қазірден бастап мемлекеттер арасындағы экологиялық, әлеуметтік және демографиялық тұрақсыздықтың бастамасы болуы мүмкін, – деді ол.

Шешім қандай? Бұл тек орман отырғызу немесе топыраққа тыңайтқыш сеуіп қоюмен шектелмейтін күрделі кешенді процесс. FAO, UNCCD, IPCC сияқты халықаралық ұйымдардың ұсыныстары бойынша шөлейттенуге қарсы күрес әрі қарай ғылыми, жүйелі және қоғамдық деңгейде жүргізілуі керек. Экологиялық сана, су мен жерді ұқыпты пайдалану мәдениеті, тұрақты агротехнология – барлығы біртұтас ұстанымға айналуы тиіс.

Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!